Қазақстанда ауқымды операция: Asar Baspana қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары ұсталды

Қазақстан бойынша жүргізілген ауқымды операция нәтижесінде Asar Baspana қаржы пирамидасының заңсыз әрекеті тоқтатылды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады. Qazaq.today ақпаратына сүйенсек, операция 8-10 ақпан аралығында Бас прокуратураның үйлестіруімен елдің барлық аймағында өткен.

Asar Baspana ұйымдастырушылары өздерін тұтынушылар кооперативі ретінде таныстырып, салымшыларды жылжымайтын мүлік, көлік және тұрмыстық өнімдер (БАД, ас үй ыдыстары, косметика және басқа тауарлар) сатып алуға инвестиция салуға шақырған. Олар салымшыларға ай сайын 30%-ға дейін табыс уәде еткен. Алайда, бұл әрекет заңсыз қаржы пирамидасы ретінде анықталды.
Операция нәтижелері

Тінту барысында компания кеңселері мен күдіктілердің тұрғылықты жерлерінен 1,2 миллиард теңгеден астам қолма-қол ақша және премиум санаттағы 13 автокөлік тәркіленді. Қаржы пирамидасының екі ұйымдастырушысы қамауға алынып, сот шешімімен 2 ай мерзімге қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, қосымша ақпарат жария етілмейді.

Еске салсақ…
Бұған дейін АФМ Астанада LIVEGOOD қаржы пирамидасынан түскен қаражатты жылыстату схемасын әшкерелеген болатын. Тергеу мәліметтері бойынша, 2023-2025 жылдар аралығында күдікті БАД сатуға негізделген желілік маркетинг түрінде жасырылған пирамиданың құрылымдық бөлімшесін басқарған.