Ұлттық статистика бюросы 2025 жылдың 1 сәуіріне дейінгі Қазақстан халқының саны туралы мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Статистика бюросының ақпаратына сәйкес, 1 сәуірдегі жағдай бойынша елде 20 333 530 адам тұрады. Алматы (2 305 765 адам) мен Түркістан облысында (2 154 308 адам) шамамен 4,5 миллион қазақстандық өмір сүреді. Алматы облысында (1 568 757 адам) және Астанада (1 551 213 адам) 1,5 миллионнан астам халық бар. Астана халық өсімі бойынша республикада алдыңғы орында тұр – 1,47 пайыз.
1 миллионнан астам адам Шымкентте (1 264 492 адам), Жамбыл (1 221 100 адам) және Қарағанды (1 133 436 адам) облыстарында тұрады. Қазақстан халқының 12 833 140-ы қалаларда, ал 7 500 390-ы ауылдық жерлерде өмір сүреді.