Қазақстан футбол құрамасы 11 жылдан кейін жеңіске жетті (видео)

Қазақстан футбол құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу аясында Лихтенштейн құрамасын жеңді, деп хабарлайды Qazaq.today.

Матч Лихтенштейннің Вадуц қаласындағы «Райнпарк» стадионында өтті. Ұлттық құрама жаттықтырушысының міндетін атқарушы Әли Әлиев команда құрамына бірнеше өзгеріс енгізді. 16 жастағы жас талант Дастан Сатпаев негізгі құрамда алғаш рет алаңға шықты.

Қазақстан құрамасының негізгі құрамы: Мұхамеджан Сейсен (қақпашы), Ян Вороговский, Марат Быстров, Нұралы Әліп (капитан), Александр Марочкин, Сұлтанбек Астанов, Георгий Жуков, Рамазан Оразов, Максим Самородов, Ислам Чесноков, Дастан Сатпаев.

Матчтың бірінші кезеңі тартысқа толы болды. 19-минутта Рамазан Оразов ескерту алды. Бірінші таймның соңғы бес минутында қазақстандықтар екі гол соқты. 42-минутта Максим Самородов есепті ашса, 45-минутта Александр Марочкин есепті еселеді.

Бірінші тайм қорытындысы – 0:2 Қазақстанның пайдасында.

Екінші таймда да Қазақстан құрамасы басымдықты ұстады. 64-минутта Ғалымжан Кенжебек пен Асхат Тағыберген алаңға шықты. Кейінгі минуттарда Айбар Жақсылықов, Наурызбек Жағоров және Эльхан Астанов ойынға қосылды.

Матчтың қорытынды есебі – 0:2, Қазақстан жеңіске жетті.

Айта кетейік, Қазақстан футбол құрамасы соңғы рет әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде 2013 жылдың 6 қыркүйегінде Фарер аралдарын жеңген еді. Содан бері құрама 22 матч бойы жеңіссіз болған.

Бұған дейінгі 2026 жылғы ӘЧ іріктеуінде Қазақстан құрамасы Уэльске 1:3 есебімен есе жіберген болатын.

Еске сала кетсек, Қазақстанның U-17 жасөспірімдер құрамасы да 2024/25 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеуде екінші жеңісін тіркеді.