«Аз емес ақша»: Ангелина Лукас азаматтық ауыстырудың бағасын айтты

Қазақстандық боксшы Ангелина Лукас өзіне басқа елдің азаматтығын алып, Олимпиада ойындарына өзге мемлекет атынан шығуға ұсыныс жасалғаны туралы айтты.

IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы, 28 жастағы спортшының айтуынша, Қазақстан азаматтығынан бас тарту туралы ұсыныстар оған 2021 жылғы Олимпиада ойындарының алдында түскен. Ангелина Лукас қаржылай тиімді ұсыныстарға қарамастан, бұл ұсыныстардан бас тартқан.

«2021 жылы Токио Олимпиадасының алдында маған екі үлкен келісімшарт (екі елден) ұсынылды. Азаматтықты ауыстырып, сол елдердің атынан Олимпиадада шығу керек еді. Ұсынылған ақша аз емес, миллиондаған долларлық келісімшарттар еді. Көріп отырғандарыңыздай, мен Отанымды ешқашан сатпадым, сатпаймын да», – деді Ангелина Лукас әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, Ангелина Лукас бокстан Қазақстан құрамасының сапында Олимпиада ойындарында өнер көрсеткен жоқ. Былтыр оған Париждегі Олимпиадаға іріктеу турниріне қатысу ұсынылды, алайда боксшы кәсіби жекпе-жектерінің тығыз кестесіне байланысты бұл ұсыныстан бас тартқан.

Қазір Ангелина Лукас Египетте жүр және әлем чемпионы атағын қорғауға дайындық жүргізуде. Чемпиондық жекпе-жек 1 маусымда Таразда өтеді.

2024 жылы боксшы Владислава Кухта ресми түрде Қазақстан азаматтығынан бас тартып, Венгрия құрамасында өнер көрсете бастады.

Бұған дейін кәсіби боксқа ауысатынын Алжирден шыққан атышулы боксшы Иман Хелиф те хабарлаған болатын.

Әйелдер арасындағы Қазақстанның бокс құрамасы Әзербайжанның Баку қаласында өткен «Жібек жолы» турнирінде тоғыз медаль жеңіп алды.