Автобус көпірден құлап, 50-ден астам жолаушы мерт болды

Фото: Reuters

Гватемалада автобустың көпірден құлап, сайға түсуі салдарынан қаза тапқандар саны 51 адамға жетті, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық порталы.

Құтқарушылардың мәліметі бойынша, судан 36 ер адам мен 15 әйелдің денесі шығарылған. Автобус апатқа ұшыраған кезде ішінде 75 жолаушы болған. Оқиға елдің солтүстігіндегі Гватемала қаласының кіреберісінде, Пуэнте Белис көпірінің маңында болды.

Құтқару қызметі әлеуметтік желілерде жариялаған суреттерде автобустың жартылай суға батып тұрғаны байқалады. Қазіргі уақытта іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда, өйткені бірнеше жолаушы әлі де көліктің ішінде қалып қойған болуы мүмкін.

Гватемала президенті Бернардо Аревало қайғылы жағдайға байланысты елде үш күндік ұлттық аза тұту күнін жариялады. Оқиға орнына әскерилер мен апат салдарын жою жөніндегі агенттік қызметкерлері көмек көрсету үшін жіберілді.

Гватемала қаласының мэрі Рикардо Киньонес зардап шеккен аймаққа шұғыл қызмет өкілдері жіберілгенін хабарлады. Сонымен қатар, жол полициясы апат болған ауданда балама бағыттарды ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде.

Гватемала муниципалдық өрт сөндіру қызметінің өкілі Майнор Руано жағдайды түсіндірді.

«Қазіргі уақытта автобустан 31 адамның денесі шығарылды. Біз көлікте қалып қойғандарды құтқаруға тырысып жатырмыз», – деді ол.