ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Данияр Қасқарауов сайлаушылармен кездесіп, ауылда қордаланған проблемаларды шешудің жолын айтты. Ол осы уақытқа дейін Алматы облысындағы төрт ауданның тұрғындарымен кездесіп, сайлаушылардың пікірін тыңдады, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі.
Кандидат өзінің сайлауалды бағдарламаларымен де халықты таныстырды. Қасқарауов ауылдық жерлердегі көптеген мәселелерді шешу үшін сайлауалды бағдарламасын алты топқа бөліп көрсеткен. Ол ауылдағы ағайынның әл-ауқатын жақсартып, балалардың білім алуына, спортпен айналысып, мәдени ошақтарды көбейтуге ат салысам деп отыр. Кандидат Іленің бойындағы Бақанастың бұқарасымен кездесіп, тұрғындардың өтінішін, талап пен тілектерін де тыңдады.
«Күш әділеттілікте» деп білемін. Осы өмірлік ұстанымды сайлауалды бағдарламамның басты тақырыбына айналдырып, ту еттім. Себебі әділеттілік бар жерде татулық пен тұрақтылық, даму мен өркендеу, баянды болашақ бар. Дәл қазір жас отбасыларға, ауылға, әлеуметтік салаға деген көзқарас пен оған бөлінетін қаржы көлемі мен қолдау әділетті емес. Сондықтан мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат ретінде төмендегі мәселелерді көтеріп, №12 округі бойынша жеңіске жетсем, мемлекеттік деңгейде келесі мәселелердің шешілуі үшін бар күшімді жұмсаймын», — деді кандидат Данияр Қасқарауов.
Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталғалы Қасқарауов Қарасай батыр, Жамбыл, Іле, Балқаш аудандарының тұрғындарымен кездесу өткізді. Қазірге дейін жеке өзі 280 кездесу өткізіп, 71 мың халықты қамтыды. Кандидаттың сенімді өкілдері 140 мыңнан астам тұрғынмен кездескен.
- Жас жанұяға жайлы жағдай жасау.
- Ел тілегін орындап, ауылды гүлдендіру.
- Өскелең ұрпаққа сапалы білім беруді қамтамасыз ету.
- Озық медицинаны әр азаматқа қолжетімді ету.
- Спортты өмір салты ретінде дамыту.
- “Мәдениеті жоғары мемлекет мәңгі жасайды” деген ұстаныммен тың жобаларды жүзеге асыру.
1. Жас жанұяға жайлы жағдай жасау.
Жанұя – қоғамның негізі. Өкінішке орай жас жанұяларға деген қолдау мен көмек көңіл толтыра қоймайды. Осыған байланысты жастардың арасында отбасы құрған алғашқы жылы ажырасу фактілері жиі орын алуда.
Жастар шаңырақ құрған соң оларға алғашқы отбасылық капитал ретінде арнайы төлемдер жасалуы қажет.
Жас жанұяларға үй алу үшін «0-5-20» тәртібі бойынша жеңілдетілген несие берілу керек.
Жаңадан отбасын құрған жастарға өз кәсібін ашу немесе дамыту үшін жылдық мөлшерлемесі 2-3% көлемінде жеңілдетілген несие беру қажет.
2. Ел тілегін орындап, ауылды гүлдендіру.
Ауылдың дамуы – ел дамуының маңызды факторы. Алматы облысы халқының 85%-ға жуығы ауылды жерлерде тұрады. Сондықтан ауылшаруашылығын дамыту күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі.
Бүгінгі таңда өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласында жайылым жер тапшылығы (шамамен 1,4 млн. га), сумен қамтамасыз ету нысандарының тозуы (60-70%), арзан және ұзақ мерзімді несиелендіру жүйесінің қарқынды дамымауы (жылдық мөлшерлемесі 4-5% деңгейінде, 10-15 жылға), ескі техника үлесінің көп болуы сынды қордаланған мәселе бар. Бұларды шешу елімізде, әсіресе Алматы облысында ауылшаруашылығының өркендеуіне себеп болары анық.
Сонымен қатар алдағы жылдары облысымызда бірқатар жобалардың жүзеге асырылуына өз үлесімді қосамын. Атап айтқанда:
– мақсатқа сай пайдаланылмайтын жерлерді қайтару, айналымға қосымша 4,5 мың га жаңа жер енгізу және 26,5 мың. га суармалы жерді қалпына келтіру;
– ауыл шаруашылығы өнімдерін (ет, сүт, балық, құс еті, жұмыртқа) өндіру және өңдеу жөніндегі жобалар(Балқаш ауданында — 3, Жамбыл ауданында – 2, Іле ауданында – 2, Қарасай ауданында-5);
– суғару жүйелерін жөндеу (Іле ауданының «Свинсовхозный», «Самбет» арналары, » Самсин а/о «Бурған қазыналық» және «Кемер бастоған» арналары, «Кемер»каналы Жамбыл ауданының Ұзынағаш, Жамбыл а/о, Жамбыл ауданының «Унгиртас», «Киров» өзендеріндегі 11 суару жүйесі);
– фермерлерге лизингке ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға қолдау көрсету;
– жоғары сапалы тұқым және минералды тыңайтқыштарды сатып алуды субсидиялау;
– өзімізде өсетін өнімдерді импорттау деңгейін азайту.
3. Өскелең ұрпаққа сапалы білім беруді қамтамасыз ету.
Әділеттілікті дәріптеу – балалық шақтан басталады. Бүгінгі таңда балаларымызға тәрбие-білім беру әділетті жүріп жатыр деп айту қиын. Себебі бір балалар жақсы, заманауи жабдықталған мектепте оқып жатса, екіншілері үш ауысыммен, ескі мектеп ғимараттарында оқуға мәжбүр (облысымызда шамамен 7 мыңдай орын тапшы). Бір балалар балабақшаға барып, мектепке дайындықтарын шыңдап жатса, бір балалар балабақшаларда орын жоқтығына байланысты үйде отыруға мәжбүр (шамамен 10 мыңға жуық бала). Сондықтан мен білім беру саласында келесі мәселелердің шешілуіне атсалысамын:
– үш ауысымды мектептер санын азайту;
– мемлекеттік бюджет есебінен және жеке инвесторларды тарта отырып, жаңа балабақшалар ашу;
– жыл сайын тозған білім беру нысандарын күрделі жөндеуден өткізіп отыру;
– мектептердегі заманауи оқу кабинеттерінің санын көбейту (әр жылда орта есеппен 100 кабинеттей);
– тұрмыстық жағдайы қиын отбасылардан шыққан балаларды мектепке дейінгі ұйымдарда тегін тамақтануын ұйымдастыру;
– колледждердің оқушылары үшін жатақханалар санын арттыру.
(Ақпарат ретінде: Іле, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Талғар аудандарында және Қонаев қаласында үш ауысымды оқытуды жою үшін 68,2 мың орындық 63 жаңа мектептің сапалы және уақтылы құрылысына қол жеткізетін боламыз;
– Еңбекшіқазақ ауданы Төле би ауылында, Қарасай ауданы Бұлақты және Долан ауылында бейімделген мектептердің орнына 2,8 мың орындық 3 жаңа мектеп салуды қамтамасыз етеміз;
– 39 білім беру объектісінде сапалы күрделі жөндеу жүргізуге қол жеткізетін боламыз;
– балабақшалардағы кезектілік мәселесін шешу мақсатында 270-тен астам мектепке дейінгі ұйымдардың ашылуына қол жеткізетін боламыз;
– бюджетте әлеуметтік осал отбасылардан шыққан мектеп жасына дейінгі балаларды білім беру ұйымдарында тегін тамақпен қамтамасыз етуге қаражат қарастырайық;
– білім беру ұйымдарын (мектептер, колледждер, мектепке дейінгі ұйымдар) қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тиісті жабдықтармен жарақтандыруға қол жеткіземіз;
– жастарды сұранысқа ие мамандықтар бойынша колледждерде тегін оқытумен 100% қамтуды қамтамасыз етеміз (9 сынып түлектері);
– жатақханаларда 712 жаңа орын енгізу үшін облыстық бюджетте қаржы қаражатын қарастырайық).
4. Озық медицинаны әр азаматқа қолжетімді ету.
Әділеттілікті талап ететін тағы бір сала – денсаулық сақтау саласы. Өкінішке орай бүгінгі таңда қала мен ауылда медициналық қызмет көрсетудің деңгейі бірдей емес. Ауылды жерде медицина нысандары, құрал-жабдықтар, мамандар жетіспейді. Қолданыстағы ғимараттардың біразы жалға алынған, медициналық көмек көрсетуге бейімделмеген. Коммуналдық бағыныштағы ғимарттардың біразы ескірген, жөндеуді қажет етеді.
Сондықтан ең алдымен облыс бойынша 40-қа жуық денсаулық сақтау нысандарын салу жұмысын үйлестіруге қатысамын (оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория, 12 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 медициналық пункт. Балқаш ауданында – 4 нысан, Жамбыл ауданында – 16, Іле ауданында – 5, Қарасай ауданында – 1).
Сонымен қатар келесі бағыттар бойынша жұмыстың басы-қасында болу маңызды:
– Іле ауданының Боралдай ауылында, Қарасай ауданының Қаскелең қаласында, денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізуге бюджеттен қаражат қарастыру;
– денсаулық сақтау ұйымдарындағы кадр тапшылығы мәселесін шешу: бұл ретте мамандарға тиісті жағдай жасау (үймен қамтамасыз ету, көтерме қаржы төлеу);
– денсаулық сақтау нысандарын заманауи құрылғылармен қамтамасыз ету.
- Спортты өмір салты ретінде дамыту.
Қазір қаладағы барлық аулада ойын алаңдары, воркаут пен дене шынықтыруға арналған тренажерлар, футбол, баскетбол алаңдары бар. Қаланың балалары жаттығу жасап, тәнін сауықтыра алады. Ал, ауыл балалары шаң-топырақ пен жол жиегінде доп теуіп жүр. Бұл әділетсіздік. Сондықтан әрбір ауылда спорттық жаттығулар жасайтын алаңқайлар, футбол, баскетбол алаңдарын салу керек. Сондай-ақ әр ауылда бокс, жекпе-жек, күрес секциялары ашылып, балаларды жастайынан салауатты өмір салтына баулуды көздейміз. Чемпиондар ауылдан шығады деген сөзді іс жүзінде көргіміз келеді.
6.“Мәдениеті жоғары мемлекет мәңгі жасайды” деген ұстаныммен тың жобаларды жүзеге асыру.
Мәдениет – ұлттың дамуының маңызды факторы. Бүгінгі таңда өңірімізде жағдайы сын көтермейтін мәдениет нысандары баршылық. Ал кейбір елді-мекендерде мәдениет үйлері мүлде жоқ. Сондықтан алдағы уақытта келесі мәселелерді шешу қажет:
– Қарасай ауданының Жібек жолы, Жандосов, Айтей ауылдарында, Іле ауданының Боралдай, Жетіген, М. Түймебаев, Өтеген батыр, ҚазЦИК, Мұхаметжан Түймебаева, Байсерке ауылдарында, Жамбыл ауданының Шиен және Дегерес ауылдарында мәдениет нысандарын салу;
– Қарасай ауданының Жамбыл ауылдық округіне 100 орындық клуб салу мәселесін шешу;
– Қарасай ауданының Береке ауылындағы, Балқаш ауданының Жиделі және Балатопар ауылдарындағы мәдениет ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу;
Құрметті сайлаушылар!
Алдағы сайлауда маған дауыс беріп, еліміздің Парламентінің Мәжілісі депутаты болып сайлануына ықпал етсеңіздер, әр салада әділеттілік орнатуға бар күш-жігерімді саламын. Бұл менің азаматтық ұстанымым. Себебі әділетті қоғам – қуатты қоғам, жасампаз қоғам!
Әділетті де дамыған қоғамды бірге құрайық!
Материал құны кадидат Д.Қасқарауовтың сайлауалды жеке қорынан төленді