Атырауда спорт кешенінің бассейнінде батып кеткен қыздың өліміне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы.
Атырау қаласының №2 соты анықтағандай, «Мұнайшы» спорт кешенінің құтқарушысы өзіне жүктелген қауіпсіздік міндеттерін сақтамай, 10 жасар қыз баланы ересектерге арналған жүзу бассейні залына өткізген. Онда бассейннің тереңдігі 5,5 метр болған. Қыз бала жүзе алмағандықтан, бассейнге батып кеткен.
Құтқарушы дер кезінде назар аудармай, шұғыл түрде көмек көрсету бойынша қауіпсіздік талаптарын сақтамаған, бұл абайсызда жасөспірімнің өлiмiне әкеп соққан, деп хабарлады сот.
«Сотталушы Қылмыстық Кодекстің 306-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық Кодекстің 63-бабын қолданумен жаза шартты түрде тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», – делінген хабарламада.