Атырауда немересімен бірге серуендеп жүрген ақсақал Жайық өзеніне баиып кетті. Оқыс оқиға 4 желтоқсан күні кешкі уақытта болған, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі облыстық ТЖД-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне жексенбі, 4 желтоқсан күні сағат 20:49-да Атырау қаласының Жұмыскер ауылы тұсында Жайық өзенінде ер адамның мұз ойылып, суға батып кеткені жөнінде шақырту түскен.
Сағат 21:10-да Жедел-құтқару жасағының сүңгуірлерінің күшімен 72 жастағы ер адамның денесі судан шығарылды.
Ол мұз үстімен серуендеп жүрген кезде мұз ойылып, суға батып кеткен. Сонымен қатар, куәгерлердің күшімен оның он жастағы немересі құтқарылып, балалар облыстық ауруханасына жеткізілді.
Дәрігерлердің тексеруінен кейін бала үйіне жіберілді. Су асты іздестіру жұмыстарына Атырау облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының 3 сүңгуірі мен 1 техникасы жұмылдырылған.
«Жайық өзенінің жағасындағы мұздың қалыңдығы небәрі 3-4 см құрайды, ортасында мұз әлі қатып үлгерген жоқ. Сақ болыңыздар! Өз өмірлеріңізге қауіп төндірмеңіздер!», — делінген хабарламада.
Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды жұқа мұз үстіне шықпауға шақырды.