Атырау қаласында 59 жастағы әйелді көлік қағып кетті. Жаяу жүргінші оқиға орнында мерт болды, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растаған ақпаратқа сүйенсек, жол-көлік оқиғасы бүгін, 6 желтоқсанда болған.
«Бүгін таңғы сағат 07:00 шамасында Атырау қаласының «Сарықамыс» шағын ауданындағы Тұран көшесінің бойында Toyota Camry автокөлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жол-көлік оқиғасының салдарынан 59 жастағы әйел оқиға орнында қаза тапты», — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, әйел жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өтіп бара жатқан. Оны қаққан жүргізуші баяу жылдамдықпен келе жатқанын мәлімдеген. Қазі аталған жол-көлік оқиғасына байланысты тиісті іс-құжаттар жинақталып жатыр.
«Жүргізушілерге ауа райының қолайсыздығына, жолдың тайғақ болуына байланысты сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертеміз. Тәуліктің барлық мезгілінде, әсіресе, таңғы және кешкі уақытта сақ болған жөн», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.