Атырауда 5 жасар бала басын орындықтың арқалығына қыстырып алған. Оған жергілікті құтқарушылар көмекке келді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, оқиға Атырау қаласында болған.
«2019 жылы туған бала ойнап жүріп, басын орындықтың арқалығына қыстырып алған. Кейін қайта шығара алмаған. Ата-анасының әрекеті де нәтиже бермеген. Бұған алаңдаған ата-ана 112 қызметіне жүгініп, құтқарушылардан көмек сұрады», — деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Жергілікті құтқарушылар баланың қыстырылып қалған басын босату үшін «Holmatro» құралын қолданған.
«Төтенше жағдайлар қызметкерлері ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Балалар соңы өкінішке ұрындырар оқыс оқиғадан қорғаған жөн», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Фото: Атырау облыстық ТЖД