Атырау облысының Құлсары қаласында бүгін сағат 18:45 шамасында газ-ауа қоспасы жарылды.
Құлсарыдағы “Ниет” жанар-жағармай құю бекетіндегі өрттен зардап шеккен 14 адам шұғыл түрде Жылыой аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді. Қазір олардың өміріне қауіп жоқ.
Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
«Жанармай бекетінде болған жарылысқа қатысты аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғап, кешенді тергеу амалдарын бастады. Полиция қызметкерлері дереу жетіп, қауіпті аумақты қоршауға алып, жедел қызметтердің жұмысын үйлестіруге кірісті», — делінген Атырау облысының Полиция департаменті хабарламасында.
Автокөліктердің қозғалысы бақылауға алынып, кезекшілік ұйымдастырылды. Жедел жағдай бақылауға алынды.