Атырау облысы прокуратурасының ұсынысы негізінде «Атырау» футбол клубы қайта мемлекет меншігіне қайтарылды, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына сілтеме жасап.
Басқарманың хабарлауынша, шешім басқару бойынша тиімділікті арттыруға, қаржылық ашықтыққа және аймақтың спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
2018 жылғы ақпан айынан бастап клуб «Атырау» кәсіпқой спорт клубы» қоғамдық қорының сенімгерлік басқаруында болды. Алайда кейінгі жылдары оның қызметінде бірқатар жүйелі проблема болды: басшылық құрамы жиі ауысты, спорттық нәтижелер тұрақсыз болды, бюджет ашық емес және сенімді есеп те болмаған.
Енді мемлекет басқаруымен клубты кезең-кезеңімен реформалау жоспарланып отыр.
Ведомство негізгі бағыттар: басқару тұрақтылығын қамтамасыз ету, ашықтықты арттыру, жасөспірімдер футболын қолдау және ұзақ мерзімді даму стратегиясын қалыптастыру болатынын атап өтті.