Көптің ықыласына бөленіп, асыл дініміздің қадір-қасиетін қарапайым тілмен айтып жүрген, Астанадағы Ырыскелді қажы атындағы мешіттің бас имамы Нұрлан Байжігітұлы бала кезінде өте бұзық бала болған екен. «Khabar» арнасындағы «Алғашқы» жобасы Нұрлан Байжігітұлының балалық шақтағы достарынан, жақын әпкелері мен анасынан сұхбат алған, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Олардың айтуынша, қазір көпшілікке Нұрлан имам ретінде танылған Нұрлан Байжігітұлы бала кезінде бұзық, бірақ өте алғыр бала болған екен. Мектептегі досының бірі «Нұрлан 3-сыныпта 4-5 тілде сөйлейтін» десе, енді бірі «мектепке ешқашан кітап апармайтын. Сөмкесіне алма мен алмұрт толтырып алатын» деп көрермендерді күлкіге қарық қылды.
Ал, әпкесі Роза Қасымәлиеваның айтуынша, бала кезде әке-шешесі Нұрлан екеуін қой жаюға жібереді екен және үй шаруасына көмек болсын деп сыпырғыш жинатқан екен.
«Қой жайғызып қана қоймай, бір-бір мөшек шырмауық пен шөптен сыпырғыш тергізетін. Бірақ, екеуміз ойнап-ойнап келеміз. Сыпырғы да жайында қалады, шырмауық та жайында қалады. Әрине, таяқтың бір ұшы Нұрланға, бір ұшы маған тиетін», — дейді ол.
Ал, Нұрлан Байжігітұлының нағашы әпкесі Гүлнәр Қасымәлиеваның айтуынша, бұзық болғаны соншалық, Нұрлан имам бала кезінде үйінің жанындағы шөпке сіріңке тастап, өртеп жіберіпті.
«Келсем, үйде ешкім жоқ. Кірсем, шөп өртеніп жатыр. Сөйтсем, Нұрлан шөпке сіріңке қойып жіберген екен. Ойбайлаған мамасы киімін шеше сала, насоспен су тартып, өртті сөндіре бастады. Сөйтіп, үшеуміз өртті әрең сөндірдік, үшеуміз болғанда, Нұрлан қашып кеткен ғой. Анасы екеуміз өртті әрең тоқтатқан едік», — дейді ол.
Ал анасы Нұрлан Байжігітұлы үй шаруасына келгенде өте пысық болғанын және қыз бала сияқты ыдыс-аяқ жуып, үй тазалайтынын айтып отыр. Тағы бір досының айтуынша, Нұрлан Байжігітұлы сыныпта тыныш отыра алмайтын бала болған, бірақ, сабақ айтқанда, алдына жан салмаған көрінеді.
«Шынымен де өте бұзық болатын. Мектепте бәрін бүлдіретін. Бірақ, мұғалім тақтаға шығарып, сабақ сұрағанда тоқтамай жауап беретін. Мұғалім «болды, 5» деп әрең тоқтататын және «тыныш отырсаң болды» дейтін», — дейді бала кезіндегі досы.
Посмотреть эту публикацию в Instagram