«Ата-аналар мен мектеп әкімшілігі бірдей жауапты болуға тиіс»: министр мектеп бітіру кешіне ақша жинауға қатысты ойын айтты

Мектеп бітіру кешіне қомақты қаражат жинау қаншалықты орынды? Бұл сұраққа Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жауап берді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

«Жуырда бір оқушының ата-анасы мектеп бітіру кешіне 200 мың теңге жинап жатқанын айтты. Бұл жағдай заңмен реттелген бе? Сонымен қатар, өзге де мерекелерде ақша жиналатыны байқалады. Сіздің көзқарасыңыз қандай?» – Үкіметтің баспасөз мәслихатында журналистердің бірі министрге осындай сұрақ қойды.

Министр бұл мәселенің заң жүзінде реттелгенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда мұндай жағдайлар бақылауға алынған.

«Мұндай бастамалардың көбісі ата-аналардың өз еркімен жүзеге асады. Сондықтан барлық жауапкершілікті мектеп әкімшілігіне артып қою дұрыс емес. Әдетте, мектеп басшылығы мұндай жиындарға тікелей араласа алмайды. Сол себепті ата-аналардың өздері де артық шығындарға жол бермеу керек екенін түсінуі қажет. Дегенмен мектептерге де бұл жөнінде ескерту берілді. Кейбір өңірлерде әлі де болса ақша жинау фактілері тіркеліп жатыр. Сондықтан бұл мәселеде ата-аналар мен мектеп әкімшілігі бірдей жауапты болуға тиіс», – деді Ғани Бейсембаев.