Асу Алмабаев рейтингте үздік ондықта тұрған спортшымен жекпе-жекке шығады

Фото:Instagram.com/bigmarcel24/

UFC-дің ең үздік 15 спортшысының қатарына кірген Асу Алмабаевтың келесі жекпе-жегінің уақыты белгілі болды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Stan.kz жазуынша, UFC тұжырымында қатарынан үш жекпе-жекте жеңіп келе жатқан Асу Алмабаев төртіншке кездесуінде рейтингте үздік ондықта тұрған спортшымен жекпе-жекке шығады. Аса жеңіл салмақта жұдырықтасатын отандасымыз келесі жекпе-жегін 19 қазанда Лас-Вегаста UFC Fight Night турнирінде өткізеді. Алмабаев рейтингте 8-орында тұрған бразилиялық Матеус Николаумен (19-4-1) жекпе-жекке шығады. Николау UFC-де 10 жекпе-жек өткізіп, соның жетеуінде жеңіске жетсе, 3 рет ұтылып қалған. Айтпақшы, қос спортшы да UFC рейтингінде 7-орында тұрған Мухамад Мокаевтың лигадан кетуін байланысты жоғарылаған. Асу 14-орынға көтерілсе, Матеус 8-орынға жайғасқан.

Айта кетейік, Асу Алмабаев соңғы жекпе-жегін 16 маусым күні Лас-Вегаста өткен UFC Vegas 93 турнирінде америкалық Хосе Джонсонға (16-8) қарсы өткізіп, жеңіске жетсе, Матеус соңғы екі шайқасында Брэндон Ройвал және Алекс Перестен ұтылып қалған.