Астана тұрғыны егізден кейін үшемді босанды

18 қаңтарда Астанада биылғы жылғы алғашқы үшем дүниеге келді. Үшемді осыған дейін егіз баланы туған келіншек босанды. Сәбилер №2 қалалық көпсалалы аурухананың акушерлік блогында жарық дүниенің есігін ашты, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Сәбилердің анасы Ажар Қабитова жұбайымен бірге 2020 жылы дүниеге келген қыздары мен 2022 жылы туған егіз балаларын тәрбиелеп отыр. Жас ана жүктіліктің 34-аптасында босанды. Сәбилерінің бәрі – ұлдар. Балалардың салмағы – 3 000 грамм, 2 300 грамм және 2 500 грамм. Жаңа туған нәрестелер бір аптаға жуық уақыттан бері №2 қалалық көпсалалы ауруханасында жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, балалардың денсаулығы жақсы, аздап салмақ қосып келеді. Ұдайы дәрігерлердің бақылауында. 24 қаңтарда үйлеріне шығарылады.

Сәбилерін дүниеге әкелуіне көмектескені үшін Ажар өзінің Instagram аккаунтында дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.

«Астана қаласындағы №2 қалалық көпсалалы аурухананың медициналық персоналы мен акушерлік блок дәрігерлеріне, атап айтқанда, Ардана Айдарбекқызы мен Венера Усаинқызына алғысымды білдіремін», – деді ол.

Бұған дейін Қызылордада үшем дүниеге келген болатын. Олар анасымен бірге біршама уақыт дәрігерлер бақылауында болған соң, перзентханадан үйге шығарылды.

Жалпы оңтүстік өңір туу көрсеткіші бойынша алда келеді. Мысалы, былтыр Қызылорда облысында 11 мыңнан астам сәби өмірге келсе, соның ішінде келіншектер 171 егіз бен үш үшемді туған. Солардың бірі біз сөз етіп отырған Қазбековтер әулеті 6 қаңтарда осындай қуанышқа кенеліп, үшемнің анасы Ақбота бір сәтте көпбалалы ана атанды.