Аспандағы арпалыс: FlyArystanмен ұшқан 20 жастағы қыз өліп қала жаздады 

Шымкенттен Астанаға ұшып шыққан ұшақтың ішінде 20 жастағы қыз ажал құша жаздады. Бойжеткеннің қан қысымы нөлге дейін түсіп, есінен танып қалған. Қызды борттағы дәрігер аман алып қалды, деп хабарлайды Qazaq.today.

Рейстің бортсеріктері жолаушылар арасынан дәрігер іздеп, көмек сұраған. Ұшақ ішінде білікті нейрохирург әрі кардиолог Нұрсұлтан Құрбанбеков есімді дәрігер көмекке келген.

«Fly Arystan әуекомпаниясының рейсінде төтенше жағдай орын алды, 20 жастағы студент есінен танып қалды. Оның импульсі әлсіреп, қан қысымы нөлдік деңгейге жеткен.  Бұл өте қауіпті жағдай еді. Дәрігердің арқасында қыздың жағдайы бірнеше минуттан кейін айтарлықтай жақсарды. Анамнезде қандағы гемоглобин деңгейі небәрі 61 екендігі анықталды және қыздың айтуынша, ол емделмеген», — деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Дәрігер қызға қан деңгейін жақсартып, дәрігерлерге қаралмаса, денсаулығы нашарлай беретінін ескерткен.

Айта кетейік, бойжеткенді құтқарған реаниматолог- дәрігер «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» жаңа туған нәрестелердің анестезиологиясы, реанимациясы және қарқынды терапиясы бөлімшесінің меңгерушісі болып қызмет атқарады.