Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, танымал әнші Нұрлан Өнербаев ағасы Әлжанның өмірден өткеніне байланысты әлеуметтік желіде жүрекжарды жазба қалдырды. Өнер иесі ағасының кенеттен бақилық болғанына сене алмайтынын жеткізіп, қайғысын бөлісті, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат агенттігі.
Өнербаев өз жазбасында әкесі дүниеден озғаннан кейін ағасының оған тірек, ақылшы болғанын атап өтті.
«Асқар тауым, арқа сүйер тірегім, ақылшым – ағам Әлжан мезгілсіз О дүниеге аттанып кетті. Сенер емеспін. Бұл қалай болғаны? Дүние жалған екеніңді пендеңе тағы бір дәлелдеді-ау», – деп жазды ол.
Көпшілік әншінің қайғысына ортақтасып, көңіл айтып, сабырлық тіледі. Өнер мен мәдениет саласындағы әріптестері де қолдау білдіріп, оның отбасына қайғыра көңіл айтты.