Нұр-Сұлтанда экс-мәдениет министрі, Қазақстан ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі бойынша тергеу соты басталды, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық порталы.Қалалық соттың баспасөз қызметі Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі бойынша сот онлайн түрде басталғанын нақтылады.
«Қылмыстық-процессуалдық кодекстің «Сотқа дейінгі тергеу мәліметтерін жария етуге жол бермеу» бабы бойынша БАҚ өкілдері үшін шектеу енгізілген. Өзге мәліметтер жарияланбайды», — делінген қалалық соттың баспасөз хабарламасында.
Осылайша, сот барысына журналистер қатыса алмайтын болды.
Айта кетсек, 16 мамырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық музей директорының мемлекеттік сатып алу бойынша бюджет қаржысын жымқыруы мүмкін деген күдікке ілінгенін хабарлады. Кейінннен, 28 мамырда сот санкциясымен Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы екі айға қамауға алынды.
Антикор мәліметінше, 2017-2018 жылдары «Ақпараттық ресурстарда объектілерді танымал ету үшін жалпыұлттық тізбеге енгізілген объектілердің 3D модельдерін құру» жобасын іске асыру кезінде 1,2 млрд теңге ұрланған. Ал жұмыстардың нақты құны небәрі 83,4 млн теңгені құрағаны анықталды.
Дерек көз: Azattyq-ruhy