Арыста әскери қызметкер өзін-өзі атып жіберді

Желіде Арыс гарнизоны әскери бөлімдерінің қызметкері басынан оқ жарақатын алып, ауруханаға түскені туралы ақпарат тарады.

Оқиға 16 қыркүйекте болған. Д.Т есімді азамат Арыс қаласының орталық аудандық ауруханасына жеткізілген. Оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. Орталық аудандық аурухана бас дәрігерінің сөзінше, әскери қызметкер өзіне қол салған.

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Қорғаныс министрлігінен мән-жайды сұрап білді.

“16 қыркүйекте тәуліктік кезекшілікті атқару кезінде Арыс гарнизоны әскери бөлімдері бірінің келісімшарт бойынша әскери қызметкері травматикалық қарудан басынан жарақат алды. Алдын ала ақпаратта келісімшарт бойынша әскери қызметкер отбасылық-тұрмыстық жанжал аясында өзіне қол жұмсамақ болған. Ол аудандық ауруханаға жеткізілді. Оған барлық қажет медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қазір денсаулық жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ жарақат алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Қарағандыда бұрынғы полиция қызметкері өз үйінің ауласында өз-өзін атып өлтіргені туралы жазған едік. Жантүршігерлік жағдай 2024 жылы 10 маусым күні болған.

21