Category Archives: Әлем

Грекия билігі біржынысты некеге рұқсат берді

Грекия парламенті біржынысты некеге рұқсат беретін заң жобасын мақұлдады. Грекия мұндай шешімді қабылдаған алғашқы православ мемлекет, деп хабарлайды Ulysmedia

Біржыныстыларға рұқсат берген әлемдегі 37-ші ел. Заң біржынысты ерлі-зайыптыларға бала асырап алуға мүмкіндікті, ерлі-зайыптыларға толық ата-ана құқығын береді. Десе де, оларға суррогат ана болу арқылы ата-ана болуға тыйым салынады.

Грекияда жүргізілген сауалнамалар елде біржынысты некені жақтаушылар мен қарсыластар саны шамамен тең екенін көрсеткен.

Заң жобасын 176 депутат қолдаған, 76 адам «қарсы» дауыс беріп, екі депутат қалыс қалған, тағы 46 адам отырысқа келмеген.

 

Дубайда әуе таксилері пайда болады

Фото: taxi-online.kiev.ua

Биыл Дубай билігі америкалық «Joby Aviation» компаниясымен келісімге келіп, 2026 жылдан бастап әуе таксилері қызметін шығаратын болды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі Khaleejtimes басылымына сілтеме беріп.

БАӘ-дегі әуе таксиінің максималды жылдамдығы сағатына 320 шақырым, бұл 30-40 минуттық жолды 10 минутқа дейін қысқартады деген сөз. Ұшақтың экологияға да зияны жоқ екені айтылды.

Жаңа көлік түрі 2017 жылдан бері АҚШ-та сынақтан өткізіліп келеді, қазіргі уақытта федералды авиация әкімшілігінің қауіпсіздік сертификатынан өтіп жатыр.

«Соңғы онжылдықта БАӘ қатты өркендеді. Дубай бүкіл әлемге ашықтығын паш етті. Енді бұл мемлекет, бұл қала мақсаты айқын, қарқынды жұмыс атқаруға құлшынысы жоғары адардарды магнитше тартуда. Ел басшылығының инвестициялауға және венчурлық капитал қауымдастығын құруға деген ұмтылысы үлгі аларлық», — деді «Joby Aviation» басшысы Джобен Бевирт.

Қазақстан Катармен қылмысқа қарсы күрес жөнінде келісімдер жасасты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Катар еліне мемлекеттік сапары аясында Қазақстан мен Катар арасында қылмысқа күдікті адамдарды ұстап беру және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімдерге қол қойылды. Бұл құжаттар халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ қылмыстың трансұлттық түрлеріне қарсы күреске арналған.

«Атап айтқанда, қылмысқа күдіктіні ұстап беру туралы келісім тараптарға бір елде қылмыс жасаған және басқа елде жасырынған адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін экстрадициялауға мүмкіндік береді», – деп хабарлады Бас прокуратура.

Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісім қылмыс жасаған адамдардың кінәсін дәлелдеу бойынша екі елдің құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылына бағытталған. Бұған дейін Қазақстан Сауд Арабиясымен, Иорданиямен және Біріккен Араб Әмірліктерімен халықаралық шарттар жасасқан болатын.

Осылайша, Катар Қазақстан Республикасының қылмысқа қарсы іс-қимыл саласында қажетті халықаралық-құқықтық базаны қалыптастырған Парсы шығанағының кезекті мемлекеті болды.

 

Баян-Өлгей аймағында малшыларды қар көшкіні басып қалды

Монголияның Баян-Өлгей аймағында орын алған төтенше оқиға елді бірнше күннен бері әбігерге салып жатыр. Дэлүүн ауылында қар көшкіні жүріп, малшыларды басып қалды, деп хабарлады Qazaq.today агенттігі.

Қар көшкінінің астында қалған бір адам әлі табылмай жатыр. Халық облыс тұрғындарына үндеу жасап, көмек сұрады. Көшкіннің астында қалған бір малшыны құтқарып қалса,  екінші адам әлі табылмаған.

«Өздеріңізге аян,  кеше сұмынымызда табиғи апат  — қар көшкіні орын алып,  отарда жатқан малшы және малды қар басып қалған еді. Міне бүгін сол малшы қауымның біреуі аман-есен табылса,  енді бірі әлі табылмады. Үміт үзбей күн-түн демей іздеу үстінде. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей сұмынымыздың Төтенше жағдай мамандары және Аймақтық төтенше жағдайы өкілдері халықпен бірлесе іздестіруді жалғастырып жатыр. Ол жерде соншама қалың адамның жатар орыны, ішер ас, құрал сайманы,  техниканың жетіспеушілігі туындап жатыр. Әркім өз шамасынша бензин, су, қаржылай көмек, құрал-сайман жағымен, ішер ас-су,  жылы киіммен көмектесетін адамдардың бұл іске демеу болып, қолдау көрсетулерін өтінеміз»,  — делінген хабарламада.

Аудан тұрғындарының хабарлауынша,  қар көшкінінің ұзындығы бір шақырымға,  ені 70-80 метрге дейін жетеді. Көшкіннің қалыңдығы 4-5 метр шамасында. Халық малшыларды қардан аршып алу үшін жаппай қолдарына күрек алған. Бірақ әзірге ешқандай нәтиже жоқ.

«Дэлүүндегі жанашыр жақын аға бауырларым,  жағдайды көріп отырсыздар! Бізге бір күрек болсада, қар тазалауға көмектесетін азаматтар керек. Басымызға іс түсіп, балтырымыз сыздаған сәтте, сіздер демеу болады, деп үміттенеміз. Бар үміт халқым сіздерден көмек сұраймыз»,  — деді ауыл тұрғыны Таңжарық Мизамханұлы.

Монголияда 70 миллионнан астам ұсақ мал басы бар. Қазіргі уақытта елде малға шем-шөп тауып беру басты проблемаға айналған. Қысы ұзаққа созылатын малшы ауылдарда жұт басталған.

«Ел білсін»: Қырғызстанда тәуелсіз журналист ұсталды

Бұл туралы елдің Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі растады.

ІІМ мәліметінше, милиция оны 13 ақпанда Манас әуежайында адамның бет-жүзін анықтайтын камералардың көмегімен ұстаған.

Милициядан мәлім еткендей, Ергешовті ұстауға Жалалабад қалалық соты санкция берген. Іс 2023 жылы мамырда бұзақылық фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іспен байланысты болып отыр.

Бұған дейін Әли Ергешов Instagram парақшасында өзін құқық қорғау орган қызметкерлері ұстағанын хабарлап, фото-видео жариялаған. Журналист ешқандай заң бұзбағанын айтып, істі кәсіби қызметімен байланыстырған.

Әли Ергешов – YouTube-тегі «Ел білсін» жобасының авторы. Ол қоғамдық тамақтану орындарындағы санитарлық жағдай, мемлекеттік мекемелердегі халыққа қызмет көрсету сапасы, сонымен бірге азаматтардың түрлі заңсыздықтар туралы видеоларын жариялайды. Оның 130 мың көрермені бар.

Дереккөз: ulysmedia.kz