Category Archives: Әлем

Египетте Ніл өзенінде 200-ден астам турист мінген кеме өртенді

Фото: Дзен

Египеттегі Ніл өзенінде туристік круиздік лайнерде өрт шықты. Оқиға кезінде бортта 200-ден астам шетелдік турист болған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы Daily Mail-ге сілтеме жасап.

Оқиға 12 күнге жоспарланған круиздің бірінші күнінде болған.

Басылымның мәліметінше, өрт 28 қазанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:15 шамасында тұтанған. Жалын кеменің бірінші қабатын түгел шарпыған, бірнеше каюта мен ішкі бөлік толықтай жанып кеткен.

Кеме экипажы дабыл жүйесін іске қосып, жолаушыларды жоғарғы палубаға көшіруге мәжбүр болған. Экипаждың жедел әрекетінің арқасында лайнер Эсна маңындағы бейресми айлаққа шұғыл түрде тоқтатылып, шамамен 220 турист қауіпсіз жерге эвакуацияланды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.

Қазіргі уақытта Египет прокуратурасы оқиғаға байланысты тергеу жұмыстарын бастады. Болжам бойынша, өрттің шығуына кеме ас үйіндегі қысқа тұйықталу себеп болуы мүмкін.

 

Келісім тағы бұзылды: Израиль Газаға әуе соққысын жасады

Фото: Getty Images

Газа секторындағы соғысты тоқтату бойынша келісім тағы да бұзылды. Израиль әскері анклавқа әуе шабуылын жасады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы ВВС-ге сілтеме жасап.

Премьер-министр Биньямин Нетаньяху ХАМАС қозғалысы бітім шарттарын бұзып, кепілге алынғандардың денесін қайтару туралы жалған ақпарат бергенін мәлімдеді.

ХАМАС бақылауындағы дереккөздерге сүйенсек, шабуыл салдарынан кемінде 33 палестиналық қаза тапты. Әуе соққылары Газа, Бейт-Лахия, әл-Бурейдж, Нусейрат және Хан Юнисте орналасқан үйлер мен мектептерге тиген.

Израиль тарабы ХАМАС-ты бітім шарттарын бұзды деп айыптады. Ұйым бір тұтқынның орнына бұған дейін табылған басқа адамның сүйегін қайтарған. Сот сараптамасы қайтарылған қалдықтар 2023 жылы Nova фестивалінде қаза тапқан Офир Царфатиге тиесілі екенін анықтаған.

Бітім АҚШ-тың арағайындығымен 10 қазанда күшіне енген еді. Алайда екі тараптың бір-бірін айыптауы атысты тоқтату режимінің бұзылғанын көрсетті.

Камерунда әлемдегі ең қарт президент сегізінші рет сайланды

Фото: BBC

Камерун президенті Поль Бийя, 92 жаста, елдің Конституциялық соты жариялаған сайлау нәтижелері бойынша жаңа жеті жылдық мерзімге қайта сайланды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Бийя 53,66% дауыс жинады.

Поль Бийя Камерунды 1982 жылдан бері басқарып келеді, бұл оның сегізінші президенттік мерзімі болмақ.

Сайлау 12 қазанда өтті, бірақ Конституциялық сот оның қорытындыларын дүйсенбіде ресми түрде бекітті. Соттың шешім шығаруына 15 күн уақыт берілді. Сайлау комиссиясы дауыс беру тыныш жағдайда өткенін хабарлады.

Сайлау науқаны кезінде Бийя тек бір митинг өткізді, ал науқанның он күнін Еуропада жеке сапармен өткізді.

Сайлауға тоғыз кандидат қатысты, олардың екеуі Бийяның одақтастары, сайлауға қатысу үшін министрліктегі қызметтерінен кетті.

Шынайы қарсылас саналған 71 жастағы оппозиция көшбасшысы Морис Камто шілде айында сайлауға жіберілмеді. Конституциялық сот бұл шешімді растады, алайда халықтың басым бөлігі мұны негізгі бәсекелесті алып тастау амалы ретінде қабылдады.

2018 жылғы сайлаудан кейін Камто өзін жеңімпаз деп жариялап, жаппай наразылық акцияларын ұйымдастырған.

Бийя ешқашан сайлауда жеңіліп көрмеген, бұл жолы да айқын фаворит болды. Дегенмен, оппозиция өкілі Исса Чирома Бакариге өз жеңісін сайлау нәтижелері ресми жарияланбай тұрып жариялауға кедергі келтірмеді. Ресми деректерге сәйкес, Чирома 35,2% дауыс жинады. Исса Чирома Бакари мен оның жақтастары президентті сайлау нәтижелерін бұрмалады деп айыптады.

Камерун диаспорасының басым бөлігі Чироманы қолдаған, Азия мен Таяу Шығыста ол 68,21%, Еуропада – 62,79%, АҚШ-та – 66,75% дауыс жинады.

Африканың басқа елдерінде Эфиопиядан Сенегалға дейін шетелде тұратын камерундықтардың шамамен 55%-ы да Чироманы қолдады, бірақ шетелдегі сайлаушылардың жартысынан азы ғана дауыс берді.

Камерунда сайлау бір турда өтеді, ең көп дауыс жинаған кандидат жеңімпаз деп танылады, алайда нәтижені міндетті түрде Конституциялық сот бекітуі керек. Елдің ішкі істер министрі барлық кандидаттарды соттың шешімін күтпей жеңісін жариялауға болмайтыны жөнінде алдын ала ескерткен.

Камерун халқының басым бөлігі өмірінде басқа президентті көрмеген. Елдің 30 миллион тұрғынының 60%-дан астамы 25 жасқа дейінгі жастар.

Сонымен бірге елде инфляция, қауіпсіздік мәселелері, әлеуметтік қызметтердің нашарлығы, сыбайлас жемқорлық пен жұмыссыздық халық наразылығын күшейтіп отыр.

Жұмыссыздық әсіресе жастар арасында өткір мәселе. 15 пен 35 жас аралығындағы камерундықтардың шамамен 40%-ы жұмыссыз.

Халықаралық көші-қон ұйымының деректеріне сәйкес, жоғары оқу орнын бітіргендердің 23%-ы ресми жұмыс таба алмайды.

 

Парижде Эммануэль Макронның әйелі туралы жалған ақпарат таратқан 10 адам сотталып жатыр

Фото: РБК

Парижде Франция президенті Эммануэль Макронның жұбайы Брижит Макронға кибербуллинг жасау фактісі бойынша сот отырысы басталды. Іс бойынша 41 бен 65 жас аралығындағы сегіз ер адам мен екі әйел айыпталып отыр, деп хабарлайды ВВС.

Тергеу мәліметінше, айыпталушылар әлеуметтік желілерде Брижит Макронды ер адам болып туған деп жалған ақпарат таратқан. Сондай-ақ олар президент пен жұбайының жас айырмашылығына байланысты қорлайтын жазбалар жариялаған.

AFP агенттігінің хабарлауынша, Брижит Макрон алғашқы сот отырысына қатыспады, алдағы уақытта да сотқа келмейді Адвокаттың айтуынша, оның қызы Тиффани Озье сейсенбі күні куәлік беруі мүмкін.

Айыпталушылардың арасында жергілікті шенеунік, галерея иесі, мұғалім және өзін интернет-экстрасенс деп атайтын 51 жастағы Дельфин Ж. бар. Ол желіде «Амандин Руа» деген атпен танымал. Осы істе айыпталған тағы бір әйел, өзін тәуелсіз журналист деп атайтын Наташа Рей екеуі былтыр Брижит Макронға жала жапқаны үшін сотты болған.

2021 жылы Руа YouTube-та Реймен сұхбат жариялап, «Брижит Макрон шын мәнінде ешқашан болмаған, ол жынысын ауыстырған ағасы — Жан-Мишель Троньё» деп конспирологиялық теорияны алға тартқан. Кейінірек екеуі апелляцияда жеңіп шыққанымен, Брижит пен оның бауыры бұл шешімге қарсы шағым түсірді.

«Брижит Макрон – трансгендер» деген сыбыс әлеуметтік желілерде 2017 жылдан бастап тараған. Мұны АҚШ-та консервативті блогер Кэндис Оуэнс белсенді түрде насихаттады. Макрондар Оуэнске қарсы сотқа шағым түсіріп, оның «әдейі жалған ақпарат таратып, абыройына нұқсан келтіргенін» мәлімдеді.

Брижит Макрон Эммануэль Макронға сабақ берген мұғалімі болған, екеуі 2007 жылы шаңырақ көтерген. Ол кезде Эммануэль 29, ал Брижит 54 жас еді.

Трамп пен Си Цзиньпин Оңтүстік Кореяда кездеседі

Фото: Damir Sagolj / Reuters

АҚШ президенті Дональд Трамп ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен Оңтүстік Кореяда кездеседі. Бұл туралы Ақ үйдің ресми өкілі Каролин Левитт айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

«Бейсенбі күні таңертең жергілікті уақыт бойынша президент Трамп ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен екіжақты кездесуге қатысады», – деді Левитт Ақ үйде өткен брифингте.

Осылайша Трамптың Азияға жасаған сапары Қытай көшбасшысымен кездесу қорытындыламақ. Бұл сапар барысында Ақ үй басшысы Малайзия, Жапония және Оңтүстік Кореяға барып, АСЕАН саммитіне қатысады.

Қос тарап 30 қазанда кездесетіні белгілі болды.

«Меніңше, бәрі өте жақсы аяқталады, барлығы риза болады», – деді Трамп.

АҚШ президенті Қытай басшысымен ең әуелі фентанил мәселесі бойынша сөйлесетінін айтты. Вашингтон Бейжіңді фентанил өндіруге қажетті химиялық заттардың ағынын тоқтата алмай отыр деп айыптап келеді. Фентанил АҚШ-тағы синтетикалық есірткіге тәуелділіктің негізгі себебі болып отыр. Өз кезегінде Қытай АҚШ-ты фентанил тақырыбын қысым құралы ретінде пайдаланып отыр деп санайды. Олар бұл мәселе екі ел арасындағы сауда соғысында АҚШ-тың тарифтерді көтеруіне негіз ретінде пайдаланылғанын жеткізді.