Category Archives: Технология

Еліміз Халықаралық TurkicSkills-2025 чемпионатында 6 алтын медаль жеңіп алды

Фото: Pixabay

I Халықаралық TurkicSkills-2025 кәсіби шеберлік чемпионаты өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы жарыстың басты жеңімпазы атанып, түркі елдері арасында техникалық және кәсіптік маман даярлауда көшбасшы екенін дәлелдеді, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы. 

Еліміздің жүлде қоржыны 6 алтын, 2 күміс медаль және 1 «Үздік медальонмен» толықты. Бұл жеңіс Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясындағы реформалардың нәтижелі жүзеге асып жатқанын айғақтайды.

Естеріңізге сала кетейік, 4-9 қазан аралығында Ақтау қаласында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткен TurkicSkills-2025 чемпионатына Түркия, Әзербайжан, Мажарстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан 70-ке жуық колледж студенттері мен жас маман қатысты. Олар инженерия, ақпараттық технологиялар, өндіріс, робототехника және қызмет көрсету салаларын қамтитын 10 құзыреттілік бойынша бақ сынады.

Жарыстың жабылу рәсімінде сөз сөйлеген ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов бұл чемпионаттың түркітілдес мемлекеттердің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының арасында Қазақстанның бастамасымен алғаш рет ауқымды түрде ұйымдастырылғанын атап өтті.

«TurkicSkills чемпионаты – түркітілдес мемлекеттер арасындағы техникалық және кәсіптік ұйымдар ынтымақтастығының жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды шара. Бұл күндер достық пен өзара түсіністіктің, ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың жарқын үлгісіне айналды», – деп атап өтті вице-министр.

WorldSkills International кеңесінің мүшесі Рэй Инглиш Қазақстанның халықаралық деңгейдегі әлеуетін ерекше атап өтті.

«Чемпионатының ауқымы мен ұйымдастырылу сапасы – Қазақстанның әлемдік деңгейдегі кәсіби шеберлік сайыстарын өткізуге толық дайын екенін көрсетеді. Бұл тәжірибе болашақта WorldSkills немесе WorldSkills Europe сияқты халықаралық жарыстарды қабылдауға мүмкіндік береді», – деді ол.

Чемпионатты тамашалауға 5 мыңнан астам адам келді, колледждер мен кәсіпорындар арасында 100-ге жуық ынтымақтастық меморандумы жасалды.

 

Мемлекет басшысына алғашқы цифрлық директорлар кеңесінің мүшесі таныстырылды

Фото: «Самұрық-Қазына» қоры

«Самұрық-Қазына» қоры Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа SKAI (Samruk-Kazyna Artificial Intelligence) нейрожелісін – Директорлар кеңесінің цифрлық тәуелсіз мүшесін таныстырды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

«Самұрық-Қазына» Қорының ресми Telegram-каналының хабарлауынша, SKAI — жасанды интеллект негізінде әзірленген және өңір бойынша Директорлар кеңесінің дауыс беру құқығы бар алғашқы цифрлық тәуелсіз мүшесі.

Таныстыру рәсімі Астанада Digital Bridge халықаралық форумы аясында өтті.

SKAI корпоративтік басқарудың ашықтығы мен сапасын арттырудың жаңа құралы болмақ.

Нейрожелі ішкі және сыртқы нормативтік құжаттарды, 2008 жылдан бергі Директорлар кеңесінің шешімдерін және Қордың құрылған сәтінен бастап жинақталған басқа да материалдарды талдайды.

Бұл — Кеңестің әлдеқайда ұтымды әрі сараланған шешімдер қабылдауына мүмкіндік береді.

— Жасанды интеллект негізіндегі нейрожелінің Директорлар кеңесіне тағайындалуы – бұл нағыз кванттық серпіліс: технология мен адамдар шешімді бірлесе қабылдайды, ал цифрландыру тек қана бизнес-процестермен шектелмей, басқару философиясының бір бөлігіне айналуда, – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Қауіпсіздік те басты назарда: SKAI «Қазақтелекомның» екінші суперкомпьютері Al Farabium-ның жабық контурында жұмыс істейді.

Осылайша, ақпарат ел аумағынан тысқары тарамайды, ал жоғары есептеу қуаты талдаудың сенімділігі мен жылдамдығын қамтамасыз етеді. Жүйенің негізі ретінде қазақстандық Alem LLM тілдік моделі қолданылған.

Нейрожеліні қолданысқа енгізу – Қордың цифрландыру мен басқаруды трансформациялауға бағытталған ұзақ мерзімді стратегиясының бір бөлігі.

 

Елімізде жасанды интеллектіге маманданған университет ашылмақ

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы БАӘ Жасанды интеллект мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрімен және Абу Даби Денсаулық сақтау департаментінің төрағасымен кездесу өткізді, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы. 

Digital Bridge 2025 халықаралық форумы алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Жасанды интеллект, цифрлық экономика және қашықтан жұмыс істеу мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрі Омар Әл-Оламамен және Абу Даби Денсаулық сақтау департаментінің төрағасы, G42 International компаниясының бас директоры Мансур Ибрагим әл-Мансуримен кездесті.

Әңгімелесуде Қазақстан мен Әмірліктер арасында жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективасы қарастырылды.

Мемлекет басшысы БАӘ жасанды интеллект технологияларын қолдану және дамыту ісінде әлемдік көшбасшы саналатынын айтты. Сонымен қатар бірлескен күш-жігердің арқасында ІТ секторында бірқатар маңызды жобалар іске асырылғанына тоқталып, әріптестікті одан әрі нығайтуға ниет танытты.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жасанды интеллектіге маманданған әрі ғылыми зерттеу мен әзірлемелерге басымдық беретін университет ашу жоспарымен бөлісті. Осы орайда әлемдегі алғашқы ІТ университетті құрған БАӘ тәжірибесін зерделеудің өзекті екенін жеткізді.

Кездесуде Smart City бірлескен жобасына ерекше мән берілді. Бүгінде бұл жұмыс бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.

Президенттің айтуынша, аталған жоба екіжақты серіктестікті дамытудың маңызды кезеңіне жол ашады.​

Бірнеше күннен соң iPhone 17 смартфоны сатылымға шығады

Фото: Apple

Онда iPhone және оның Pro және Max жетілдірілген түрі, сонымен қатар, жаңа смарт сағаттар және басқа құрылғылар болды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

ТАСС агенттігінің жазуынша, төрт смартфонның дәстүрлі желісіне ең жұқа корпусы бар модель кірді, iPhone 17 Air, телефонның қалыңдығы – 5,6 мм. IPhone 17 смартфондары алюминий мен титаннан жасалған, модельге байланысты A19 немесе А19Pro процессоры бар. iPhone 17 диагоналы – 6,3 дюйм, iPhone 17 Air – 6,5 дюйм, iPhone 17 Pro – 6,3 дюйм, iPhone 17 Pro Max – 6,9 дюйм.

Барлық iPhone 17 ең аз 256 ГБ жадына ие. iPhone 17 негізгі моделі 5 түсті болады: лаванда, көк тұман, қара, АҚ және шалфей. iPhone Air төрт түсте: қара, ақ, аспан көк және ашық алтын. iPhone Pro және iPhone Pro Max модельдері күміс, қызғылт сары және қою көк түстерде қолжетімді саналмақ.

Аталған топта осы күні шыныдан жасалған сымсыз зарядтау алаңы мен толығымен жаңартылған салқындату жүйесі бар. Жылудың таралуына енді булану камерасы қарастырылған жаңа жүйе жауап береді. Әзірлеушілер ойындарда және ұзақ жүктемелерде қуатты 40% арттыруға уәде беріп отыр.

– Жаңа iPhone Air бұрын шығарылған барлық модель арасында ең берік болады. Смартфонда A19 Pro процессоры бар, бұл смартфон – процессорлары арасында әлемдегі ең жылдам түрі. Телефонның негізгі және алдыңғы камераларынан бір уақытта видео түсіруге мүмкіндік бар. Корпустың жұқалығына байланысты модельде физикалық SIM картасына арналған слот жоқ және барлық елде тек электронды SIM карталарын (eSIM) қолдайды. Жаңа үлгідегі аккумулятор батареяның қызмет ету мерзімін бейімдеу функциясымен жабдықталған, соның арқасында смартфон қайта зарядталмай күні бойы жұмыс істей алады, – делінген таныстырылымда.

Сатылым 19 қыркүйекте бастау алады. АҚШ-тағы смартфондардың бағасы iPhone 17 – 799 доллардан, iPhone Air – 999 доллардан, iPhone 17 Pro – 1099 доллардан және 17 Pro Max 1199 доллардан басталады.

 

Starlink Қазақстанда ресми түрде іске қосылды

Фото: en.armradio.am

13 тамыздан бастап Starlink компаниясы Қазақстан аумағында ресми түрде спутниктік интернет қызметін ұсына бастады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Қазақстанның Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, Starlink жүйесі төмен орбитадағы спутниктер желісі арқылы жоғары жылдамдықты және тұрақты интернетпен қамтамасыз етеді. Бұл технология шалғай және инфрақұрылымы шектеулі аймақтардағы тұрғындарға да заманауи цифрлық сервистерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Starlink — SpaceX компаниясына тиесілі жоба, оның басты артықшылығы – интернеттің үздіксіз жұмыс істеуі және байланыс сапасының жоғары болуы, тіпті қолжетпейтін аймақтарда да.