Category Archives: Ғылым

Мемлекет басшысына алғашқы цифрлық директорлар кеңесінің мүшесі таныстырылды

Фото: «Самұрық-Қазына» қоры

«Самұрық-Қазына» қоры Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа SKAI (Samruk-Kazyna Artificial Intelligence) нейрожелісін – Директорлар кеңесінің цифрлық тәуелсіз мүшесін таныстырды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

«Самұрық-Қазына» Қорының ресми Telegram-каналының хабарлауынша, SKAI — жасанды интеллект негізінде әзірленген және өңір бойынша Директорлар кеңесінің дауыс беру құқығы бар алғашқы цифрлық тәуелсіз мүшесі.

Таныстыру рәсімі Астанада Digital Bridge халықаралық форумы аясында өтті.

SKAI корпоративтік басқарудың ашықтығы мен сапасын арттырудың жаңа құралы болмақ.

Нейрожелі ішкі және сыртқы нормативтік құжаттарды, 2008 жылдан бергі Директорлар кеңесінің шешімдерін және Қордың құрылған сәтінен бастап жинақталған басқа да материалдарды талдайды.

Бұл — Кеңестің әлдеқайда ұтымды әрі сараланған шешімдер қабылдауына мүмкіндік береді.

— Жасанды интеллект негізіндегі нейрожелінің Директорлар кеңесіне тағайындалуы – бұл нағыз кванттық серпіліс: технология мен адамдар шешімді бірлесе қабылдайды, ал цифрландыру тек қана бизнес-процестермен шектелмей, басқару философиясының бір бөлігіне айналуда, – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Қауіпсіздік те басты назарда: SKAI «Қазақтелекомның» екінші суперкомпьютері Al Farabium-ның жабық контурында жұмыс істейді.

Осылайша, ақпарат ел аумағынан тысқары тарамайды, ал жоғары есептеу қуаты талдаудың сенімділігі мен жылдамдығын қамтамасыз етеді. Жүйенің негізі ретінде қазақстандық Alem LLM тілдік моделі қолданылған.

Нейрожеліні қолданысқа енгізу – Қордың цифрландыру мен басқаруды трансформациялауға бағытталған ұзақ мерзімді стратегиясының бір бөлігі.

 

Елімізде жасанды интеллектіге маманданған университет ашылмақ

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы БАӘ Жасанды интеллект мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрімен және Абу Даби Денсаулық сақтау департаментінің төрағасымен кездесу өткізді, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы. 

Digital Bridge 2025 халықаралық форумы алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Жасанды интеллект, цифрлық экономика және қашықтан жұмыс істеу мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрі Омар Әл-Оламамен және Абу Даби Денсаулық сақтау департаментінің төрағасы, G42 International компаниясының бас директоры Мансур Ибрагим әл-Мансуримен кездесті.

Әңгімелесуде Қазақстан мен Әмірліктер арасында жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективасы қарастырылды.

Мемлекет басшысы БАӘ жасанды интеллект технологияларын қолдану және дамыту ісінде әлемдік көшбасшы саналатынын айтты. Сонымен қатар бірлескен күш-жігердің арқасында ІТ секторында бірқатар маңызды жобалар іске асырылғанына тоқталып, әріптестікті одан әрі нығайтуға ниет танытты.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жасанды интеллектіге маманданған әрі ғылыми зерттеу мен әзірлемелерге басымдық беретін университет ашу жоспарымен бөлісті. Осы орайда әлемдегі алғашқы ІТ университетті құрған БАӘ тәжірибесін зерделеудің өзекті екенін жеткізді.

Кездесуде Smart City бірлескен жобасына ерекше мән берілді. Бүгінде бұл жұмыс бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.

Президенттің айтуынша, аталған жоба екіжақты серіктестікті дамытудың маңызды кезеңіне жол ашады.​

Египеттің ежелгі тарихындағы жер-су атаулары түгел қазақ тілінде жазылған — Қойшығара Салғарұлы

«Qasqa Jol» YouTube арнасының кезекті қонағы тарихшы Қойшығара Салғарұлы болды. Ғылыми ортада тарих ғылымының тамыршысы аталып кеткен ғұлама, қаламгер әңгімелесу барысында көбі біле бермейтін дерекпен бөлісті, — деп жазады Qazaq.today ақпарат порталы. 

«Адамзат баласы түркілерден жаратылған. Жабайы адамдардың алғашқы тілі түркі тілінде, оның ішінде қазақ тілінде шыққан. Бұл тұжырымға былай қарасаң, есі дұрыс емес адамның әңгімесі немесе фантастика сияқты. Өйткені бұндай әңгімені бұған дейін ешкім айтпаған және айқын дерек жоқ. Бірақ оған негіз беретін толып жатқан фактор бар. Барлығын айтпай-ақ қояйын, тек өзімнің кірісіп, зерттеуіме себеп болғанды айтайын. Логикалық қисынға себеп болғаны 20 ғасырдың аяғында адамзат баласының тұқым-тек қорын анықтайтын ДНҚ тәсілі шыққаны. Бар нәрсе із-түссіз кетпейді. Бір із қалуы керек. Егер генетиктардың айтып жүрген тұжырымы дұрыс болса, адамзат жаратылғанда бір тілде сөйледі. Ол тіл қай тіл? Содан кейін Африканың, Оңтүсіктің тарихын зерттеу бастадым. Египеттің ежелгі тарихындағы жер-су атаулары түгел қазақ тілінде жазылған. Осылан соң бұрын назар аудармаған дүниелеріме зер сала бастадым», — деді жазушы.

Этнографтың айтуынша, көп Құдайлардың атауында қазақша мағына бар.

«Гректің көп Құдайлары гректікі емес, олар Египеттің жабайыларының Құдайы деген бар. Бірақ біздің сорымызға қарай оны ешкім айтпайды. Энциклопедиялық сөздік шықты. Сол жерде гректің Құдайларының аты-жөні тектеулі. Бір ғана мысал айтайын. Өлгенде тірілтетін Құдайдың аты —  Осорис. Египеттің жабайыларында ол – Өсір. Өсімдіктің Құдайын гректер «Исейда» деп атаса, Египеттің жабайылары «Ісет» деп атайды. Сол сияқты өлгенді тірілтетін әйел Құдай «Деметрия» деген бар. Ол «дем еттір» деген мағынада. Кавказда бір халық бар олар да «Деметр» дейді. Атаудың мағынасымен де, Құдайдың қызметімен де бәрі түрік тілді ұғымды беріп тұр. Осыдан кейін барлығы түрікше сөйлеп тұрғанын көресің», — деп нақты мысалмен тарихшы өз сөзіне дәйек келтірді.

Шығармашылық жоғары оқу орындарына Президент стипендиясы бөлінді

Фото: Pixabay

2025 жылғы 24 маусымда қазақстандық үш шығармашылық жоғары оқу орындарына Мемлекет басшысының 18 стипендиясы бөлінді, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы.

Шешімге Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қол қойып бекітті.

— Ғылым және жоғары білім министрінің 2025 жылғы 16 мамырдағы № 251 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылға арналған стипендиясын министрліктер арасында бөлуді іске асыру мақсатында бұйырамын. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылына арналған жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары арасында бөлу бекітілсін, — делінген құжат мәтінінде.

Стипендиялар келесі жоғары оқу орындарының студенттеріне тағайындалды:

— Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы — 4 стипендия;

— Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті — 10 стипендия;

— Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы — бакалавриаттың 3 студентіне және магистратураның 1 студентіне стипендия берілді.

 

Асхат Аймағамбетов мұғалімдерге қатысты сүйінші жаңалық айтты

Фото: orda.kz

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов педагогтерді мазалап келген тағы бір түйткілдің шешілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат порталы.

Оның айтуынша, жазғы демалыста жүрген мұғалімдердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінен уақытша шығып қалуы енді қайталанбайды.

«Бұрын бухгалтерлер мамыр-маусым айларында үш айдың жарнасын бірден төлейтін. Ал жүйе мұны дұрыс түсінбей, бұл кезеңге төлем жасалмаған деп қабылдайтын. Осы қателік түзетілді», — деді депутат.

Енді жүйеден автоматты түрде шығу үшін қатарынан 6 ай бойы жарна төленбеуі керек. Аймағамбетов бұл өзгеріс тек мұғалімдерге емес, бүкіл ел азаматтарына қатысты екенін де атап өтті.