Category Archives: Қоғам

Талғар ауданында салынғанына небәрі 22 жыл ғана болған мектеп құлауға шақ тұр

Талғар ауданына қарасты Кеңдала ауылында 500 орындық мектеп құлаудың аз-ақ алдында тұр. Салынғалы жөндеу көрмеген ғимарат адам шошырлық күйге түскен, деп хабарлайды Qazaq.Today Алматы арнасына сілтеме жасап. Мектеп 2000 жылы балабақша ретінде ашылған. Одан бергі 22 жылда бірде-бір рет жөндеу көрмеген оқу ғимараты қазір аса қауіпті жағдайда. Қабырғалары көгерген, парталары ескі, едені де шіріп кеткен, шұрық-тесік.

Мектептің бастауыш және жоғарғы сынып оқушылары оқитын екі ғимараты бар. Екеуінің де күйі – осы. Бар көрген жөндеуі – жылда мұғалімдер қалтасынан шыққан ақшаға жасалатын жұмыстар ғана. «Қазір тұрғындар да балаларын мұнда оқытқысы келмейді, алыс та болса, ауыл сыртындағы мектепке барады» дейді қызметкерлер. Көрініп-ақ тұр, бір сыныпта ең көбі 15 оқушы отырады, ал соңғы 2 жылда тіпті, мектептен түлек түлеп ұшпапты.

«Негізі екі мәселе бар. Ең бірінші, осы мектебімізді биыл күрделі жөндеуден өткізсек дейміз. Екінші мәселе, егер күрделі жөндеуден өткізбейтін болса, онда жаңа мектеп салу керек», — деді №38 жалпы білім беретін орта мектептің мұғалімі Мұрат Шұлғаубаев.

«Бұл не қылған қозғалмайтын мәселе? Неге басқа мектептерге көңіл бөледі, ал осы мектепке келгенде ақша жетпейді дейді? Ақша қайда кетіп жатыр?» — дейді ата-ана Гүлнар Бекбосынова.

Ақша демекші, 2020 жылғы сметалық құжатта дәл осы мектептің жағдайын жақсарту үшін 8 млн 626 мың 950 теңге бөлінгені туралы ақпар бар. Бірақ мұндағылар «жөндеу жүргізбек түгілі, жағдайды көруге ешкім келмеді» дейді.

«2021 жылы мектеп директорымен бірге тағы жүгірдік. Аудандық білім бөлімі барлық құжаты дайындадық деді. Бірақ онда да нәтиже жоқ. Енді біз түсінбейтін нәрсе: 22 жылдан бері тұрған мектеп неге әлі жөндеу көрмеді? Мен жүгіріп жүрген 4 жылда неге кейінге шегере берді?» — дейді №38 жалпы білім беретін орта мектептің мұғалімі Ғабит Дайынов.

Бүгінге дейін әкімдердің уәдесін ғана алып келген мектеп қызметкерлері «енді тіпті, бір ауыз жауап есту бұйырмай жүр» дейді. Әкімдікке бардық. Аталған мәселеге қатысты аудан басшысы ештеңе айтпағанымен, білім бөлімі пікір білдірді.

«2022 жылдың 18 қаңтарында 756 млн 410 мың теңгеге бюджеттік өтінім берілді. Енді мәслихат 2022 жылдың наурыз айында өтеді деп болжап отырмыз. Қаражат бөлген жағдайда бір-бірден конкурс беретін боламыз», — деді Талғар аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлыға Сәдуақасова.

«Жергілікті билік өкілдерінің назарын аудара алмағанымызбен, министрдің өзі тікелей жауап берді» дейді мұғалім. Елдің Білім және ғылым министрлігі жолдаған хатта бюджеттік өтінімнің облыстық комиссияға ұсынылғаны жазылған. Қалай болғанда да, ширек ғасырға жуық шешілмеген мәселеге осы наурызда нүкте қойылады деп сенеді көпшілік.

 

«Кореяда мұндай ұятсыздыққа бармайды»: тұтынушылар Қазпошта қызметкерлерін сәлемдемені тонады деп айыптады

Алматы тұрғыны Айнұр Өтегенова Оңтүстік Кореядан жіберілген сәлемдеменің пошта бөлімшесінде тоналғанын айтып, әділдік іздеп жүр. Пошта филиалының басшысы да, полиция да оның арызына құлақ асудың орнына, өзін кінәлаған көрінеді. Айнұр 800 мың теңгенің алтынынан айрылдым дейді.

Айнұрдың сіңлісі Назым Жұматаева 2015 жылдан бері Оңтүсік Кореяда тұрады. Кореялық азаматқа күйеуге шығып, сонда жұмыс істейді. Кореяда алтын қымбат және ассортиментке бай болмағандықтан, Назым әпкесіне айтып, Қазақстаннан 800 мың теңгеге алтын алқа алдырыпты. Алайда, ұзындығы сәйкес келмегендіктен, оны ауыстыру үшін Алматыға пошта арқылы қайта салып жіберген. Бірнеше күннен кейін сәлемдеме салынған қорап Қазпоштаның Райымбек көшесінде орналасқан бөлімшесіне келіп жеткен. Айнұр Өтегенова қорапты алғанда оның ашылғанын, ішіндегі алтын алқаның ұрланғанын бірден білгенін айтып отыр.

«14 ақпанда Қазақстанға салып жібердім. Бұндай алқа Кореяда жоқ, әрі бұл жақта алтынның бағасы қымбат. Кореяда мұндай ұрлық деген жоқ. Ондай ұятсыздыққа бармайды. Әлі түсіне алмай отырмын, неге олар біреудің қорабын ашады? Мұны істеген сол Қазпоштаның қызметкерлері. Дәл сол Райымбек 158 «б» мекен-жайындағы бөлімшеден бұған дейін де бірнеше рет зат жоғалған екен. Оны әлеуметтік желіден білдім. Күйеуім осы Корея азаматы, мұны естігенде шок болды. Біреудің қорабын ашуға қандай құқы бар деп түсіне алмай отыр», —  деді Назым Жұматаева.

Оның сөзінше, қорапта алтыннан басқада заттар болған. Алқаны шұлықтың ішіне салып, сыртын скотчпен орап тастаған. Қазпошта арқылы келген сәлемдеме орта жолда ашылып, шұлықтың ішіндегі құнды зат жоғалып кеткен. Назымның әпкесі поштаның бөлімшесіне барғанмен, ондағылар өзін қорқытып, қуып шыққан көрінеді.

«Қорапты үйге курьер әкелді. Ішін ашып қарасам скотчталған шұлық та ашылған, іші шашылған. Бірден бөлімшеге бардым. Ондағы қызметкерлер өзіме ұрысып берді. Сосын болмаған соң полиция шақырдым. Полиция істі анықтаудың орнына мынауың «контрабанда» деп, олармен бірге өзіме тиісе бастады. Өзің тұратын жерің арқылы арыз жаз деп ақыл айтты. Үш сағат жүрдім. Контрабанда екенін анықтау почта қызметкрелері мен полицияның құзырында емес. Корея мен Қазақстанның шекарасынан, кеденшілердің тексеруінен өткен затты олардың контрабанда деуге қандай құқы бар? Полиция «арыз жазсаң, контрабандамен айналысты деп мыналар өзіңе қарсы арыз жазады» деп қорқытты. Ертеңінде почтаға тағы бардық. Басшысымен де жолықтырмады, қуып шықты. Камераны да көрсетпеді », — деді Айнұр Өтегенова.

Алтын алқа мен өзге де сәлемдемелерді Қазақстандағы әпкесінің қолына тигізу үшін Назым тасымалдау қызметіне 150 мың теңге төлепті. Алматыдағы кеден қызметі қосымша 11 мың теңге тағы алған.

Апалы-сіңлі Назым мен Айнұрдың сөзін алтын сататын өзге де әйелдер құптап отыр. Олар да дәл осы Райымбек көшесіндегі пошта бөлімшесінде миллиондаған теңгенің алтынын жоғалтқанын айтты.

«Алтынды Италиядан, Ресейден, Түркиядан алдырып, Қазақстанның өзге қалаларына жібереміз. Қасымда отыз шақты кәсіпкер әйел бар. Жезқазған, Қостанай, Нұр-Сұлтан, Тараз сынды қалаларға жіберген алтындарымыз иелерінің қолына барады. Дәл осы Алматының Райымбек 158 «б» адресінде орналасқан Қазпочтаның бөлімшесінен заттарымыз ұрланады, тоналады. Осындағы кез келген әйел дәл Алматығадағы осы бөлімшеден көп зардап шеккен. Былтыр менің 4 млн теңгеге бағаланған алтындарымды дәл осы поштаның қызметкерлері ұрлап алды. Қызметкерелері тонайды. Қасымдағы өзге де әйелдер осылай опық жеп қалды. Комплект салып жіберсек, ішіндегі бір алтынды алып қалады немесе алқа салсақ, алқаның жартысын үзіп алады. Арызданып жүріп алтындардың осы бөлімшеде ұрланғанын анықтадық. Басшысы Ерлан деген жігіт те қылмыстың сонда болғанын мойындады. Бірақ, нақты кімнің ұрлағанын сол күйі таппады», — деді ақтаулық кәсіпкер Айбибі Қожамұратова.

«Қазпошта» АҚ баспасөз қызметі аталған жағдай бойынша және дөрекілік танытқан пошта қызметкеріне тексеру жұмысын жүргізетінін хабарлады. Олардың сөзінше, затты жіберуші тарап құжатқа алтынның бар екенін арнайы көрсетпегендіктен, алтын алқаның жоғалғандығын жоққа шығарады.

«Алтынның дәл қай жерде жоғалғанын, қорап қай адресте ашылғанын анықтаймыз. Біздің қызметкерлер ұралды деуге келмейді. Ес298311699kr трек нөмірі бар сәлемдемеге қатысты мынаны хабарлаймыз: Кореядан салмағы 8 келі 400 грамм сәлемдеме Қазақстанға келді, мұндағы 8 келі негізгі заттың салмағы, 400 грамм — гофрленген қаптаманың салмағы. Шот-фактурада (ілеспе құжатта) жөнелтуші жоғалтқанын талап ететін алтын бұйымды көрсетпей, 7 дана косметиканы жазған. Сәлемдеме Қазақстанға 8 кг 400 грамм салмағымен келгендіктен және алушыға осындай салмақта берілгендіктен, жіберуші елдің пошта қызметіне хабарласуды ұсынамыз. Қосымшада жөнелтiмдi алғаны туралы түбіртек бар, сондай-ақ сәлемдеме салмағын көрсететiн шот-фактура (ілеспе құжат) бар. Жіберушінің қатесі: құжатқа нақты заттардың тізімін көрсетпеген. Сонымен қатар, елдер арасында зергерлік бұйымдарды пошта арқылы тасымалдауға болмайды, егер алтын бұйымдар болса, онда кеден өткізбеу керек еді.

Кеденшілерден алтынды неге өткізгенін сұрау керек. Басқа ұрлық туралы ештеңе айта алмаймын, өйткені мен ол туралы егжей-тегжейлі білмеймін. Мен нақты құжаттарға сенемін», — деді «Қазпочта» АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Әсел Әбдірова.

Дереккөз: Azattyq Rýhy

Түркістан облысында мектеп меңгерушісі жүкті мұғалімді ұрып, түсік тастатқан

Түркістанның Шардара ауданында мектеп директорының орынбасары ұжымның көз алдында жүкті мұғалімді соққыға жыққан. Салдарынан аяғы ауыр келіншек түсік тастаған. Qazaq.Today бұл туралы Azattyq Rýhy ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Шардара ауданы Көксу ауылындағы мектепте үлкен дау туындады. Мектеп ұстазы директор орынбасарын соққыға жыққаны үшін айыптап отыр. Оның айтуынша мектеп директоры соққыға жыққаннан кейін ішіндегі баласын түсіріп алған.

«Мен өз орнымда отырғанмын. Директор орынбасары келіп итеріп жібергеннен кейін ұшып түстім. Онымен де тоқтамай, шашымнан сүйреп, басымнан ұрды. Неше түрлі сөздер айтып, балағаттады. Мектепті үшке бітіріп, жезөкше болып жүрсің деген орынсыз сөздер айтты», — деді Көксу ауылындағы Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Сандуғаш Жақыпова.

Мұғалімдер жиналысында болған төбелеске ер мұғалімдердің де араласуына тура келіпті. Зардап шеккен әйелдің айтуынша өзін үйімен қоса өртеп жіберетінін айтып қорқытқан.

Ал өзге мұғалімдер басшылықтан зәбір көріп отырғанын айтты. Олар мектепке тамыр-таныстық арқылы ғана жұмысқа орналастыратынын, ал өзіне ұнамағандарын жұмыстан шығарамын деп қорқытатынын жеткізді.

«Ол оқу сағаттарын бөлу ісіне ылғи да араласады. Бәрін өз қалауымен жасағысы келеді. Ол араласпаған жер жоқ. Тіпті жеке басымызға қатысты шаруаларға да араласады. Мектеп директорының орынбасары Райгүл Мұсағалиева ұжымға өзі соққыға жыққан Сандуғашпен араласпауымызды бұйырды. Ал орындамаған жағдайда шара қолданатынын айтты», — дейді мектеп мұғалімі Бибігүл Исаева.

Директор орынбасары Райгүл Мұсағалиева жиналыста болған жағдайды жоққа шығармады. Бірақ жүкті әйелдің түсік тастағанына еш қатысы жоқ екенін айтты. Ол өз сөзінде ұжымға шындықты тіке айтатын мінезі ұнамайтынын айтып өтті.

«Мектептегі заңсыз әрекеттерді, коррупцияны тіке айтатын мінезім үшін ұжымға ұнамаймын. Мысалға бір-екі күндік жалақы ұстап қалынатыны, мектептің жөндеу жұмысы туралы, сол сияқты вакансияның жоқтығы», — деді директор орынбасары Райгүл Мұсағалиева.

Жүкті мұғалімді ұрғаны үшін Райгүл Мұсағалиева 60 мың теңге айыппұлмен ғана құтылып кетті. Ал 100-ге тарта мұғалім облыстың білім басқармасына шағым түсіруге бекініп отыр. Олар қазіргі директор орынбасарын қызметінен алып тастауды талап етпек. Өз кезегінде Шардараның білім бөлімінде мектеп басшысын қорлағаны үшін мұғалімді сотқа бергендерін мәлімдеді.

Қысқы Олимпиада спортшыларын тасу үшін Air Astana-ға 107 млн доллар төленген

Қазақстанның Бейжіңдегі Қысқы Олимпиадаға жұмсаған шығындарын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қысқы Олимпиядаға қатысуға бөлінген қаражат — 248 млн доллар. Оның 107 млн доллары Air Astana компаниясының чартерлік рейсіне жұмсалды.

«Ұлттық командалардың Олимпиадаға тікелей дайындығына 789 млн теңге жұмсалды, дайындық оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға 234 спортшы мен жаттықтырушы қатысты. Бір қатысушыға жұмсалатын орташа шығын 15 млн теңгені құрады. Спорт түрлері бойынша Олимпиада алдындағы 2021 жылға, Крюков мәліметтері бойынша, биатлонға – 384 млн теңге, тау шаңғысы спортына – 100 млн теңге, конькимен жүгіру спортына – 400 млн теңге, шаңғы жарысына – 363 млн теңге, керлингке – 200 млн теңге, шаңғымен трамплиннен секіруге – 198 млн теңге, сноубордқа – 14 млн теңге, мәнерлеп сырғанауға – 143 млн теңге, фристайл/могулға – 562 млн теңге жұмсалды, фристайл/акробатика – 319 млн теңге, шайбалы хоккей 259 млн теңге, шорт – трек-392 млн теңге. Барлығы-3,5 млрд теңге»,- дейді ҰОК Бас хатшысы Андрей Крюков.

Олимпиадаға демеушілік ретінде 2 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 2018 жылы 365 млн теңге, 2019 жылы 369 млн теңге, 2020 жылы 500 млн теңге және 2021 жылы 599 млн теңге қарастырылған. Бұдан басқа, мемлекеттік тапсырма бойынша 2018 жылы қаржыландыру 12,3 млрд теңгені, 2019 жылы – 13,1 млрд теңгені, 2020 жылы – 10,8 млрд теңгені және 2021 жылы – 15,5 млрд теңгені құрады.

Бейжіңдегі Олимпиада ойындары 4-22 ақпан аралығында өтті. Қазақстан құрамасы бірде-бір медаль жеңіп алған жоқ.

«Жерімізді тартып алып, шенділерге үй салып берді»: Түркістан тұрғындары әкімдік пен соттың «заңсыз әрекетін» әшкереледі

Түркістандық ондаған тұрғын жергілікті биліктің «былығын айтып» редакциямызға шағымданды. Олардың айтуынша, осыдан 15 жыл бұрын заңды түрде алған жер телімдерін әкімдік тартып алыпты. Жалпы, Түркістан облыс орталығы болған 3-4 жылдан бері қалада жер дауы көбейіп кеткен.

Әкімдік «мемлекеттің қажеттілігі» үшін деген талаппен кезінде өзі берген жерлерді қайта тартып алған. Тұрғындар салып қойған үй-жайын бұзуға мәжбүр болған. Халықтың қолында жер телімін беру туралы әкімнің қаулысы, жердің актісі, сол кездегі комиссияның шешімі сынды құжаттардың бәрі бар. 2007 жылы берілген жер телімдерінің құжаттарын Әділет департаменті де тіркеген. Алайда, арада 14-15 жыл өткенде әлгі құжаттардың бәрі заңсыз болып шыға келген.

«Бұл аумақ кезінде иен дала еді. Ағайындарымызбен бірге жақын отырайық деп 5 жер телімін алғанбыз. 2007 жылы әкімдік бізге жердің мемлекеттік актсін мүлікті заңдастыру туралы үкіметтің сол кездегі қаулысына сай жасатып алыңдар деді. Сонымен барлығын заңдастырып, мемлекттік акт берген. Енді арада 15 жыл өткенде әлгі құжаттарың заңсыз, жерді мемлекетке қайтарыңдар деп жатыр. Тапқан сылтауы: жер комиссиясы шығарған шешімнің көшірмесі архивке өтпеген дейді. Ол мемлекеттік мекемедегі қызметкерлердің жұмысы, қарапайым тұрғын әр құжатты архивке апарып, кітапшаға тіркеп жүрмейді, ондай талап болмаған ешқашан. Бұл облыс әкімдігінің тапқан сылтауы. Сотқа әрқайсымызды жеке-жеке шақыртып, белден басып, сот заңсыз шешім шығарып жатыр. Бастаған құрылысты осылай тоқтатып қойдық. Мемлекеттік мұқтаждығы үшін аламыз десе, бізге басқа жақтан жер берсін немесе мүліктің құнын төлесін. Әкімдік күшпен тартып алып, тегін алғысы келеді. Бізден тартып алған жерге құны 200 млн теңге тұратын коттедждер салып, сатпақ. Қымбат, зәулім ғимараттарды лауазымды тұлғаларға қызметтік үй деген сылтаумен тегін беріп жатыр. Мына қатар тұрған виллалар қызметтік үй есебінде облыстық соттың төрағасы, облыс прокурорына, антикордың басшысына, комитеттің төрағасына берілді. Яғни, бізден тартып алған жерлер ешқандай да мемлекеттің мұқтаждығы үшін емес, жеке адамдардың игілігі үшін пайдаланылған. Неге мектеп, аурухана, балабақша салмайды? Біз облыстың әкіміне қалтаңнан қаржы төле деп тұрғанымыз жоқ, заңды жеріміздің мәселесін реттеп берсін. Халықтың осылай босып жүрегіне облыс әкімінен бастап сол әкімдікте жүрген шенеуніктің бәрі кінәлі», — деді Түркістан қаласының тұрғыны Әлмұхамбет Айменов.

Халықтың пікірінше, қалада жер күрт қымбаттап, құрылысы қарқын алған сәтте әкімдік олардың мүлкіне көз салған. Жер телімінің нарықтағы құны қазір Түркістанда он миллион теңгеден кем емес. Жерді қайтарту туралы уәждері де қисынсыз, ақылға сыймайды деп санайды ашынған ел. Яссы ауылдық округі кезінде қаланың шет жағынан 245 тұрғынның әрқайсысына 10 соттықтан жер беріпті. Түркістан облыс орталығы болған сәтте әлгі аумақ қаланың ортасында қалып, таптырмас орындардың біріне айналып шыға келген. «Жібек жолы» саябағына тиіп тұрған аумақта қазір бірнеше отбасы тұрып жатыр. Электр сымын да өздері тартқызып, жолға да өздері тас төккен.

«Бес балам бар. Өзімнің және қайын сіңлімнің атында екі жеріміз болған. Құжаттарыңның түп нұсқасын өткізіңдер, өтемақсын төлейміз деді. Менің атымдағы жерге үш айдан кейін 4 млн 192 мың теңге төледі. Қайын сіңіліме төлемеді. Екі жердің құжаты бірдей, біреуіне өтемақы төленеді, екіншісіне неге төленбейді деп сұрадық? Жауап жоқ. Ол ол ма, бір жылдан кейін әкімдік маған берген өтемақыны кері қайтаруымлды талап етті. Бұл енді нағыз бассыздық. Жерді әу баста дұрыс бермеген дейді. Енді менің атымда осы жер шығып тұрғандықтан баспана кезегіне де тұра алмай келем. Жерімнен де айырылдым. Бізді Түркістан облысының әкімдігі әбден шаршатты. Бармаған жеріміз, кірмеген есігіміз қалмады. Ешқандай өзгеріс жоқ», — деді көп балалы ана Ырыстықыз Қошқарова.

Халық кезінде мүлкін заңдастыру үшін Түркістан қаласы әкімдігінің «Жер қатынастары бөлімі», «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы, «Жер кадастры және жылжымайтын мүлік бойынша Түркістан қалалық бөлімі» сынды көптеген мемлекеттік мекемелердің рұқсат құжатын жинап, соңында мүлкін Әділет департаментіне де тіркеткен. Ең бастысы, мүлікті заңдастыру үшін түрлі мемлекеттік лауазымды тұлғалардан құралған комиссияның шешімін де алған. Бірақ «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» ММ талап арызы бойынша өтіп жатқан сотта судьялар халыққа мемлекеттік мекемелердің өздері жасап берген құжаттарының күшін жойып, халықты мүлкінен айырып жатыр.

«14 жылдан кейін сот заңдастыру комиссиясының шешімі Кентау қаласындағы архивке өтпеген, құжаттарың жалған деп, менің жерімнің, үйімнің барлық құжаттарын нөл қылды. Жасанды құжат екенін дәлелдеу үшін сараптамадан өткізу керек. Зерттеусіз жалған дегендері ақылға қонымсыз, дәлелсіз. Мұрағатқа комиссияның шешімін әкімдіктің қызметкерлері өткізеді, олардың жұмысқа салғырт қарағаны үшін неге тұрғындар жапа шегуі тиіс? Мына үйді қанша жыл жүріп салдық. Құжаттарымның бәрін нөлге шығарды. Мен бірінші соттан жеңілдім. Яғни, үйіңді бұзып алып, көшіп кете бер дегенге келтіріп тұр. Өтемақы да төленбейді», — деді Шілдехана көшесінің тұрғыны Ләззат Малдыбекова.

2018 жылы өтемақы төлеу туралы Түркістан қалалық әкімдігінде арнайы қаулы да шығыпты. Бірақ ол орындалып жатқан жоқ. Сондықтан, облыстық әкімдік пен сот халықты ашық түрде билікке қарсы қойып отыр деп санайды тұрғындар. Жергілікті биліктің ешқайсысы тұрғындардың зарына зер салмаған. Әкімдіктің талабын шетінен қанағаттандырып жатқан сот сараптама да жүргізбеген көрінеді.

Кезінде халықтың құжатын ресімдеген нотариусың жұмысын, Түркістан қаласы әкімдігі жанындағы мүлікті жария етуді өткізу жөніндегі комиссиясының шешімін және жер телімін сату-сатып алу келісім шартын жарамсыз деп таныған. Күтпеген жерден мүлкінен айырылып, сот табалдырығын тоздырып жүрген тұрғындар әкімдіктің бұл әрекеті халықты ашындыру деп санайды. Комиссияның шешімін қадағалау қарапайым тұрғындардың құзырында емес. Сондықтан комиссияның шешіміне бола елді мүлінен айыру туралы қаулы шығаруға дәйек пен дәлелдер жеткіліксіз. Құжаттрады кітапшаға уақытылы және дұрыс тіркемесе оған халық жауапты емес.

«Рақымшылық жасау туралы заңның талаптары өрескел бұзылып отыр. Жер телімдерін жария ету туралы ереже, құқықтық актлер жайлы заңның талаптары және жер кодексінің талаптары бұзылып отыр. Оны бұзып отырған Түркістан қалалық әкімдігі, Жер қатынастары бөлімі және Түркістан облыстық жер инспекциясының лауазымды тұлғалары. Әкімдік пен оған қарасты жер қатынастары бөлімі сотта жауапкер бола тұра, өздері арызға негіз болып отыр. Олардың әрекеті жемқорлықпен ұштасып жатыр. Ол қылмыстық кодекс аумағында тексерілуге жатады. Ең сорақысы – жергілікті әкімдіктің заңсыз шешімін өзінің заңсыз қаулысымен бүркемелеп отырған соттың әрекеті. Сот елді меншік құқығынан айыру арқылы өрескел заң бұзушылыққа барып отыр. ҚР заңнамаларына қатысты Түркістан өңіріндегі мемлекеттік органдарындағы лауазымды адамдарының сауатсыздығының салдары, не болмаса әдейі ұйымдастырып отырған құқықтық нигилизмнің салдары. Олардың алдында бір ғана мақсат – елдің жерін қалайда тартып алу. 2018 жылдың «1626» санды қаулының талабын орындамау, мүлікті бағаламай, өтемақсын төлемей, сот қаулысы арқылы күштеп тартып алу. Бұлардың әрекеті мемлекеттің жүргізіп жатқан саясатына кереғар. Бұны мен әкімдік пен соттың ымыраласуы деп айтар едім. Өйткені, әкімдік мынандай бейбастыққа барғанда соттың өздерінің мүдделеріне шешім шығаратынына сенімді. Сот процестерінде іске обьективті қарау деген мүлдем жоқ. Тағыда атам өтем, Түркістан қалалық әкімдігі, Түркістан облыстық әкімдігі, Жер қатынастары мен облыстық жер инспекциясы елді ашындырып отыр. Конституциямен қорғалған халықтың меншігіне сот неге нұсқан келтіреді? Сот облыс әкімінің қарамағындағы бір бөлімі сияқты жұмыс істеп отыр. Бұл қолдан ұйымдастырған дау. Жерді осылай заңсыз мәжібүреп алуға негіз болып отырған лауазымды қызметкерлердің сауатсыздығы, не осы бағытта тікелей нұсқаудың болуы. Әкімдіктің қызметкерлері сауатсыздық танытса, олардың талабын қанағаттандырып отырған сот жүйесіне не айтуға болады? Бұл тағы да сауатсыздық, құқықтық нигилизм. Бұл былыққа облыс әкімі мен облыстық соттың төрағасы тікелей жауап беруі тиіс. Заң мен биліктің сенімінен халықты айыру нағыз қаскөйлік», — деді тұрғындардың адвокаты Жамила Төленова.

Түркістан қалалық әкімдігінің мәліметінше, Бас жоспарға сәйкес «Жібек жолы» саябағы маңынан 266 жер телімі анықталып, оларды мемлекеттің мұқтаждығына қайтару туралы шешім қабылданған. Осы күнге дейін 180 адамға өтемақы төленсе, соттың шешімімен 5 адамның өтемақысын кері қайтару туралы жұмыс басталған. 50 жер учаскесінің иесіне қатысты іс сотқа жіберіліп, тағы 3 адамның жері бұғатталған. Алдағы уақытта қалған 28 жер телімінің иесіне өтемақы төленбек. Даулы аумақ толықтай мемлекет меншігіне өткен соң көпқабатты тұрғын үйлер салынады.