Category Archives: Қоғам

«Шақыртуды алғанда жылап жібердім»: 22 жылдан кейін Германиядан келген неміс қызының тілегі көпшілікті сүйсінтті

22 жылдан кейін Қазақстанға оралған неміс қызының қазақша жүрекжарды тілегі қызу талқыланып жатыр. Қазақтың тойына арнайы келіп, қазақ тілінде тілек айтқан неміс әйелдің сөздері елді қайран қалдырды, деп хабарлайды Qazaq.today. 

Желіде қазақ азаматының үлкен ресторандағы тойының видеосы жүр. Онда Германияға 22 жыл бұрын көшіп кеткен келіншектің той иесіне алғыс айтып, тілек жаудырғаны, оның шұрайлы тілі жұрттың таңданысын тудырды.

Той иесі келіншектің тай-құлындай бірге өскен досы екен. Ол тойға шақырту алған кезімде жылап қоя бердім дейді.

Өз сөзінде марқұм анасының Қазақстанда жерленгеннін айтып, анасына ас беріп кетуді жоспарлағанын жеткізді.

«Кішкене сөйлейін, уақыт бар ма? Менің шешем Қазақстанда жерленген, әкем — Германияда жатыр. Папамның бейітін жасап бітірген соң, енді «мамаға барып бейітін әдемілеп істеп беремін» дедім. Бірақ 22 жыл Қазақстанда болмадым ғой, қалай барамын деп уайымдап жүрдім. Шақыртуды оқыған кезде, шыдамай жылап жібердім. Балам айтты «мама, сенің баруың керек, сенің туған жерің ғой» деді. Дереу телефонынан билет қарай бастады. Қазақстанға келген соң Амангелді күтіп алды. Үйіне келдік, дастарханы мол, шіркін-ай! Шайын іштім, бауырсағын жедім, бешбармақты да жедім. Сосын Амангелдіге айттым, «маған ет керек, әке-шешеме ас бергелі жатырмын» дедім. Ол «базарға барма, табыннан (отардан) барып ең семіз қошқарды таңдап ал» дегенде аузым ашылып, таңғалып қалдым.

Айналайын, бәріңізге денсаулық тілеймін, осы күнге жеткізген Аллаға шүкір. Ризамын. Жасыңа жас қосылсын, той тойға ұлассын», — деп ақ тілегін ақтарды Лили есімді әйел. 

Той иесін видеода Германияға қазақ жерінен көшіп барған әжей де лед-экран арқылы құттықтап, қазақша ән шырқап берді.

«22 жылда қазақ тілін ұмытпаған», «Қазақ тіліне құрмет осындай болу керек», «Не деген керемет адам, қазақша тап-таза сөйлейді», Қаны неміс болғанымен, жүрегі қазақ деп соғып тұр. Қазақ тілін керемет әдеби тілде сөйлейді екен. Тұрған жері Қарағанды қаласына, өмірінде кездескен жанындағы адамдарға рақмет, қазақ тілін жақсы меңгертіпті», — деп жазды желі қолданушылары.

 

Іленің бойы: Алматы облысында малшылар атысып, үш адам жарақаттанды

Алматы облысында адам өлтіруге оқталған күдікті ұсталды. Бұл туралы мәлімет бұқаралық ақпарат құралдарының бірінде пайда болды. 

Баспа мәліметінше, жағдай 27 қазан күні Қонаев қаласына жақын жердегі Іле өзенінің маңында болған. Малшы мас күйінде жолдастарына аңшы мылтығынан оқ атқан. 63 жастағы ер адам дене жарақатымен жергілікті ауруханаға жеткізілді. Тағы екеуіне медициналық көмек көрсетілді.

Алматы облысының полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді.

«Адам өлтіруге оқталу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында 39 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады және уақытша ұстау изоляторына қамады», — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауына алынды.

Бензин қымбаттайды, бұл сөзсіз – сарапшы

Қазақстанда жанармай бағасының өсуі – бұл болашақта сөзсіз болады деп санайды мұнай-газ саласының маманы Олжас Байдильдинов. Оның айтуынша, жанармай бағасын ұстап тұрудың шегі бар және нарықтық бағаға көшу қажет.

Байдильдиновтың айтуынша, үкімет жанармайды арзан бағада сату үшін компанияларды шығынға ұшыратуда, бұл өз кезегінде нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың дұрыс үйлесімсіздігіне әкеліп соқтырады. Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауытының тоқтап қалуынан кейін «ҚазМұнайГаз» Ресейден 50 мың тонна жанармайды сатып алып, оны Қазақстанда жергілікті бағамен сатқан, бұл компанияға шығын әкелген.

Сарапшы Қазақстандағы жанармай бағасының ішкі нарықтан тыс жерлерге ағып кетіп жатқанын атап өтті. Ол жанармайды арзан бағамен сатудың кесірінен экономикалық шығындар өсіп, коррупциялық тәуекелдердің де артуы мүмкін екендігін айтады.

Байдильдинов отын бағасының қымбаттауы орта таптағы халыққа үлкен салмақ түсірмейтінін түсіндірді. Ол аз ғана өсімнің жанармай шығындарын айтарлықтай көтермейтінін мысалға келтіріп, бұл мәселені әлеуметтік қысымның себебі деп қарастыруға болмайтынын айтты.

Маманның пікірінше, мұндай бағаны ұстап тұру жанармай өнеркәсібіне де теріс әсер етуде. Мысалы, АИ-92 бензині қазіргі 205 теңге шегінің орнына 250 теңге болуы керек. Одан бөлек, әлемдік нарықтағы доллар инфляциясы, металл бағасының өсуі сияқты факторлар Қазақстанда жанармай бағасының көтерілуін сөзсіз қажет етеді.

Қазақстан Үкіметі ЕАЭО-ның ортақ нарығы іске қосылғанға дейін жанармайды сыртқа шығаруға шектеуді 2026 жылдың соңына дейін ұзартуды жоспарлап отыр.

Шүлен тарату басталды: Ақбота Керімбекова марапат алған әріптестерін сынға алды

Танымал әнші Ақбота Керімбекова марапатталып жатқан әріптестеріне сын тақты. Өзінің атақ алмау себебін «үкімет үшін әндетіп жүргенім жоқ» деп түсіндірді.

Әнші желідегі парақшасында атақ алған өнер иелеріне жазба арнады.

«Жер-жерде шүлен тарату басталды. Құдай-ау, не деген атақтар анау?! «Ерен еңбегі үшін», «Құрмет», «Парасат», «Даңқ». Қазақта сөлкебайға телінбеген сұмдық сөздер қалды ма екен өзі?! Жылына осы атақтарды бәлен жүз адам алады екен. Ала берсін. Бірақ мемлекет жағдайы сонша ерен еңбек жасалынғанға ұқсай ма?! – дейді ол.

Шындықты айтқаны үшін әріптестеріне «көре алмай отыр» деп ойлап қалмасын дейді Керімбекова.

«Үйдегілер кейде сұрап қалады «Әндетіп жүргеніңізге 30 жыл, мынадай мыңғырған атақтың біреуі сізге берілмей ме?» дейді. «Ай, айналайындар-ай, үкімет үшін әндетіп жүргенім жоқ. Үкімет те өзі үшін ән салмайтындарға бермейтін шығар?! Одан кейін атақтарды түгел алып шыққан кейбір адамдармен мені қатар қойып, халықтың алдына шығарса, халық бір де бір мемлекеттік атағы жоқ мені танып, құрметтеп кетуі мүмкін. Нағыз бақыт – сол» деп құтыламын. Ойым дұрыс шығар деп ойлаймын. Тағы шындығым үшін «көре алмай отыр» демесе екен. Айтпақшы, қазақ тарихынан да маңызды боп тұрған қазақ Tik-Tok-ындағы легендалары неге алмаған? Неге бермейсіңдер?! Көре алмай жүрсіңдер ме? – деп сынға алды Ақбота Керімбекова.

«Дарақылық!»: қонақтарға түгелдей алтын таратқан той иелері сынның астында қалды

Әлеуметтік желіде той үстінде қонақтарға түгелдей алтын сырға мен жүзік таратқан видео тарады. Қазнет қолданушылары той иелерінің бұл әрекетін сынап тастады, деп хабарлайды Qazaq.today.

Желіде жарияланған видеода «алтын шашу той, тек алтын тарататын той жасайық» деп жазылған. Аталған видеоның астында желі қолданушылары жарыса пікір қалдыруда. Пікір қалдырғандардың көпшілігі той иелерінің бұл әрекетін сынға алып, бұл нағыз дарақылықтың белгісі екенін жазуда.

«Одан да жоқ-жетімге садаққа қылмайсыңдар ма?», «Той, той деп жарысып өлетін болды ғой. Сол ақшаны балалардың біліміне, денсаулығына жаратса қандай керемет болар еді», «Не деген дарақылық, біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді деген осы екен ғой», «Мынау қандай той, құтырған той, біреулер тамақ таба алмай отыр» сынды пікірлер жарияланған.

Айта кетейік, желіде тараған видеоның нақты қайда және қашан түсірілгені белгісіз. Видео кадрларынан қонақтаржың бейджик асынып тұрғаны көрінеді.