Category Archives: Қоғам

Алматыда заңгер әйелді өлтіріп кетті

Алматыда 42 жастағы заңгер әйелді өлтірген күдікті анықталды. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қанды қылмыс 8 қазанда сағат 23:00 шамасында Алмалы ауданында болған.

«Көптеген пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізілген 1980 жылы туған А. Есімді әйел 12 қазанға қараған түні медициналық мекемеде қайтыс болды», — делінген хабарламада.

Аталған дерек сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне «Адам өлтіру» қылмыстық бабы бойынша тіркелді.

«Қылмысты ашу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Күдікті анықталды. Оны қамауға алу шаралары жүргізіліп жатыр», — делінген хабарламада.

Тергеу барысы ҚР Ішкі істер министрлігі мен Алматы қаласы Полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған.

Алматы әкімі қалада LRT желісінің салынатынын айтты

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесуінде қалада LRT желісінің салынатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy-қа сілтеме жасаған Qazaq.today ақпараттық агенттігі.

«Алматыда LRT желілерін салу мәселесі көптен бері талқыланып келеді. 2010 жылдан бастап бұл мәселе шешілмеген күйінде қалып отыр. Бұл мәселе әлі де өзекті ме? Төле би көшесінде трамвай рельстері әлі толық алынбаған», — деп сұрады әкімнен қала тұрғындарының бірі.

Ерболат Досаев болса заман талабына сай жаңа қоғамдық көліктің Саяхат вокзалынан Ақсайға дейін созылуы мүмкін екенін айтты.

«Біз қаланың даму жоспарына енгізген жаңа жоба – бұл трамвай түріндегі төмен қабатты LRT. Келесі жылдың көктемінде біз жобаның құнын түпкілікті шешеміз. Төле би көшесінде LRT болады. Қала үшін «Саяхат» автовокзалынан желілерді жалғап, Ақсайға дейін созу өте маңызды. Қазір жұмыс жалғасуда, жер учаскелерін сатып алу жүріп жатыр», — деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

«Соғыстың керегі жоқ»: Қазақ ақсақалы жер-жаһанды жаяу араламақ

Саяхатшы, шебер-реставратор Сәрсенбай Қотырашов дүниежүзін жаяу аралап шықпақ, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі. 72 жастағы ақсақал  сапар барысында  Грузия, Әзербайжан, Түркия, Болгария елдерін аралайды. Одан әрі батыс еуропаның елдерін қыс түскенше жүріп өтуді жоспарласа, көктемге дейін америка құрлығын араламақ. Жазға салым Тынық мұхиты арқылы Шығыс Қытайдың жерлерін жаяу шарлайды. Кейін Монғолияның батыс өлкесі арқылы Өскеменге келмек.  Сәрсенбай Оспанұлы бұған дейін Қазақстанның барлық облыстарын жаяу аралап шыққан. Жаңаарқаның тумасы Ұлытау  қорық мұражайында ұзақ жыл жұмыс істеп,  археологиялық қазба жұмыстарына белсене араласты. Қарт саяхатшы елдегі 17 қаланы басып өту үшін 8 мың шақырым жол жүрген.

«Менің жүріп өтетін жолдарым жер шарын тұйықтап шығады. Бұл жолдардың барлығын 12 айдан аса уақытта жүріп өтем деп отырмын. Сапарға жалғыз шықпаймын. Қасымда бір фотограф-оператор және аудармашы болады. Олар кезектесіп көлікпен жүреді. Мен үнемі жаяу жүріп отырам. Тек мұхит асқанда ғана ұшаққа отырамыз. Ондағы мақсатымыз, дүниежүзіндегі халықты  достыққа бейбітшілікке шақыру. Біз нәсілге, ұлтқа бөлінбей, бейбітшілікте татулықпен, сыйластықпен өмір сүруіміз керек. Бізге соғыстың керегі жоқ. Біздің тарихымыздың тереңде екенін, Қазақстан деген елдің қолөнері қандай екенін де үнемі наисхаттап, көрсетеміз. Себебі, біздің мәдениетіміз қола дәуірінен бастап дамыған», -деді Сәрсенбай Қотырашов.

Ол өзінің қауіпке толы сапарға шығатынын бүгін қолөнершілердің форумында мәлімдеді. Алматыдағы мемлекеттік орталық музейінде Еуропадан, Орталық Азия елдерінен  және Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 150-ден астам қолөнер шеберлерінің форумы өтіп жатыр. Форумға мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, Туристік сала комитетінің Төрағасы Юлия Якупбаева, Қазақстанның Алматыдағы АҚШ Бас консулы Кэролайн Сэвидж бастаған көптеген лауазымды тұлғалар қатысып жатыр.Үш күнге жалғасатын шараның мақсаты, елдегі қолөнер бизнесін дамыту, оның халықаралық дәрежеде насихаттаудың, дамытудың мүмкіндіктерін қарастыру.

«Форумның басты мақсаты қолөнер саласындағы түрлі ұйымдардың басын қосу, бір-бірімен таныстыру. Шеберлердің рөлін айқындап, мемлекет тарапынан көмек жасауды қарастыру. Форумға алыс шетелдерден де қонақтар арнайы шақырылған. Олардан қолөнер туындысын әлемге насихаттаудың, дамытудың жолдарын үйрену. Сонымен қатар алдағы екі күн Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде және Visit Almaty туристік хабында халықаралық қолөнершілер форумы аясында отандық қолөнершілердің жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңкеде керамика, киіз, тоқыма, зергерлік өнер, жібек шаруашылығы және басқа да қолөнер түрлерінен қазақстандық 150-ден астам қолөнершінің өнімі ұсынылады. Шеберлік сыныптары, семинарлар, Korpe Fest өтеді. Себебі, қолөнер  ұлттық мәдени ерекшелігіміздің ажырамас бөлігі және туризм индустриясының өзегі. Өйткені, елге келетін туристер табиғаттан ләззат алып, көрікті жерлерді, ғимараттар мен монументтерді тамашалап қана қоймай, материалдық-мәдени мұрамен, дәстүрлермен танысатыны сөзсіз», -деді «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының атқарушы директоры Даниел Сержанұлы.

12 адам құжат тапсырды – ОСК

Қазақстан президенттігіне кандидаттығын ұсынған 12 адам құжат тапсырды. Орталық сайлау комиссиясы үміткерлерді ұсыну мерзімінің аяқталғанын хабарлады. ОСК басшысы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, президенттікке кандидаттарды ұсыну 23 қыркүйекте басталып, 11 қазанда сағат 18:00-ге дейін жалғасты.

Бүгінде республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсынған 12 кандидаттың құжаты тіркелді:

1. Қажыкен Мейрам – «Аманат» Қазақстан кәсіподақтары достастығы» РОП;

2. Дайрабаев Жигули – «Ауыл» ХДП» ҚБ;

3. Әуесбаев Нұрлан – «Ұлттық социал-демократиялық партиясы» ҚБ;

4. Қасым-Жомарт Тоқаев – бірқатар республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсынған

5. Алтаев Нұржан – «Мұқалмас» ҚБ;

6. Қарақат Әбден – «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» ҚБ;

7. Ерғалиев Талғат – РОЙУЛ «Қазақстан құрылысшылар одағы»;

8. Әлиев Жұматай – «Халық демографиясы» ҚБ;

9. Ғабжалилов Хайрулла – «Асар» оралмандар қауымдастығы» ҚБ;

10. Тұрсынбекова Салтанат – «Қазақ аналары – дәстүрге жол» ҚБ;

11. Бақыт Жаңабаев – «Қазақстандық футбол жанкүйерлер лигасы» ҚБ;

12. Бизақова Фатима – «Тәжірибелік психология» ҚБ.

ОСК комиссиясының отырысынан мәлім болғандай, кей үміткер қазақ тілінен емтихан тапсырып та үлгерген.

«Мемлекеттік тілді меңгеру емтиханы жалғасып жатыр. Бұған дейін 5 үміткер мемлекеттік тілді білуге ​​емтихан тапсырса, бүгін тағы екеуі емтихан тапсырады. Кеше кандидаттарды ұсыну 18:00-де аяқталуы керек еді, бірақ 17:50-де басқа үміткер келді. Біз олардың құжатын қабылдадық, қазіргі кезде сәйкестігін тексеріп жатырмыз», — деді ОСК хатшысы Мұхтар Ерман.

ШҚО-да пробациядағы 250-ге жуық адам түрмеге қамалды

Шығыс Қазақстан облысы бойынша пробация қызметінің қызметкерлері жыл басынан бері есепте тұрған 1400-ге жуық сотталғандардың тарапынан көптеген бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлады Polisia.kz-ке сілтеме жасаған Qazaq.today ақпараттық агенттігі. Тізім бойынша 250-ге жуық есепте тұрған сотталғандарға қатысты бас бостандығынан айыру жазасын ауыстыру үшін материалдар жиналып, сотқа жіберілді. Сот шешімі негізінде сот залынан қамауға алынып, бас бостандығынан айыру орындарына жіберілді.

«Бұл адамдарға бұрын қызметкерлер жазаны өтеу шарттары бұзылған жағдайда бас бостандығынан айыруға жазаның жеңіл түрін алмастыра алатындығы туралы ескерткен. Алайда ескертулерге қарамастан, есепте тұрғандар жазаны өтеу шарттарын бұзуды жалғастырды. Қызметкерлер пробация қызметінде есепте тұрған адамдар арасында құқық бұзушылықтардың және жазаны өтеу шарттарының алдын алу және қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың алдын алу бойынша тиісті жұмыстар атқарды», – деп атап өтті Солжағалау аудандық пробация қызметінің инспекторы Каим Ожиканов.