Түркістан облысының Шардара ауданындағы 30 шақты шаруа ауыл шаруашылық техникаларымен жолды жапты, деп хабарлайды Экспресс К сайтына сілтеме жасаған Qazaq.today ақпараттық агенттігі.
Нәпақасын мақта алқабынан тауып отырған шаруалар ақ алтынның бағасын көтеруді талап етті. Көксу ауылдық округіне (бұрынғы елу жылдық: автор) жиналған диқаншылар ауыл ішіне кіретін жолды жапқан.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бахытжан Таласовтың айтуынша, диқаншылардың талабы — мақта бағасын 250 теңгеден 500-ге дейін көтеру.
Шаруалардың жиналып жатқаны туралы ақпаратты ести сала ауылдық округке аудан әкімі, орынбасары, ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы мен аудан прокуроры барған.
«Мақта бағасы аудандық деңгейде шешілетін мәселе емес. Бүгінде мақтаның бір келісі 250 теңгеден қабылданып жатыр. Бекітілген баға сол. Өткенде 200 теңгеден қабылданған, кейін 250-ге көтерілді. Шаруалар енді 500 теңгеге көтеріңдер деп отыр», — деді Бахытжан Таласов.
Ішкі саясат бөлімінің басшысы шаруалармен кездесуге мақта өңдеу зауытының өкілі де келді деп отыр. Зауыт өкілі баға Ливерпуль биржасына байланысты екенін, ол жақта мақта құны түсіп жатқанын айтып түсіндірген. Алдағы уақытта өзгеріп жатса, баға көтерілетінін алға тартыпты.
Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер шаруаларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жол қозғалысы реттелгенін хабарлады.
«Тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдады. Жарты сағаттан кейін жол ашылып, көлік қозғалысы қайта реттелді», — деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.
Мемлекет басшысы Алматы облысына жұмыс сапары аясында қазақ тілі мәселесін қозғап өтті. Бұл туралы Qazaq.today ақпараттық агенттігі Bort №1 Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Қазақша сөйлейтін жастар көбейіп келе жатыр. Жалпы, тілдік орта түбегейлі өзгерді. Қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері де аз емес. Соған сәйкес қазақша фильмдерге, әндерге және басқа да өнімдерге деген сұраныс жоғары. Мұның бәрі қазақ тілінің қолдану аясы жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан, алаңдауға еш негіз жоқ.
Қазақ тілін пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ. Осындай теріс түсініктер кейбір елдерді қасіретке ұшыратты. Мемлекет қазақ тілін қолдау үшін тиісті шаралар қолданып жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз.
Өз тілімізді өзіміз ұлықтауымыз керек. Бұл – өте дұрыс. Бірақ, өзге тілден бас тартуға болмайды. «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген сөз бар. Біз тіл саясатын байыппен жүргізуіміз керек. Сонда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз», — деді Президент.
Ұлттық компаниялардың акцияларын сатумен айналысатын алаяқтар көбейген. Мемлекетке бағынышты ұлттық компаниялардың акцияларын IPO-ға шығару тек үкіметтің қаулысымен ғана іске асады. Биыл жылдың соңына дейін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акцияларын сату жоспарланған. Бірақ құнды қағаздардың құны әлі анықталған жоқ, -деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі. Соған қарамастан жалған брокерлікпен айналысатын алаяқтар көбейген. Тұрғындар құнды қағаздарға инвестиция салу арқылы дивиденд алғысы келгенмен, қаржылық сауаттылықтарының төмендігінен алаяқтарға жем болып жатыр. «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері ұлттық компаниялардың атын жамылып, елді алдауға көшкен алаяқтардан сақтану керек деп мәлімдеді. Алданбаудың ең қарапайым жолы, брокерлер ешқашан адамдарға акцияға инвестор болу туралы айтып, хабарласпайды. Ұлттық компаниялардың акциялары тек KASE және AIX қор нарығында сатылады. Ал адамдардың иелігіндегі құнды қағаздарын сатумен тек арнайы лицензиялары бар брокерлік компаниялар ғана айналысады. Оларға берілген лицензиялар арнайы сайтта орналасқан.
«Жекешелендіру бағдарламасының және портфельдік компаниялардың IPO-ның іске асырылу барысы туралы кеңінен елге түсіндіріп жатырмыз. Өзгені қойып, менің өзімнің жақын таныстарым алаяқтарға алданып, қомақты қаржысынан айырылған. Халықты сақтандыру жолында арнайы кездесулер, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бағалы қағаздар нарығында инвестициялаудың тетіктері мен тәуекелдері туралы тұрғындардың қаржылық сауаты жоғары емес. Бір ай тек ақпараттандыру жұмысымен айналыстық. Республиканың 100 мыңнан астам тұрғынының қатысуымен 120-дан астам кездесу өтті. Біз барлық облыс пен қаланы қамтыдық деуге болады. Басты мақсатымыз, елді алаяқтардан сақтандыру және ұлттық компаниялардың құнды қағаздары арқылы қаржы табудың жолдарын халыққа түсіндіру, — деді «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
IPO шеңберінде жеке тұлғаларға, соның ішінде инвестор болам деген Қазақстан азаматтарына басымдық беріледі. 2025 жылға дейін «Самұрық-Қазына» АҚ қарасты оншақты ірі компанияның акцияларын сатылымға шығару жоспарланған. Жылдың соңына дейін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акциялары KASE және AIX алаңына орналасады. Ұлттық компанияның 2031 жылға дейінгі жаңартылған стратегиясына сәйкес, компания мұнай өндіруді ұлғайтуды, геологиялық барлау жұмыстары мен мұнай-газ химиясы жобаларын дамыту бағдарламасы бекітілген. Яғни, жекелеген тұлғалар ұлттық компанияның акциясына иелік ету арқылы жоғарыдағы бағдарламаға қатысушы ретінде тұрақты, әрі қомақты пайда таба алады. Құнды қағаздар арқылы баюға батыс елдеріндегі тұрғындардың белсенділігі жоғары. Қазақстанда керісінше, ел тек қолма қол пайдаға қызғады, әрі құнды қағаздармен жұмыс істеудің жолын білмейді. Қазақстанда бұған дейін сатылымға шығарылған ұлттық компаниялардың құнды қағаздарын алуда және KASE-де 400 мыңдай брокерлік есепшот ашылғанмен, іс жүзінде белсендісі 30 мыңдай ғана.
«Казатомпром», «Казпочта» сынды ұлттық компаниялар және олардың еншілес, портфельдік компаниялары 2025 жылға дейін сатылымға шығарылады. 2023-2024 жылы «Air Astana», «KEGOC» АҚ, 2024-2025 жылдары «Самұрық-Энерго» компаниясының жасыл портфельді активтері сатылады және 2025 жылы «Қазақстан темір жолы» IPO-ға шығады. Биыл сатылымға шығатын «ҚазМұнайГаз» АҚ акцияларының 10% жетер жетпесі Ұлттық банкке тиесілі. Қалған 75% пайызын АҚ өзінің құзіретіне қалдырады. Сонда қанша пайыз акцияның жеке тұрғындарға сатылатынын Үкімет анықтайды. 2018 жылы «Казатомпром» АҚ бір акциясы $13 сатылды. Лондон қор биржасында да саудаланғандықтан доллармен сатылды. 2021 жылы бір акцияның құны $35 асып кетті. Сонда бастапқыда акцияны $13 сатып алған адамдар 300% көп пайда көрді. 2018 жылы әрбір акцияға 308 теңгеден дивиденд төленсе, 4 жылдан кейін әрбір ақцияға 836 теңгеден төленді. Еліміздегі Ұлттық компанияларың акциялары жыл сайын өсіп отыр. Әрине құнды қағаздар нарығы мұнайдың құнына, әлемдік геосаяси жағдайларға тікелей байланысты. Бірақ біздегі ұлттық компаниялардың акциялары құнын жоғалтқан жоқ. Сондықтан халықты Ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алуда белсенді болуға шақырар едік. Бұл Үкіметтің ел азаматтарына берген мүмкіндігі», — деді «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры комплаенс қызметінің басшысы Дәурен Ақшалов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл маусым айында «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің отырысында қарапайым азаматтардың IPO-ға қатысу мүмкіндігін кеңейту қажеттігін атап өткен. Пезидент инвестициялық мәдениетті қалыптастыруға мән беруді тапсырды. «Еліміздің қарапайым азаматтарының ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алып, салымдардан өз дивидендтерін алу мүмкіндігі болуы тиіс. Осылайша, халықтың инвестициялық мәдениеті қалыптасады. IPO-ға қатысу Қазақстанның бүкіл тұрғындары үшін қолжетімді болуға тиіс. Ал бұл үшін қағазбастылық пен бюрократияны болдырмайтын жаңа цифрлық шешімдер қажет», – деген еді Мемлекет басшысы.
«Брокерлік шот ашпай ақ акцияны сатып алуға болады, алайда оны сату кезінде міндетті түрде брокерлік есепшот ашылады. Брокерлер сатып берген әрбір акциядан 0.02 пайыз ақы алады. Бұл өте тиімді. Адамдар жалған акцияларға алданып қалмас үшін, ресми брокерлермен жұмыс істеген сенімді. Елімізде ресми рұқсат ыбар 51 брокерлік компания тіркелген. Ұлттық компаниялардың құнды қағаздарын сатудағы қазіргі IPO-ның приоритеті Қазақстанның жекелеген адамдарына мүмкіндік беру. Жеке компаниялар, ірі кәсіпкерлер немесе шетелдіктер акцияны аламыз десе де, алдымен жекелеген ел азаматтарының сұранысы орындалады. Барлық өтінімдер жиналып, сараланып, Қазақстан азаматтарының сұраныстары толық жабылғанда ғана шетелдік инвесторлардың акцияны сатып алуына мүмкіндік беріледі. Өтінім біткен соң құнды қағаздарға иелік еткен азаматтарға хабарлама беріледі. Біздің қазіргі жұмысымыз құнды қағаздар туралы елге барынша кеңірек түсіндіру, қаржылық сауатын арттыру және қаптап кеткен алаяқтардан адамдарды арашалау», -деді Ақшалов.
Әдетте IPO-да өтінім қабылдау 3-7 күн аралығына жалғасады. Алайда көптеген қазақстандықтың қаржы нарығына алғаш қадам басқалы отырғанын ескерілгендіктен, өтінім қабылдау уақыты биыл 4 аптаға дейін созылмақ.
Биылғы қаңтар-шілде айларында республикада 7,9 мың жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл бір жыл бұрынғыдан 9,5%-ға көп көрсеькіш, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. -қа сілтеме жасаған Qazaq.today ақпараттық агенттігі. Finprom.kz зерттеуінше, жол-көлік оқиғалары көбінесе Алматыда (2,2 мың ЖКО, бір жылғыдан 8,1% көп) болып жатады. Сондай-ақ Алматы облысы (1,2 мың ЖКО, бір жылғыдан 5,9% аз) мен Жамбыл облысында (853 ЖКО, бір жылғыдан 48,1% көп) да жол апаты көптеп тіркеледі.
Жол-көлік апаты ең аз жазатайым тіркелген өңір Батыс Қазақстан облысы болып отыр. Бұл өңірде жеті айда 164 оқиға тіркелген, дегенмен бұл бір жылғы көрсеткіштен 1,2% көп.
Осы жылы 12 облыста жол-көлік апатының саны көбейгені байқалған. Шымкентте ЖКО саны бұрынғы деңгейде қалып отыр. Айта кетерлігі, жаңадан құрылған үш облысқа қатысты ақпараттар әзірге ұсынылмаған.
«2022 жылғы қаңтар-шілдеде жол-көлік оқиғаларының салдарынан 11,6 мың адам зардап шекті, бұл бір жыл бұрынғыдан 9,8%-ға артық көрсеткіш. Олардың ішінде жараланғандар саны 9%-ға өсіп, 10,4 мың адамға жетті, оның 5,8 мыңы – ерлер және 4,6 мыңы – әйелдер. Жараланғандардың 2,2 мыңы кәмелетке толмағандар болған. Бұл 2021 жылдың қаңтар-шілдесімен салыстырғанда бірден 19,5%-ға көп көрсеткіш», — делінген зерттеуде.
Сондай-ақ 5000 адам ауруханаға жатқызылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға жоғары көрсеткіш.
«Жыл басынан бері жол апатынан 1,2 мың адам қаза тапты, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 17,4 пайызға көп. Қайтыс болғандар арасында 874 ер адам және 320 әйел бар. Кәмелетке толмаған 113 бала жол-көлік оқиғасының құрбаны болды, бұл 2021 жылдың қаңтар-шілде айларымен салыстырғанда 27%-ға көп көрсеткіш», — дейді сарапшылар.
Өңірлік тұрғыдан алғанда жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендердің ең көп саны Алматы қаласында (2,6 мың), сондай-ақ Алматы (2 мың) және Жамбыл (1,5 мың) облыстарында тіркелді.
Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстанда белгіленген жылдамдықты асырғаны үшін 1,1 млн адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған, бұл бір жыл бұрынғыдан 0,3%-ға артық көрсеткіш.
Сонымен қатар, қазақстандықтар жол белгілерінде немесе жол сызбаларында белгіленген талаптарды (566,6 мың адам жауапқа тартылған, бір жыл бұрынғыдан 24,7%-ға аз) және жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының басқа да қатысушыларына арналған ережелерді (144,1 мың адам, плюс 7%) жиі бұзып отырады.
Жетісу облысында мектеп директоры бұрынғы жұмысшысын сотқа беріп, қомақты қаражат өндіртіп алатын болды деп хабарлайды Azattyq Ruhy-қа сілтеме жасаған Qazaq.today ақпараттық агенттігі. Кербұлақ ауданындағы даудың шыққанына екі жылдан асты. Аудан орталығындағы Күреңбел орта мектебінде еден жуған кіші қызметкер Ұлболсын Қыстаубаеваның мәлімдемесі өзінің сотқа тартылуына себепкер болған. Ол мектеп директорына ұзақ жыл жалақысынан ай сайын ақша беріп келгенін айтқан еді. Сөзінше, басшылық «айлығымен бірге артық ақша аудартып, оны кейін қолма қол алып отырған». Мектептің тазалығына жауапты әйелдің сөзінше, бұл процесс бес жылға жалғасқан.
«Тағы да айтам, менен ақша алып отырғаны рас. Ай сайын 12 мың теңге беріп отырдым. Банк карточкама артық ақша жіберткізеді де, оны кейін жинап алады. Мектептің артқы есігі арқылы апарып беріп жүрдік. Даудан кейін мен ол мектептен кетіп қалдым. Қазір басқа жерде жұмыс істеп жүрмін», — деді Сарыөзек кентінің тұрғыны Ұлболсын Қыстаубаева.
Арадағы даудан кейін мектеп директоры да, еден жуушы да орындарын босатқан еді. Білім бөлімімен де, қоластындағы қызметкерімен де дауласқан директор ақыры сотта жеңіп шықты. Ар-ұжданыма нұқсан келді, жала жапты деген директор еден жуушы әйелден 3 миллион теңге өндірмек болған. Алайда, Кербұлақ аудандық соты мектеп басшысының талабын жартылай қанағаттандырды.
«Ұлболсынның мәлімдемесінен кейін қоғам шулап кетті. Сол кезде мен бұл адамды сотқа бердім. Мен өзімнің ондай нәрселерді жасамағанымды дәлелдеуім керек болды. Сотқа арыздандым да, ақталдым. Барлық құжаттар тексерілді. Ол адам да, куәгерлер де сотқа шақырылды. Сонымен сот менің пайдама шешім шығарды. Үш миллион теңге моральдық өтемақы талап еткен едім, сот 600 мың теңге өндіртуге шешім шығарды. 300 мың теңге моральдық өтемақы болса, тағайындалған сараптамаларға жұмсалған тағы 300 мың теңге бар. Сот осыларды өндіріп алуға шешім шығарылды. Қолымда соттың шешімі тұр. Екеуміздің де тегіміз бір болғанмен, ешқандай туыстық байланысымыз жоқ», — деді мектептің экс-директоры Кәмшат Қыстаубаева.
Директордың пайдасына шешілген соттың қаулысы күшіне де енген. Бас мұғалімге қатысты өзге де дау-дамай тоқтамаған соң 120 мұғалімі бар мектепті басқарудан Қыстаубаева босатылған. Бірақ кейін тағы да сот арқылы орнына келген Кәмшат Болатханқызы енді аудандық білім бөлімімен басқа мәселе бойынша соттаспақ. Ал, небәрі 50 мың теңге ғана айлығы бар еден жуушы директорға төлейтін ақшам жоқ деп отыр.
«Бұл әділетсіздік, ақша төлемеймін. Мен сотқа болған жағдайды айттым да, кетіп қалдым. 600 мың теңге тұрмақ 60 теңге төлеуге шамам жоқ. 12 немерем бар. Жалақым 50 мың теңге ғана. Осыншама ақша төлеттіруге шешім шығаруы әділетсіздік деп санаймын. Соттасып жүруге де, адвокат жалдауға да шамам жоқ», — деді еден жуушы.
Ал, бүгінде №49 мектепке басшы болып ауысып кеткен Кәмшат Қыстаубаева соттың шешімі бойынша 600 мың теңгені төлеттіруге мұқтаж емеспін деп отыр. Оның сөзінше, ақшадан бұрын әділдікке жету басты мақсаты болған.