Category Archives: Қоғам

«Тоқаев еміме көп ақша берді»: Жүрсін Ерман ауыр дертпен күрескен сәтін есіне алды

Айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, ақын Жүрсін Ерман ауыр дертпен қалай күрескенін есіне алды.

Фото: instagram.com/zhursin_yerman

Ақынның сөзінше, дерттен айығуына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көмектескен. Президенттің өзіне жасаған жақсылығын «1001 түн» бағдарламасында айтты.

“Мені құртқан – қант. Оның қайдан келгенін кім біледі?! Қатты ауырдым. Алматыдағы беделді ауруханада емделдім. Мені қарап жүрген дәрігер аяқты кесу керегін айтты. «Бұлай жасамасақ болмайды, өліп қаласың» деді. Адамның аяғын кесу оңай ма?! Қоймай шетелге барып келемін деп шештім. Швейцарияға кетіп қалдым. Ол жақта құдам бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры. Олар мені қарап, аяқты кесудің қажеті жоқ екенін айтты”, – деп әңгімесін бастады ақын.

 

Отандық дәрігерлер өмірінің екі-үш күні ғана қалды деп ауруханадан шығарып та жіберген.

“Швейцарияға бару оңай болған жоқ. Президентім Қасым-Жомарт Тоқаев “барып емделіп кел” деп көп ақша берді. Оны былай өзі айтпайды. Бірақ мен ішімнен білемін. Риза болып тұрмын. Солай аяғымды кестірмей, қайтып келдім. Бір күні ауруханадан екі-үш күні қалды деп шығаратын болды. Қыздарым қарап, шөптермен емдеп, аман алып қалды. Халықтың да қолдауы дем береді», – деп жан сырын ақтарды ақын.

Еске салайық, айтыс өкілі ауырып жүргенде түс көріп, бір шалдың аян бергенін айтқан еді.

«8 данасын ішкізген»: Астанада оқушы мейіргер берген дәрілерді ішіп уланып қалды

Астанадағы №27 мектеп-гимназиясында сегіз жастағы оқушы Айсәуле мектеп мейіргерінің берген дәрілерінен уланып, денсаулық сақтау саласында үлкен дау туғызды. Мектептегі медициналық қызметкер ата-ананың рұқсатынсыз антибиотик дәрілерін бергені анықталды, нәтижесінде бала уланып, шұғыл медициналық көмекке жүгінуге тура келді.

Оқиға барысы

Оқиға сабақ бітуге бір сағат қалғанда орын алған. Айсәуленің анасы Ақтамақ Аппастың айтуынша, мектеп мейіргері қызын өз кабинетіне шақырып, ата-анасының келісімін алмастан бірден дәрілер берген. Барлығы сегіз таблетканы қабылдауға мәжбүрлеген. Үйіне әрең жеткен Айсәуле анасының алдында есінен танып құлап, құсу белгілері байқала бастаған. Жедел жәрдем жетіп, қызға «жүйелі антибиотиктермен улану» диагнозын қойды.

Ата-ана мен мектеп арасындағы байланыс

Оқиғадан кейін Айсәуленің анасы мектеп басшылығымен байланыс орнатуға тырысқанымен, мектеп директоры жағдайға байланысты түсініктеме беруден бас тартқан. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты аумақтық комитет оқиғаға қатысты қызметтік тексеру жүргізуді қолға алды. Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев бұл мәселеге тергеу аяқталмайынша түсінік берудің мүмкін емес екенін жеткізді.

Медициналық хаттама және ата-ана келісімі

Қызға дәрі берген мейіргер қалалық емханалардың бірінде жұмыс істейтін қызметкер екені белгілі болды. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жағдайларда ата-ананың жазбаша келісімі міндетті түрде алынуы керек. Педиатр Жәмилә Иманәлиева да бұл ереженің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, дәріні аш қарынға қабылдау қауіпсіз емес екенін айтты. Айсәулеге дәрілер сабақ біткен соң, аш қарынға берілгендіктен, бұл оның денсаулығына кері әсерін тигізген.

Ата-ананың наразылығы және құқық қорғау органдарының араласуы

Айсәуленің анасы Ақтамақ Аппас прокуратураға арыз түсіріп, жағдайдың әділ зерттелуін талап етіп отыр. Ол қызының денсаулығына зиян келтіргендердің жауапқа тартылуын қалайды. Оқушы қыздың жақындары бұл мәселеде кінәлі тұлғалардың жазасыз қалмауын, сондай-ақ мектеп пен медициналық мекемелерде қауіпсіздік ережелерінің қатаң сақталуын талап етуде.

Бұл оқиға балаларға медициналық көмек көрсету процесінің барлық кезеңінде ата-ана келісімінің міндетті екенін ескертеді. Балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты мектеп пен медициналық қызметкерлердің жауапкершілігі артып, мұндай жағдайларды болдырмау үшін қосымша шаралар қажет.

Көкшетауда 22 жастағы жігітті өзінің үйлену тойы өтетін күні өлтіріп кеткенм

Көкшетау қаласында 22 жастағы жігіттің қайғылы өлімі туралы ақпарат жұртшылық арасында резонанс тудырды. Белгісіз біреулер ойын-сауық орталықтарының бірінде жас азаматты өлімге душар еткені белгілі болды, бірақ оқиға нақты қай жерде болғаны туралы мәлімет әзірге берілмей отыр. Қазір бұл қайғылы жағдайға байланысты тергеу жүргізіліп жатыр.

 фото: baq.kz

Қайтыс болған азамат үйлену тойы күні өмірден озған, бұл жағдайды оның отбасы ерекше қайғылы қабылдап, әділет орнауына үміт артып отыр. Полиция қызметкерлері қылмысқа қатысты зерттеу жұмыстары басшылықтың жіті бақылауында екенін атап өтті. Бұл ретте Ақмола облысы әкімдігі де жағдайды назарда ұстап отырғанын айтады. Жәбірленушінің туыстары қылмыскерлердің жазадан құтылып кетуінен қауіптенетіндіктерін білдірді.

Оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары жалғасуда.

«Бопай ханым да әйел теңдігін көтерген»: Белгілі феминист апаларының жолын жалғап жүргенін айтты

«QASQA JOL» ютуб бағдарламасының бұл аптадағы қонағы бейотар феминист, гендерлік теңдік және гендерлік экономика бойынша сарапшы, феминистік марш пен митингті ұйымдастырушылардың бірі Әйгерім Құсайынқызы. Бағдарлама қонағы қоғамдағы еркектер мен әйелдердің теңдігі туралы, атышулы Қуандық Бишімбаевтың ісі туралы, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың көбеюі туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы.

«Феминизмнің бірнеше ағымы бар. Өмірлік құндылығыма, қазіргі жасап жүрген зерттеуіме, жалпы менің қажетімді қанағаттандыратын ағым – бейотар феминизм. Феминизм тек қана АҚШ-та, Ұлыбританияда орта жастағы, орта тапқа жататын ақ әйелдердің шығарған идеясы емес. Қазақ әйелдері Нәзипа Құлжанова, Алма Оразбаев апаларымыз, Бопай ханым да әйел теңдігін өз заманында көтерген, қалың малмен, көп әйел алумен күрескен. Сол әжелеріміздің, апаларымыздың еңбегін жалғастыруды, соларды зерттеу миссиям деп білемін. Осы бағыттағы феминизм Қазақстанда әлі де өзекті деп санаймын. Сонымен қатар қазақ қыздары дегенде ойымызға бірден Әлия мен Мәншүк түседі. Сол апалардың ізін жалғастырушы болғандықтан өзімді бейотар феминист деп санаймын», — деді Әйгерім Құсайынқызы.

Сондай-ақ, ол атышулы Қуандық Бишімбаев кейсі қазақ қоғамындағы әйелдерді бір сілкіндіріп алғанын атап өтті.

«Қазақ қоғамында еркек адамды ақтауға, түсінуге, дәл еркектің ісіне келгенде гуманды болуға тырысамыз. Әйелге келгенде өте қаталмыз. Себебі тарихи солай қалыптасты. Ұлт тағдыры әйелдің мойнында болды: жауапкершілік, отбасыдағы бала тәрбиесін, күйбең тіршілікті әйелдің мойнына іліп қойған жазылмаған дала заңдары әлі де сақталып келе жатыр. Виктимлейминг – жәбірленушіні одан сайын кінәлау. Қазақша – жығылғанға жұдырық. Бізге өліп кеткен, қазір көзі де жоқ, өзі де жоқ адамды кінәлау оңай. Себебі ол бізге жауап бере алмайды, ол бізге «жоқ, олай болмады, былай болды» деп айта алмайды. Қазақстанда ғана емес, көптеген мемлекет тарихында, мәдениетінде, құқықтық санасында әйелді кінәлау басым.

Әйел босанған кезінде өзін, карьерасы мен денсаулығын құрбандыққа шалады. Ол да құрбандық. Әйел тұрмысқа шыққан кезде танымайтын отбасының үйіне барып, бір шаңырақта тұрады. Ол да құрбандық. Бүкіл қыздың тағдыры өзін құрбандыққа шалу мен өзінің бала күнгі арманын, өзінің қалауын екінші орынға қоюмен байланысты. Сол үшін виктимблеймингпен күресуіміз керек, айтуымыз керек. Біз көп жағдайда әйелді мүлдем тыңдамаймыз. Әйелдің сыртынан еркектер сөйлеп, өз тәжірибесін бөлісетін кейстер бар. Тарихи және әлеуметтік әділетсіздіктермен қалыптасып қалған санамыздағы стереотиптермен күресе отырып, әйелді түсінуге тырысуымыз қажет», — деп қосты ол.

Демографиядағы ауыр ахуал: соңғы 9 айда 10 мың отбасы елден көшіп кеткен

Ұлттық статистика бюросы 2024 жылғы қаңтар-қыркүйектегі демографиялық жағдай туралы баяндады, деп хабарлайды Qazaq.today.

Бюро мәліметінше, 2024 жылғы қаңтар-қыркүйекте елге келгендер саны 20 383 адамды, елден кеткендер саны 10 201 адамды қамтыды. Көші-қон айырымы – 10 182 адам.

2023 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда, Қазақстанға келгендер саны 6,5% өсті, ал кеткендер саны 19,9% азайды.

Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен жүреді. ТМД елдерінен келгендердің үлесі – 79,7%, ал бұл елдерге кеткендердің үлесі – 76,9%.

Ел ішіндегі көші-қон 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 47,4% өсті. Өңіраралық көші-қон бойынша еліміздің 4 өңірінде: Астана (52 853 адам), Алматы (26 157 адам), Шымкент (5 948 адам) қалаларында және Алматы обласында (765 адам) халық көші-қонының оң айырымы қалыптасты.

Фото: nur.kz