Category Archives: Қоғам

Қазақстандықтардың жартысы ғана өз мамандығына риза. Неліктен басқалары көңілі толмай жүр?

Қазақстандықтар арасында өз мамандығы бойынша жұмыс істеп, сол іспен шын мәнінде қанағаттанатындардың үлесі артқанымен, қоғамдағы көңіл күй әлі де екіұшты. Ұлттық статистика бюросының наурыз айында жүргізген ауқымды зерттеуінде 12 мыңға жуық азамат өз кәсіби өміріне баға берген. Нәтижесінде халықтың жартысынан сәл астамы — 50,7% өз жұмысына толық риза екенін айтса, тағы 30%-ға жуық адам «жұмыс жаман емес, бірақ бәрі ойдағыдай емес» деген сыңайда жауап берген.

Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда оң өзгеріс бар: қанағаттанғандардың үлесі өскен, ал кәсібіне көңілі толмайтындар 3%-дан 0,9%-ға дейін азайған. Бірақ бір қызығы — әр бесінші респондент мүлде жауап бере алмаған. Яғни, адамдардың едәуір бөлігі өз кәсібін қалай бағаларын да білмейді. Бұл – қоғамда «жұмыс бар, бірақ өз орнымды таппадым» деген ішкі күйдің барын көрсетеді.

 

Қалалықтар жиі күңкілдейді, ауылдықтар сабырлы

Қала тұрғындары арасында жұмысына разылардың үлесі 49,4%, ауылда — 53,9%. Демек, ауылдағылар аз жалақы алса да, істеп жүрген ісіне көбірек риза. Ал қалада бәрі бар сияқты, бірақ ішкі қанағат сезімі кем. Бұл, бәлкім, мегаполистегі күйбең тіршілік пен жоғары бәсекелестіктің әсері болар.

Ерлер сенімді, әйелдер сақ

Сауалнама көрсеткендей, ерлердің 55%-ы, ал әйелдердің 48%-ы өз кәсібіне риза. Әйелдер арасында «жұмысым жақсы, бірақ…» деп басталатын ой көп: жауапкершілігі жоғары, ал бағалауы төмен. Қызметтегі теңсіздік пен тұрмыстық жүктеменің ауырлығы мұнда өз әсерін тигізбей қоймағаны анық.

Жастар шабытты, зейнет жасындағы жұрт шаршаған

Жастары 29 бен 38 арасындағы азаматтар өз мамандығына ең риза топ болып шықты — 62,5%. Бұл – белсенді әрі еңбек өнімділігі ең жоғары кезең. Ал зейнет жасына таяғандардың арасындағы қанағаттану деңгейі күрт төмендеп, 29,5%-ға дейін түскен. Көп жыл еңбек етіп, тәжірибе жинаған адамдардың өз кәсібіне суып қарауы қоғам үшін ойланарлық жайт.

Ақшасы бар адам ғана жұмысын жақсы көреді ме?

Бюро дерегі бұл сұраққа анық жауап береді: иә, көбіне солай. Өзін материалдық тұрғыдан жеткілікті санайтын азаматтардың 82,6%-ы өз кәсібіне толық риза. Ал аз қамтылғандар арасында бұл көрсеткіш бар болғаны 14,8%. Яғни, ақша тек өмір сүру сапасын емес, жұмысқа деген көзқарасты да түбегейлі өзгертеді.

Мамандығы бойынша істейтіндер азайып бара ма?

Екінші тоқсанның қорытындысы бойынша елде 9,3 миллион адам жұмыспен қамтылған. Олардың 7,1 миллионы ғана өз мамандығы бойынша еңбек етеді, тағы 1,7 миллионы мүлде басқа салада жұмыс істеп жүр. 531 мың адам тіпті арнайы оқу бітірмеген.

Қалалықтар арасында мамандығы бойынша істейтіндердің үлесі жоғары – 83%, ал ауылда – 64% шамасында. Әйелдер арасында өз мамандығына адал еңбек ететіндер көбірек (77,6%), бұл көрсеткіш ерлерде 74,8%.

Алматы мен Түркістан – еңбек орталығы

Жұмыспен қамтылғандардың ең көбі Алматыда (1,1 млн адам) және Түркістан облысында (818,8 мың адам). Бұл екі өңір соңғы жылдары еңбек нарығының негізгі өзегіне айналып келеді. Ал ең аз жұмыспен қамтылған аймақ — Ұлытау облысы: небәрі 94,7 мың адам.

Сауда мен білім – ең еңбекқор салалар

Қазір ең көп жұмыс күші сауда, көлік жөндеу және қызмет көрсету саласында шоғырланған – 1,6 миллион адам. Одан кейін білім беру (1,2 млн) және ауыл шаруашылығы (1 млн) келеді.
Сумен жабдықтау, экология және жылжымайтын мүлік салаларында еңбек ететіндер ең аз.

«Дәрігер 6 сағат ұйықтады»: Арыста 4 жасар баланың өліміне ата-анасы дәрігерлерді кінәлады

Фото: stan.kz

Түркістан облысы, Арыс қаласында қайғылы оқиға болды: төрт жасар Әлирахман Сейітхан аурухана қабырғасында көз жұмды. Қайғыдан қан жұтқан ата-ана баланың өліміне тікелей дәрігерлерді кінәлап отыр.

Олардың айтуынша, түн ортасында ауруханаға түскен балаға кезекші дәрігер алты сағат бойы қарамаған, себебі ол өз кезекшілігі кезінде ұйықтап жатқан.

 

«Таңғы тоғызға дейін ешкім қарамады»

 

Баланың анасы Ұлжан Жүзейдің айтуынша, олар ауруханаға түнгі сағат 03:30-да түскен.

«Баламды түнгі үш жарымда алып бардық. Таңғы тоғызға дейін ешкім қарамады. Сол аралықта балам сөйлеп, су сұрады, дәретке барды. Өзім де тынышталып, дау шығармадым. Бірақ таң ата есінен айырылды. Дәрігер тек сол кезде келді», — дейді баланың анасы.

Анасының сөзінше, ауруханада МРТ мен КТ аппараты болмаған, сол себепті дәрігерлер нақты диагноз қоя алмаған.

 

Дұрыс қойылмаған диагноз

 

Жергілікті дәрігерлер алдымен болжаммен «вирустық энцефалит» деген диагноз қойған, алайда анализдер таза шыққан. Кейін баланың жағдайын бағалауға астанадан арнайы маман шақыртылған. Ол жергілікті дәрігерлердің диагнозын өзгертіп, жаңа ем жоспарын қалдырған.

«Астанадан келген маман басқа диагноз қойып, дәрілер жазып кетті. Бірақ балам жұмаға жетпеді», — дейді анасы көз жасына ерік беріп.

10 қазанда ауруханаға түскен кішкентай Әлирахман 23 қазанда жан тәсілім еткен.

 

«Дәрігерді үш рет оята алмадым»

 

Оқиғадан кейін тергеушілер келгенде, түнгі кезекшілікте болған мейірбике дәрігерді үш рет оятуға тырысқанын, бірақ оята алмағанын айтқан.

Ата-ана бұл жағдайға қатты ашынып отыр.

«Бір баланың өмірі қыл үстінде тұрғанда дәрігер ұйықтап жата ма? Кейін ол дәрігер бізге адам жіберіп, «арызды қайтарып алыңдар» депті. Естуімше, бас дәрігер қазір депутат болуға дайындалып жүр. Бірақ біз кінәлілер жазасын алсын дейміз», — дейді Ұлжан Жүзей.

Қайғылы оқиғадан кейін Арыс қалалық ауруханасы баланың өліміне дейін қызметтік тексеріс басталғанын хабарлағанымен, оның нақты нәтижесі әлі жарияланбады. Құқық қорғау органдары да бұл іске қатысты әзірге ресми ақпарат берген жоқ.

ҚазҰУ-дың жауабы қандастарды қанағаттандырмады: «Университет грант пен ақылыны сылтауратып отыр»

Сурет ЖИ көмегімен жасалды

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «жатақхана тек гранттағы қандастарға беріледі, ал ақылыдағы шетелдіктер бізде тұрмайды» деген ресми жауабы дауды басудың орнына, жаңа сұрақтар тудырды. Редакцияға хабарласқан студенттер университет басшылығының сөзін жоққа шығарып, жатақхана бөлудегі әділетсіздіктің одан да тереңде жатқанын айтып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, осы аптада Qazaq.today Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің студенттері хабарласқан болатын. Олар «Отаным» деп келген этникалық қазақтарға (қандастарға) жатақхана бұйырмай, ал басқа шетелдік азаматтардың жайғасқанын айтып шағымданған еді.

Нәтижесінде, жас студенттер Алматының шетіндегі Талгар, Жамбыл аудандарынан қала орталығындағы оқу орнына қатынап оқуға мәжбүр. Бұл жағдай университеттегі жемқорлық күдігін арттырып, басшылық ақылы қызмет алатын шетелдіктерге басымдық беріп отыр ма деген сұрақ тудырған.

Ресми жауапты талдау: «Тек гранттағыларға…»

Бұл шулы мақаладан кейін ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі ресми жауап берді. Университет өз жауабында «жатақхана тек мемлекеттік грант негізінде оқитын қандас тыңдаушыларға беріледі» деп кесіп айтты.

Сонымен қатар, олар «Ақылы бөлімде оқитын шетел азаматтары (мысалы, ҚХР азаматтары қытайлар) факультетке бөлінген жатақханада тұрмайды« деп сендіруге тырысты.

Алайда, бұл жауап далада қалған студенттердің ашуын ғана келтірді. Олардың айтуынша, университеттің жауабы шындыққа жанаспайды және негізгі мәселеден әдейі жалтару болып табылады.

Студенттердің тікелей жауабы: «Бұл өтірік

Редакция жатақханадан тыс қалған студенттермен қайта хабарласты. Олар университеттің «грант» туралы уәжін жоққа шығарды.

«Біздің арамызда грантта оқитындар да, ақылы бөлімде оқитындар да бар,» — дейді аты-жөнін атамауды сұраған студенттердің бірі. — «Бізге ‘кезек’ деп сылтауратты. Бірақ біздің факультетте ақылы оқитын басқа шетелдіктер жатақханада жатыр. Ал біз, ақылы түгілі грантта оқысақ та, ұлтымыз қазақ болсақ та, далада қалдық. Бұл қалай?»

Студенттер ҚазҰУ-дың «ақылы шетелдіктер бізде тұрмайды» деген сөзімен де келіспейді.

«ҚазҰУ ‘бізде тұрмайды’ деп ашық өтірік айтып отыр,» — дейді екінші студент. — «Біз олардың қай жатақханада, қай бөлмеде тұратынын білеміз. Қолымызда дәлелдер бар. Неге олар бізбен кездесіп, бетпе-бет сөйлеспейді? Бізді ‘жалған ақпарат таратты’ деп айыптағанша, өздерінің ісін түзесін».

Жаңа фокус: Ұлты қазақ қандас < Ақылы шетелдік?

Бұл жерде мәселенің ұшы басқа жақта жатқаны көрінеді. ҚазҰУ-дың ресми жауабы «грант» мәселесін алға тартып, негізгі проблеманы жасырып отыр. Мәселе «гранттағы қандас» пен «ақылыдағы қандаста» ғана емес.

Жаңа фокус мынада: неліктен ақылы негізде оқитын этникалық қазақтарғаандастарға) қарағанда, ақылы негізде оқитын басқа шетел азаматтарыналты қазақ емес) басымдық беріледі?

«Отаным» деп келген қандас грантта оқыса да, ақылы оқыса, жатақханадан үмітін үзуі керек пе? Ал басқа елдің азаматы ақылы оқыса, оған бар жағдай жасала ма? Бұл университет ішіндегі әділетсіздік пен басымдықтардың бұрмаланғанын көрсетпей ме?

Студенттер өз сөздерінің дәлелі ретінде жатақханада тұрып жатқан ұлты қазақ емес шетелдік студенттердің тізімі мен бөлме нөмірлерін ұсынуға дайын екенін жеткізді.

Редакция өз кезегінде ҚазҰУ баспасөз қызметін «жалған ақпарат таратпауды сұраймыз» деген жадағай жауаппен шектелмей, мәселенің мән-жайын тереңірек зерттеуге шақырады. Жатақхана ала алмай жүрген қандастармен, университет басшылығымен және жатақханаға орналасқан басқа да шетелдік студенттермен ашық кездесу ұйымдастыру – мәселенің ақ-қарасын анықтайтын жалғыз жол.

Біз бұл тақырыпты бақылауда ұстаймыз және университет басшылығына бүгін дайындалған нақты сұрақтар негізінде ресми сауал жолдадық. ҚазҰУ баспасөз қызметі мәселені бақылауда ұстайтынын, сұрақтарға жауап беретінін жеткізді.

 

ҚазҰУ-да тағы да шу: Жатақхана «Отаным» деген қандастарға емес, шетелдіктерге берілген

Жалпы адамзаттық құндылықтар және қазіргі қоғам: Моральдық бағдарды қайдан іздейміз?

Фото: Todayinfo.kz

Құндылықтар дағдарысы және оның әлеуметтік салдары

Қазіргі заманда технологиялық прогресс пен ақпарат ағынының жылдамдығы материалдық игіліктерді арттырғанымен, қоғамда рухани-моральдық бағдарлардың әлсіреуі байқалады. Бұл үрдіс әлеуметтік мәселелердің тереңдеуіне әкеледі: жастар арасындағы құқық бұзушылық, отбасы институтының дағдарысы, лудомания (құмар ойындарға тәуелділік) және басқа да деструктивті әрекеттердің көбеюі алаңдатады.

Мұндай жағдайда қоғамдық тұрақтылықты сақтау үшін әділеттілік, жауапкершілік және мейірімділік сияқты іргелі моралдық қағидалардың маңызы артады. Бұл жалпы адамзаттық құндылықтар зайырлы гуманизмде, ұлттық дәстүрлерде және әртүрлі діни ілімдерде, соның ішінде ислам мәдениетінде де көрініс табады.

Іргелі этикалық принциптердің қоғамдық қызметі

Кез келген тұрақты қоғам белгілі бір этикалық нормаларға негізделеді. Олардың діни немесе зайырлы сипатта болуына қарамастан, атқаратын әлеуметтік қызметі ұқсас:

  1. Әділеттілік: Бұл – тек моральдық ұғым емес, зайырлы мемлекеттің негізі – заң үстемдігінің іргетасы. Азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне, нанымына немесе шығу тегіне қарамастан, заң алдында теңдігін қамтамасыз ету – қоғамдық келісімнің басты шарты.
  2. Адалдық пен Жауапкершілік: Азаматтық қоғамда бұл «әлеуметтік сенім» деп аталады. Бұл қасиеттер жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырады, мемлекеттік институттардың ашықтығын (транспаренттілік) және есептілігін талап етеді.
  3. Гуманизм мен Мейірімділік: Бұл принциптер әлеуметтік қолдау жүйелерінің, волонтерлік қозғалыстардың және қайырымдылық институттарының негізінде жатыр. Азаматтық қоғамның белсенділігі – мұқтаж жандарға көмек көрсетуде мемлекеттің күшін толықтыратын маңызды элемент.
  4. Әлеуметтік байланыстар: Мықты отбасылық және қоғамдастық байланыстар – қоғамның «иммундық жүйесі». Ол жеке тұлғаны әлеуметтік оқшауланудан қорғайды.

Әлеуметтік кеселдерге азаматтық қоғамның жауабы

  1. Лудомания (Құмар ойындар) мен Ішімдік мәселесі

Бұл мәселелерді тек жеке адамның «күнәсі» немесе «әлсіздігі» ретінде қарастыру жеткіліксіз. Бұл – қоғамдық денсаулық сақтау және экономикалық қауіпсіздік мәселесі.

  • Құмар ойыны: Бұл еңбекке негізделмеген табыс иллюзиясын тудыратын, клиникалық түрде танылған психологиялық тәуелділік (лудомания).
  • Ішімдік: Адамның ақыл-ойын бұзып, зорлық-зомбылық пен жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне тікелей себеп болады.

Зайырлы шешімдер: Мәселенің шешімі тотальды тыйым салуда емес (бұл тәжірибеде тиімсіз), кешенді мемлекеттік реттеуде жатыр. Азаматтық қоғам бұл жерде қоғамдық бақылауды (мысалы, жарнаманы шектеу, жасөспірімдердің қолжетімділігін қадағалау) күшейтеді. Сондай-ақ, діни уағыздың орнына, денсаулық сақтау министрлігі мен үкіметтік емес ұйымдардың санитарлық-ағарту жұмыстары, оңалту орталықтарының желісін дамыту маңызды рөл атқарады.

  1. Ажырасу және Отбасы институтының дағдарысы

Ажырасудың көбеюі – күрделі әлеуметтік-экономикалық және психологиялық факторлардың жиынтығы. Оған материалдық қиындықтар, серіктестердің жауапсыздығы және гендерлік теңсіздік мәселелері әсер етеді.

Азаматтық шешімдер: Зайырлы қоғамда отбасын сақтау «бұйрық» арқылы емес, келесі жолдармен жүзеге асады:

  • Гендерлік теңдік: Ер мен әйелдің «басшы» және «бағынушы» моделінен гөрі, өзара жауапкершілік пен серіктестікке негізделген қарым-қатынас моделіне көшу.
  • Психологиялық қолдау: Дағдарысқа ұшыраған отбасыларға арналған қолжетімді мемлекеттік және жеке психологиялық кеңес беру қызметтерін дамыту.
  • Әлеуметтік кепілдіктер: Жас отбасыларға, әсіресе балалы аналарға мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік-экономикалық қолдау – ажырасудың алдын алудың маңызды факторы.

Зайырлы мемлекеттегі моральдың негізі

Әділеттілік, адалдық, жауапкершілік және гуманизм сияқты жалпыадамзаттық құндылықтар кез келген қоғамның тұрақты дамуы үшін қажет. Тарихи тұрғыдан бұл құндылықтарды діни ілімдер, соның ішінде ислам діні де өз арнасында сақтап, насихаттап келді және бұл – оның мәдени рөлі.

Алайда, қазіргі зайырлы мемлекет пен азаматтық қоғам жағдайында бұл моральдық қағидалар тек діни сенімге ғана сүйенбеуі тиіс. Олардың негізгі тірегі – баршаға ортақ заң үстемдігі, азаматтық белсенділік, сыни ойлауға негізделген білім беру жүйесі және тең құқылы диалог.

Қоғамдық кеселдермен күрес – діни насихаттың ғана міндеті емес, ол бүкіл қоғамның, мемлекеттік институттардың және әрбір саналы азаматтың ортақ ісі. Тұрақты және өркениетті қоғам – діни догмаларға емес, құқыққа, білімге және жалпы адамзаттық ізгілікке негізделген қоғам.

 

ҚазҰУ-да тағы да шу: Жатақхана «Отаным» деген қандастарға емес, шетелдіктерге берілген

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде (ҚазҰУ) тағы да ірі дау шықты. Бұл жолы Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің студенттері жатақханадан орын бөлудегі әділетсіздікке шағымдануда. Оқиға жемқорлыққа қатысты күдікті күшейтіп отыр.

Қандастар далада, шетелдіктер жатақханада

Мәселенің мәні мынада: аталған факультетте Қытайдан, Өзбекстаннан, Моңғолиядан келген этникалық қазақтар (қандастар) білім алуда. Алайда, оларға университет жатақханасынан орын бұйырмаған. Нәтижесінде, жас студенттер Алматының шетіндегі Талғар, Жамбыл аудандарынан қала орталығындағы оқу орнына қатынап жүруге мәжбүр. Ал, кей күндері сабақтың 18-19:00 ге дейін жалғасатынын ескерсек, жастары 16-17-дегі өрімдей жас қыздар үшін түнде қала сыртына қатынау қандай қауіпті екенін айтпасақ та түсінікті.

Бір қызығы, дәл осы факультетте қазақ жоғары оқу орындарына түсу үшін дайындалатын ұлты қазақ емес, басқа да шетелдік азаматтар (мысалы, Қытай азаматтары) ақылы бөлімде оқиды.

Шағымданушылардың айтуынша, осы ұлты қазақ емес ақылы бөлімдегі шетелдік студенттердің барлығы жатақханамен қамтамасыз етілген. Ал «Отаным, елім» деп келген қандас жастарға орын бұйырмай отыр. Бұл жағдай аталған жоғары оқу орнындағы жемқорлық күдігін айтарлықтай арттырады: университет басшылығы ақылы қызмет алатын шетелдіктерге басымдық беріп, өз қандастарын екінші орынға қойып отыр ма?

Жер дауынан «пәктік тізіміне» дейін: ҚазҰУдағы даулар тізбегі

Бұл ҚазҰУ-дың атын «шығарған» жалғыз оқиғасы емес. Университет беделіне соңғы жылдары бірнеше рет ауыр соққы тиді.

  1. Жер сату дауы: Еске салсақ, осыған дейін ҚазҰУ басшылығына қатысты университеттің бағалы жер телімдерін сату бойынша жемқорлық дауы болған еді.
  2. Студент суициді: Ал осы жазда Алматыда ҚазҰУ студентінің 14-қабаттан секіріп, өзіне-өзі қол жұмсап қайтыс болғаны туралы қайғылы хабар тарады.
  3. Өткен жылы «Пәктік тізімі» (Список девственниц) таралса, енді, міне, жатақхана төңірегіндегі кезекті дау туындап отыр.

Елді шулатқан «пәктік тізімі» дауы

Өткен жылы ҚазҰУ-да студент қыздардың жеке деректерінің тарап кетуіне байланысты үлкен жанжал шыққан еді.

Сол кезде БАҚ пен Telegram-арналардың хабарлауынша, 190 адамнан тұратын старосталардың WhatsApp тобына төрт құжат жіберілген. Бұл тізімде қыздардың аты-жөні, ЖСН, ұялы телефон нөмірлерінен бөлек, медициналық деректер де болған. Тізімнің бір бағанында студент қыздардың қайсысы virgo (пәк екенін білдіретін медициналық термин), қайсысы пәк еместігі көрсетілген.

Бұл іске Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ЖОО әкімшілігі араласқан. Анықталғандай, университетке медициналық қызмет көрсететін емхананың медбикесі механика-математика факультетінің 3-4 курс студенттерінің флюорографиядан өтуі керек тізімін деканат қызметкеріне WhatsApp арқылы жіберген. Алайда, ол дәрігерлік құпияға жататын аса құпия мәліметтерді өшірмеген. Ал одан әрі бұл ақпаратты басқа адамдар таратып жіберген.

Университеттегі жер дауы, студент өлімі және «пәктік тізімі» сияқты ірі даулардан кейін енді қандастарға тиеселі жатақхана орнын саудалап, орнына шетелдіктерді кіргізу оқиғасы ҚазҰУ-дағы жүйелі мәселелердің әлі де шешілмегенін көрсетеді.