Category Archives: Саясат

Президент: Қазақстан шет елдерден тікелей инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр

Қазақстан шет елдерден тікелей инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

«Қазақта „Еңбегіне қарай — өнбегі“ деген сөз бар. Мұны, ең алдымен, ауыл халқының ерен еңбегінің жемісі деуге болады. Мемлекет тарапынан да тиісті жұмыс жүргізілді, қажетті көмек берілді. Қазір елімізде жаңа экономикалық бағдар аясында нақты шаралар қолға алынып жатыр. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде инфляция деңгейі төмендеді, сондай-ақ ұлттық экономиканың өсімі 2024 жылдың қаңтар-қазан айларында 4 пайыздан асып, жақсы қарқын алды. Мұнайдан тыс салаларды дамыту арқылы оң динамика байқалады. Бұл — маңызды үдеріс», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, ішкі жалпы өнім өсімінің үштен екісінен астамы сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс пен ауыл шаруашылығына тиесілі. Осы бағыттағы белсенді жұмысты жалғастыру керек.

«Қазақстан шет елдерден тікелей инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Биыл жетекші халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстанның қазіргі несие рейтингі инвестициялық сенімділік деңгейінде тұрғанын растады. Қыркүйекте Moody’s агенттігі Қазақстанның ұзақмерзімді рейтингін „Тұрақты“ деңгейіне көтерді. Бұл — Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үздік нәтиже», — деді Президент.

Тоқаев Хорватияның премьер-министрін келесі жылы Астанаға шақырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Хорватия премьер-министрі Андрей Пленковичпен кездесті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Президент Хорватияны Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді серіктесі ретінде атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Андрей Пленкович екіжақты қарым-қатынасты, соның ішінде сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың қазіргі жай-күйін талқылады.

«Кездесуде энергетика секторындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға баса назар аударылды. Мемлекет басшысы Қазақстанда жұмыс істеп жатқан хорватиялық компанияларға қолдау білдірді. Бұдан бөлек, виза режимін оңтайландыру мәселесі қарастырылды.

Орайлы сәтті пайдалана отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев Хорватия премьер-министрін келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына шақырды. Ал Андрей Пленкович Қазақстан Президентіне Хорватияға сапармен келуге ұсыныс білдірді», — делінген Ақорда хабарламасында.

Үкімет легионерлерге ақшаны да үйіп төкті, азаматтықты да тез алып берді – Абзал Құспан

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан отандық жас спортшыларды қолдауға қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

«Қазір ұлттық құрамамызда Қазақстанның азаматтығын алып алған шетелдік легионерлер жетіп артылады. Бірақ олардың жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай емес. Оларға келген кезде Үкімет ақшаны да үйіп төкті, азаматтықты да жылдам әрі тез алып берді. Бірақ Париж олимпиадасының алдында Қазақстанның азаматтығын алып алған екі бірдей теннисші ең маңызды сәтте жарысқа қатысудан бас тартқанын да білеміз. Бұл елдің наразылығын тудырды. Болашақ жас спортшыларымыздың жолын кестірмейтін осындай атлеттерден Қазақстан азаматтығын алу үшін министрлік тарапынан заңнамада нақты тетіктер қарастырылған ба?», — деп сұрады депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың сөзінше, бүгінгі таңдағы негізгі мақсат – отандық мектепті қалыптастырып, өзіміздің спортшыларды қолдау.

«Заң жобасы аясында Қазақстан азаматтары болып есептелмейтін спортшылар бюджет қаражаты мен квазимемлекеттік сектор қаржыландыруға тыйым салу көзделген. Әрине, біз заң аясында азаматтықты алып, ел чемпионаттарына қатысамын деген шектеу қоя алмаймыз. Бірақ біз нақты әр спорт түрінен барып, дайын спортшыларды елге әкеліп жұмыс істемейміз. Сырт елден ғылыми топтарды тарту, ғылыми институттармен жұмыс істеу, сырт елден бапкерлік корпусты жақсы талдаудан кейін шақырып жұмыс істеу жоспарымызда бар», — деді ведомство басшысы.

Фото: nege.kz

Дональд Трамп Илон Маскқа қызмет ұсынды

АҚШ президенттік сайлауының жеңімпазы Дональд Трамптың сәрсенбіде жарияланған мәлімдемесіне сәйкес, миллиардер Илон Маск пен бизнесмен Вивек Рамасвами жаңа үкіметтік тиімділік департаментін (DOGE) басқарады, деп жазады Qazaq Today ақпарат агенттігі.

«Мен америкалық патриот Вивек Рамасвамимен бірге жұмыс істейтін ұлы Илон Масктың Үкімет тиімділігі департаментін (DOGE) басқаратынын хабарлауға қуаныштымын. Осы екі ұлы америкалық бірігіп, менің әкімшілігіме мемлекеттік бюрократияны жоюға, артық ережелерді қысқартуға, ысырапшыл шығындарды қысқартуға және федералды агенттіктерді қайта құрылымдауға жол ашады», – делінген хабарламада.

«Бұл жалпы жүйеде төңкеріс жасап, мемлекет қаражатын ысырап етумен айналысатындардың жөнге салатын бастама», – деп жазды Трамп.

Ол сонымен қатар жаңа департаментті АҚШ-та атом бомбасы жасалған Манхэттен жобасымен салыстырды.

Жаңа бөлімнің атауы Маск қолдайтын криптовалюта Dogecoin (DOGE) дегенді білдіреді. Ол Сиба Ину итін бейнелейтін Doge интернет мемінің құрметіне аталған.

Тоқаев Баку олимпиадалық стадионына барды

Мемлекет басшысын Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев пен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш қарсы алды, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы.

Президент СOP29 саммитінің пленарлық сессиясында ең бірінші болып сөз сөйлейді.