Category Archives: Саясат

Тоқаев арқасына үтік басылған талдықорғандық азамат туралы пікір білдірді

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaqstan телеарнасына сұхбат берді. Сұхбат барысында «Қаңтар оқиғасына» қатысты сұрақтар қойылып, мемлекет басшысы жауап берді.

– Біз қаралы, қасіретті күндерді бастан өткердік. Оны мойындауымыз керек. Тәуелсіздік жылдары көптеген сынаққа тап болдық. Оны ел болып еңсердік. Бірақ дәл осындай қарақшылардың әрекетін бірінші рет көріп отырмыз. Отанына қызмет ететін азаматтар мұндай опасыздыққа бармайды. Кейбір топтар жағдайды өз мүддесіне пайдаланғысы келді. Бұл – төңкеріс деген сөз, – деді ол.

Президент қарапайым азаматтардың өздері жақсы көретін қаласын бұлай қиратпайтынына сенімді. Мемлекет басшысының айтуынша, қарақшылардың басты мақсаты дүкендерді тонау, әйелдерді зорлау және билікті төңкеру.

– Мен бұл мәселелерді жақсы білемін. «Шаш ал десе, бас алатын» әрекеттерге тосқауыл қоюға тапсырма бердім. Қоғамдық комиссиялар өз жұмысын бастады. Олардың жұмысына күштік құрылымдар да, мен де араласпаймын, – деді Президент.

Дереккөз

«Арасында көз жұмғандар бар»: «Дикий Арманның» қылмыстық тобы 24 адамды ұрлап әкетіп, күштеп ұстаған

«Дикий Арман» деген лақап атпен танымал Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының мүшелері 24 бейбіт тұрғынды ұрлап кетіп,  күштеп ұстаған. Бұл туралы Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров мәлімдеді,  деп хабарлайды Qazaq.Today порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Ожаровтың айтуынша, бүгінде ұйымдасқан қылмыстық топтың 18 мүшесі ұсталған. Сондай-ақ 21 адамның адам өлтіру, ұрлық, тонау баптары бойынша соттылығы бар болып шықты.

«Олардың арасында «Дикий Арман» деген лақап атпен танымал Арман Жұмагелдиев пен оның тобының мүшелері бар. Мен бұл айыпталушыға жеке тоқталамын. Оның қарулы адамдары кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдардың арасынан 24 бейбіт тұрғынды ұрлап кетіп, күштеп ұстап отырған. Оларды алдымен бір жерден екінші жерге апарып, ұрып-соғып, нәтижесінде бір адам қаза тапты. Сонымен қатар, қарақшылар бұған дейін 12-ші қалалық ауруханада қатты соққыға жығылған полицейдің қызметтік қаруын алып кеткен», — деді Ризабек Ожаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, аталған факт бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.

«Әлеуметтік желілерде Жұмагелдиев босатылды немесе белгісіз жаққа жеткізілді деген түрлі болжамдар мен жалған ақпараттар таралып жатыр. Іс қосымша тергеу үшін арнайы прокурорларға жіберілді. Біз оны ҰҚК уақытша ұстау изоляторына ауыстырдық. Ол сонда қамауда отыр», — деп қосты Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы.

Айта кетейік, 2 ақпанда адвокаттар «Дикий» Арманның тергеу изоляторынан жоғалып кеткенін мәлімдеген. Кейін Жұмагелдиевтің басқа изоляторға ауыстырылғаны анықталды.

Еске салсақ, 7 қаңтарда Алматыдағы арнайы операция барысында «Дикий Арман» бастаған ұйымдасқан қылмыстық топтың алты мүшесі ұсталғаны хабарланды.

Қылмыскерлерден түрлі марка мен калибрлі 4 жартылай автоматты тапанша, оқ-дәрі, суық қару мен броньдалған көлік тәркіленді. «Дикий Арманды» ұстау сәтінің суреттері жарияланды. Оларға қарағанда ұстау операциясы қонақүйлердің бірінде болған.

«Әкемнің аруағы мені қорғап қалды» — Бақытжан Сағынтаев қарша бораған оқтан қалай аман қалғанын айтты 

Алматы қаласының экс-әкімі Бақытжан Сағынтаев өзіне жасалған қарақшылық шабуылдан қалай аман қалғанын айтты. Оқиғадан кейін берген сұхбатында, экс-әкім қарша бораған оқтың ортасына қалай тап болғанын бастан аяқ баяндап берді. 

Оның сөзінше, әкімдіктің қызметкерлерін оқтың ортасына қара джип әдейіп алып барған. Сағынтаев қалада жаппай тәртіпсіздік орнаған сәтте жұмыс орнын қалалық ПД көшірген. Оның айтуынша 4-қаңтар күні  кешке қарай  Алтын Орда базары жақтан агрессивті бес жүздей адам шыққан. Ашулы, жолындағылардың бәрін бәрін бүлдіріп отырған топты полицияларда тоқтата алмаған. Қалаға бет алғандар сол сәтте ақ құқық қорғау органдарының жасағын тас-талқан қылып, Алматы Аренаға жиналған бейбіт шерушілерге қосылған. Бейбіт шерушілердің арасына кірген олар сол сәтте ақ көпшіліктің ниетін бұзып жіберген. Келесі күні тағыда сол Алтын Орда базары жақтан таяқ, балта, өзгеде құралдармен қаруланған кемі оң мың адам Райымбек даңғылы арқылы Республика алаңына жиналған. Әкімдікті қорғап тұрған қарусыз 700 сарбазды ұрып соғып, ғимараттарды өртеп жіберген.

«Құқық қорғау органдары, әскерилер тарапынан қатал шараларды қабылдау керектігін түсіндік. Біз таңнан әкімдікті, алаңды, президент резиденциясын тазалап, ары қарай қаланы да қалыпқа келтіреміз дедік. Коменданттық сағат енгізілгенде әкімдік, коммендат екінші сатыға жылжып, тәртіпке келтіру шаралары басқа арнайы қызметке өтті және жетекшілік ету соларға берілді. Әкімдік қаланы қажетті дүниемен қамтамасыз етумен айналысты. Бұл 6-қаңтардағы жағдай. Алаңды, әкімдікті босатқан соң мен өзімнің әріптестеріммен әкімдікке барамыз дедік. Олардың әкімдікті түгін қалдырмай өртеп жіберетінін басында болжамадық. Біз таңертеңнен бастап әріптестерімізбен әкімдіке барамыз деп жоспарладық. Ол жаққа бару үшін бізге рұқсат алу керек. Ол жақ қауіпсіз болу керек еді. Басында әкімдікті, алаңды босатумен әскерилер айналысты, сағат ондарға қарай Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы жасақ ұшып келлді. Біз рұқсат беруін күттік. Бізге әкімдікке баруға кешке қарай бірақ рұқсат берілді», — деді экс-әкім өзінің сұхбатында.

Өртеніп кеткен әкімдікке бармақшы болған Сағынтаев қасына өзге де лауазымды қызметкерлерін ерткен екен. Алайда оларға орта жолдан белгісіз джип қосылып, кортедж жылдамдықты баяулатуға мәжбүр болған. Әкімдіктің қызметкерлерін қасақан жолынан адастырған джип әкім отырған  кортеджні алаңға қарай бастаған. Кортеджге оқ қарша борағанда Сағынтавтың көлік жүргізушісі де жаралған. Шабуылдың астында қалған қаланың сол кездегі басшысы бәрі осымен бітті деп ойлапты.

«Кешке қарай біз әріптестерімізбен әкімдікке қарай қозғалдық, қасымызда Алматы телеарнасының қызметкерлі болды. Біз ол жаққа шығатынымызды, бізді қарсы алу  туралы ешкімге ештеңе айтқан жоқпыз. Себебі, біз қай уақытта баратынымызды өзімізде білмедік. Бізге ол жақ (әкімдіктің ғимараты — ред) таза дегенде шықтық. Ешқайсымыз  бронтехникаға жасырынбадық, Skodaмен шықтық. Біз Әл-Фараби даңғылынан Назарбаевқа қарай бұрылғанда  алдымыздан қара джип шықты. Біз бұл не қылған машина деп таң қалдық? Ол джип біздің алдымызға шығып қана қоймай, жылдамдықты сағатына 30 км дейін түсірді. Сол кезде коллона жылдам жиналып, өте баяу қозғалды. Президент резиденциясынан өте Назарбаев даңғылынан солға қарай, әкімдікке бұрылатын жол бар. Біз алаңға емес, әкімдікке солға қарай бұрылуымыз керек еді. Бірақ бізді ары қарай алып кетті. Осыны айтып үлгергенше қара джип кері жылдам бұрылып, жоғары Әл-Фарабиге қарай кетіп үлгерді. Сол кезде атыс басталды. Қара джип жинап алып келді, ол машина болмағанда біз әкімдікке қарай бұрылып кетер едік. Алдымыздағы машинадағылар да оны жолбастаушы екен деп қалды. Қауіпсіздікті қаматамасыз етуші әскерилердің адамдары екен деп ойлаған болу керек. Бізге ешкім ештеңе ескерткен жоқ. Не болғанын және шабуылдың қандай деңгейде болғанын біздің бір қызметкеріміз телефонға түсіріп үлгерген. Шабуылдаған сәттегі роликті бәрілеріңіз көрдіңіздер. Кейін менен, «Сіз қорықтыңыз ба, қорқынышты болды ма?» деп сұрады. Шынымды айтайын, мен сол сәтте ештеңені түсініп те үлгермедім. Тек «маған қашан оқ тиеді? деген ой болды. Себебі, оқтың атылуына қарап «бәрі бітті» дедім. Себебі, ол жерден шығарда машина бірсе оңға, бірсе солға бұрылды, бес секунд өтер өтпесте жүргізушім «аяғым-аяғым» деп айғайлай бастады. Оның аяғына оқ тиіпті. Бірақ кәсіби ғой, рулді жібермеді. Кейін штабқа келгенде, қасымда отырып айтқаны, оқ тигенде екі аяғыда жансызданып қалған, сезбейді. Сол бір жанталас сәтте  аяғы қимылдап, газды басып үлгерген. Біз әйтеу ол жерден шығып үлгердік», — деді Алматы қаласының сол кездегі басшысы.

Экс-әкім ұзақ уақыт шокта болған. Шабуылдан әкімдіктің қызметкрелері ғана емес, Алматы телеарнасының көлік жүргізушісі мен операторына да оқ тиген еді. Телеарнаның көлік жүргізушісі тиген оқтың кесірінен оқиға орнында бірден қайтыс болып кеткен. Сағынтаев өзіне жасалған қарақшылық шабуылдан аман қалуының себебін әкес аруағының қолдауы деп түсіндірді.

«Не болғанын көпке дейін түсінбедім, шокта болдым. Бұның немен бітуі мүмкін екенін бірнеше күннен соң бірақ түсіндім. Осы оқиғадан соң біздің жанұямыздағы бір жағдай есіме түсті. 1973 жылы менің әкемді атып кеткен, ол кезде мен 10 жастамын. Қаладан ауылға келдік. Сол уақытта Жамбыл деп аталатын. Қараңғы түсіп кеткен, қақпаның жанындағы діңгекте жарық жанып тұрғанын білем. Біз аулаға кірмедік, сыртқа тоқтадық. Ол кезде ГАЗ-69 еді. Әкем алдыда, мен артында отырғам. Біз бірге шықтық сыртқа. Оқ атқан адам қақпаның сыртында, жақын жерде тұрған. Содан кешкі ас ішіп, әкем сыртқа шыққанда елу метр қашықтықтан атқан. Кейін ол ұсталып, сотталғанда айтқаны «ұлды аядым» (көліктен түскен кезде атпаған себебін түсіндіргені — ред) деді. Екі рет атып, жаралаған. Егер ол басында жақын жерден атқанда, әкемді өлтірер еді. Ол жағдайда мен әкемді қорғап қалдым деп ойладым. Жарақаттанды, кейін ота жасалды. Жаратушы оны арашалап қалды. Ол (Әбдір Сағынтаев —  Социалистік Еңбек Ері, зоотехник-агроном) Ұлы Отан соғысына қатысып, жарақатпен оралған. Өкінішке қарай ол өмірден небәрі 64 жасында ерте кетті. Мен есейіп, өмірге араласқан сәтте, оның ақыл-кеңесіне мұқтаж болғанда кезде неге ерте қайтыс болып кетті деп ойлайтынмын. Әкелік қамқорлық, әңгімелесу, кеңесін алу деген ойлар иығымнан түспейтін. Осы жағдай өз басымда болғанда әкемнің мені тастап кетпегенін ұқтым. Әкемнің аруағы мені қорғап қалды. Ол үнемі менімен бірге. Ол мені қорғап жүрген, ол мені бермеді. Біз қазақ халқы аруаққа қатты сенеміз. Әкемнің аруағы осы жолы мені қорғап қалды. Сондықтан өзімнің әкеме деген құрметім шексіз!», — деді Бақытжан Сағынтаев.

Қаралы қаңтар: «Cүйекті қазып аламыз дегені жығылғанға жұдырық»

Полиция Алматыдағы қаңтар дүрбелеңінде оқ тиіп, ауруханада көз жұмған 22 жастағы Олжас Әлімжанның да мәйітін қазып алмақ. Марқұмның жақындары бұған қарсы. Кейінгі аптада сот орындары қаңтар оқиғасында қаза болғандардың біразының сүйегін қайта қазып алу туралы шешімдер шығарып жатыр. Бұл туралы Qazaq.today басылымы Азаттыққа сілтеме жасап хабарлайды.

«ЖЕРЛЕУГЕ ӘКІМНІҢ ӨЗІ РҰҚСАТ БЕРГЕН»

Алматы қаласынан жүз шақырымдай жердегі Ақсеңгір ауылындағы Шәбен ақсақалдың шаңырағы 8 қаңтарда үйінен сүйек шығарды. 22 жастағы немересі Олжас Әлімжан 5 қаңтарда Алматыдағы дүрбелеңде оққа ұшып, қаза тапқан (өлімі туралы анықтамада оқ тигені жазылған).

Ақсеңгірге барған сәтте ауыл тұрғындары тағы бір адамның сүйегін зиратқа алып бара жатыр екен. «Бұл кісінікі – Алланың ақ өлімі ғой. Олжасты айтсаңызшы, қайран боздақ, қыршынынан қиылды ғой» деп күрсінді таксист жігіт.

Таксистің айтуынша, Олжастың атасы Шәбен ақсақал бұл ауылға осыдан 20 жыл бұрын Қытайдан көшіп келген. Ақсақал елге көшіп келгенде екі жасар Олжасты да өзімен бірге ала келген. Ал қаза болған жас жігіттің анасы мен туған қарындасы Қытайда қалып қойып, жерлеуге келе алмаған.

Қаралы үйге жұрт әлі көңіл айтып келіп жатыр. Есіктен енген сәтте бізді сексеннен асқан кейуананың зарлы жоқтауы қарсы алды. Аракідік өксіп-өксіп қойып, немересін үздіксіз жоқтап отыр.

Өтеуін кімнен сұраймын,

Төгілген мынау көз жасты-ай.

Анаң да қалды-оу аңырап,

Үзіліп қолқа жұлынды-ай!..

Баласынан айырылған шаңырақ қайғыдан ес жия алмай отырғанда Алматы облысы Жамбыл ауданы сотынан эксгумация жасау туралы шешім жетеді. 17 қаңтарда сот Олжас Әлімжанның сүйегін қайта қазып алуға пәрмен берген. Ал 20 қаңтарда полицейлер сот шешімін жүзеге асыруға келген.

Сот шешімі шықпас бұрын Алматы қаласы полиция департаменті Олжастың әкесі Әлімжанды шақырып, ұлының жарақаты, оқ тиген орны жайлы сұраған.

Марқұм Олжас Әлімжанның әжесі. 22 қаңтар 2022 жыл.

— Мен баламды көшеден алып кеткен жоқпын. Оқ тиіп, ауруханада екі күн жатты. Мәйітханада жарты күн болды. Үйге алып келіп тағы екі күн қондырдым. Тіпті сүйекті алып келген кезде ауыл әкімінің өзі де келді, құжаттарын көрді, жерлеуге рұқсат етті. Жер қойнына тапсырғанымызға он күн өткенде қайтадан келіп «өлікті көруіміз керек» дегені қай сасқаны?! — дейді Әлімжан жыларман болып.

Олжастың сүйегін қайтадан қазып алу мәселесі қозғалғанда ауыл тұрғындары түгел қарсы шығып, полиция органына наразылықтарын айтқан. Бұдан кейін өздерінің алғашқы екпіндерінен қайтқан полицияның бірі эксгумация жасауға қатысты сот шешіміне қарсы апелляциялық шағым жазуға кеңес береді.

Заңгер: Эксгумация жасауға негіз жоқ

Шынқуат Байжанов, адвокат

Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 225-бабында «мәйітті қайта я қосымша тексеруге», «тануға», «сараптама жүргізуге я сараптамаға үлгілер алуға», «іс үшін елеулі маңызы бар басқа мән-жайларды анықтау талап етілгенде» эксгумацияға тергеу сотының шешімімен рұқсат беріледі. Ал марқұмның жақындары осы заңның 226-бабымен эксгумацияға қарсы апелляциялық сотқа шағым түсіре алады.

Қаңтар оқиғасында зардап шеккендердің құқығын қорғап жүрген заңгер Шынқуат Байжановтың айтуынша, дүрбелеңде оққа ұшып, қайтыс болғандардың мәйітін қайта қазып алуға еш негіз жоқ деп санайды.

Марқұмдар ауруханада не мәйіті табылған жерлерден мәйітханаға жеткізілген. Олардың барлығына мәйітханада сараптама және қорытынды жасалған. Дәрігерлер берген анықтамасында өлімнің себебі жазылған. Оқтан қайтыс болғаны анықталған. Туыс-туғандары танып отыр. Сонымен қатар үлгілер алатындай себеп те жоқ. Ол жерде қаннан басқа ештеңе жоқ. Сондықтан эксгумация жасаймыз деу негізсіз, — дейді адвокат.

Әлімжан 21 қаңтарда аудандық сотқа арыз жазған. Алайда аудандық сот арыздың қазақша екенін, ал алғашқы сот шешімі орысша шыққанын, сондықтан арыз да орыс тілінде болуы керегін айтып, кері қайтарған.

Қытайда туған Әлімжан баласының мүрдесін қайта қаздырмау үшін орысша арыз жазатын адам іздеп жүр. Қазір отбасының көңілі алаң. Олар өмірі ерте үзілген баламыздың сүйегіне тыныштық берсе екен дейді.

«ОТА СӘТТІ ӨТТІ ДЕП ЕДІ…»

Олжас көзі тірісінде Алматыға жақын «Алтын орда» базарында телефон жөндеп, аксессуарлар сатып жүрген. Әкесі Әлімжанның айтуынша, баласы 5 қаңтарда таңертең «Алтын орда» базарындағы сауда орнына барып, телефондары мен оған қажетті заттарды түгел жинап, үйге алып келген. Түскі 13:30 мөлшерінде киімін ауыстырып, түскі тамағын ішкен де сыртқа шығып кеткен. Қайда кеткенін ешкім білмей қалған. Арада бірнеше сағат өткенде бейтаныс бір адам Олжастың телефонынан қоңырау шалып, баласына оқ тигенін, жақын маңдағы ауруханаға алып бара жатқандарын айтқан.

Алматы облысы Ақсеңгір ауылындағы Олжас Әлімжан тұрған үй. 22 қаңтар 2022 жыл.

Жақындары Олжасқа 5 қаңтар күні түстен кейін Алматы әкімдігі маңындағы Республика алаңында оқ тиіп, ауруханаға түскенінін естіген. Бұл күні Алматы әкімдігі мен Республика маңы қаладағы оқиғаның эпицентрінің бірі болған еді.

Марқұмның жақындары балаларына қай жерде қалай оқ тигенін нақты білмейтінін айтады. Олжасты 5 қаңтар кешке Алматы қаласы жедел жәрдем ауруханасында кешкі бесте операция жасауға кіргізіп, түнгі 11-де шығарған.

— Ота жасаған дәрігер «Бәрі сәтті өтті. Қан көп кетіп қалыпты. Қазір қан құйып жатырмыз. Енді тек ақырын күтіңіздер» деп еді. Таң атқанша аурухананы айналып жүрдік. Таңертең сонда жұмыс істейтін жігіттердің бірі реанимацияда жатқан баламды телефонға түсіріп, бізге көрсетті. Баламыз аппаратта жатыр екен, — дейді марқұмның әкесі Әлімжан.

Дәрігерлер 7 қаңтарда Олжастың ақырғы демі үзілгенін естірткен. Арада бірнеше сағат өткен соң Әлімжан Алматыдағы мәйітханадан баласының сүйегін алып, 9 қаңтарда жер қойнына тапсырады.

«ШЕШЕСІ ҚЫТАЙДА ҚАЙҒЫ ЖҰТЫП ОТЫР»

2002 жылы Шәбен ақсақал екі жасар немересі Олжасты бауырына салып, Қытайдың Шыңжаң өлкесінен Алматы облысы Аңсеңгір ауылына қоныс аударады. Жақындарының сөзінше, алты жасына дейін атасының бауырында өскен Олжас бастауыш сыныпты Қытайда оқып, қытай тілінде білім алады. 14 жасқа толған кезінде Қазақстанға қайта оралады. 11-сыныпты Алматы қаласында тәмамдаған ол Алматы технология университетіне оқуға түседі. Бірақ екінші курстан кейін өз еркімен оқудан шығып, телефон жөндеумен айналысқан

Олжас сексеннен асқан атасы мен әжесінің қолында тұрады. Әкесі Қытайдан Қазақстанға екі жыл бұрын баласының хал-жайын білу үшін келіп, кейін пандемия басталғаннан кейін Шыңжаңға қайта алмай қалған. Шешесі мен қарындасы Қытайда қалған.

— Олжастың шешесі Қытайда мемлекеттік қызметте. Қазақстанға жібермейді. Қызым да қазір жұмыс істеп жүр. Шешесі ар жақта қайғы жұтып отыр. Мен мына жақта ел тыныш, жұрт аманда қаңғыған оқтан қаза болған ұлымнан айрылып отырмын. Биліктің сүйекті қазып аламыз деген ісі мен үшін де, сексеннен асқан қос қария үшін де жығылған үстіне жұдырық болды, — дейді Әлімжан.

Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандардың жақындары өткен аптаның ортасынан бастап марқұм болған туысымыздың сүйегін қайта қазып алмақ деп қарсылық білдіре бастаған. Олардың біразы Азаттықтың редакциясына да хабарласып, эксгумация жасауға қарсы болған.

Қазақстан ішкі істер министрлігі мәйіттерді қайта қазып алуға қатысты әзірге ешқандай да мәлімдеме жасаған жоқ.

2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты халық наразылыққа шыққан. Кейін бұл наразылықты елдің басқа да аймақтары қолдаған еді. 5 қаңтарға қараған түні наразылық тәртіпсіздікке ұласып, белгісіз адамдар тобы Алматыда әкімдікке, әуежайға, дүкендерге шабуыл жасаған. Билік және сарапшылар 2 қаңтар – 4 қаңтардағы наразылықты бейбіт өткен шара деп, 5 қаңтардан кейінгі оқиғаларды тәртіпсіздік деген. Ақорда 5 қаңтардан кейінгі оқиғаларды «мемлекеттік төңкеріске талпыныс» деп те атады.

Тоқаев Орталық сайлау комиссиясының төрағасын қызметінен босатты

25 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Берік Имашевті Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қызметінен босатып, оның орнына Нұрлан Әбдіровты тағайындады. Сейсенбі күні арнайы жарлықтар Ақорда сайтында жарияланды.

Берік Имашев – экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның құдасы. Назарбаеваның ұлы Нұрәлі Әлиев Имашевтің қызы Аида Имашева үйленген.

61 жастағы Нұрлан Әбдіров мамандығы бойынша заңгер-құқықтанушы. 2002-2009 жылдары Қауіпсіздік кеңесінде түрлі қызмет атқарған. Кейін мәжіліс және сенат депутаты болған.