Category Archives: Саясат

Назарбаев Түркияда жер сілкінісінен зардап шеккендерге 500 000 доллар аударды

Нұрбол Назарбаев Түркияда жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек ретінде жарты миллион доллар аударды. Қаражат «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының атынан жіберілді. Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи екіжақты кездесуден соң мәлімдеді. Тараптар жер сілкінісінен кейінгі жағдайда басқа да қандай көмек көрсете алатыны жөнінде кеңесті. Елші қиын сәтте барынша жан-жақты қолдау көрсетіп жатқан қазақстандықтарға алғыс білдірді.

«Қиын кезеңге тап болған бауырлас Түркия халқына «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры қаржылай көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Біз жер сілкінісінен зардап шеккендерге жарты миллион доллар аудардық. Қаражат алғашқы керек-жарақ заттар мен дәрі-дәрмек сатып алуға және өзге де қажеттіліктер үшін жіберілді. Бауырларымыз бен әпке-қарындастарымыз бастарына түскен қиыншылықты көп ұзамай еңсерсін деп тілейміз!» — деді қор директоры Қасым Қасабеков.

2016 жылы құрылған қайырымдылық қоры халықтың осал топтарына білім беру және денсаулық сақтау салаларында көмектесуге негізделген. Осы уақытқа дейін қор қайырымдылық іс-шаралар мен акцияларға 1 миллиард теңгеге жуық қаржы аударыпты.

«Алматы және Алматы облысындағы мұқтаж отбасыларға 1000 ноутбук таратып, ел бойынша 3 мешіт салды.
Коронавирус инфекциясымен күреске 150 миллион теңге бөліп,
Мақтаарал ауданында болған су тасқынынан зардап шеккендерге 20 үй тұрғызылды.
Алматы және Алматы облысындағы мұқтаж отбасыларға 5 үй мен 5 пәтер бердік.
«Қазақстан халқына» әлеуметтік қорына 1 миллиард теңге аудардық.
Алматы және Алматы облысындағы көмекке мұқтаж және көпбалалы отбасылардағы 2 000 оқушыға канцеляриялық заттарға толы рюкзактар таратылды. Қор нағыз көмекке мұқтажы, ел басына күн туған сәттерде көмеке келуге тырысамыз»,- деді қор жетекшісі.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркия еліндегі апатты жер сілкінісінен зардап шеккендерге жедел көмек көрсету үшін 1 миллион доллар қаржы бөлуді тапсырған еді. Жалпы, қазіргі уақытқа дейін қазақстандықтар Түркия тұрғындарына көмек ретінде 2 миллион 849 мың 836 доллар жинады. Барлық қаражат AFAD ресми шотына аударылды.

 

Qazaq.today

«BAQYLA» қозғалысы 25 қалада 3 мыңға жуық учаскені бақылайды

«BAQYLA» Қоғамдық қозғалысы елімізде 2023 жылдың 19 наурызы күні өтетін ҚР Парламенті Мәжілісі мен маслихаттар сайлауында елішілік тұрақтылық пен сайлау процедураларының қатаң сақталуын қамтамасыз ету үшін сайлау учаскелерін қамтитын өңірлік штабтарда бақылаушылық жасайды.

Аумақтық бақылаушылар желісі жұмысы Алматы қаласындағы Орталық штаб пен еліміздің 17 қаласында орналасқан өңірлік штабтар арқылы жүргізіледі.

Қоғамдық қозғалыс 2022 жылғы кезектен тыс президент сайлауында 27 қалада дауыс беру барысын қадағалау жұмысын сәтті атқарды.

Ал биылғы ҚР Парламенті Мәжілісі мен маслихаттар сайлауында проблемалы қалалар мен маңызды бақылау учаскелеріне баса назар аударып, 25 қаланың 3 мыңнан астам сайлау учаскелерін таңдап отыр.

Сондай-ақ азаматтық сектор мен ҮЕҰ желілерінен бақылаушылар тарту көзделуде. Бақылау желілерінің басшылары мен өңірлік үйлестірушілеріне сайлау процесін бақылау теориясы мен практикасы бойынша арнайы курстар ұйымдастырылады. Оқыту ZOOM конференциясы және оффлайн кездесулер арқылы жүргізіледі.

Сайлау күні орталық штаб еліміздегі сайлау учаскелеріндегі жағдайды баяндап, сағат сайын брифингтер өткізеді, өңірлерден онлайн трансляциялар ұйымдастырады, әлеуметтік желілерде посттар мен бейнелерді жариялайды және тираждайды, жалған ақпараттарды анықтайды, ерекше жағдайларға түсініктеме береді, жалпы, дауыс беру барысы мен сайлау қорытындылары туралы қоғамдық пікір қалыптастырады.

Дос Көшім, саясаткер, оқытушы:

Сайлауды бақылау – сайлау учаскесіндегі бір күндік әрекетпен шектелмейді. Азматтар сайлауды бақылауға қатысу арқылы өздерінің азаматтық-саяси көзқарастарын қалыптастырады, Қазақ еліндегі сайлау жүйесін өзгертуге де үлестерін қосады. Билік, өкінішке орай, сайлау жүйесінің ашықтығы мен жариялылығын нығайтудан көрі сайлауды бақылау процесін қыйындату бағытында бірнеше өзгертулер енгізіп отыр.  Еліміздегі құқық қорғау органдарының сайлау барысындағы заңсыздықтарға тосқауыл қоюға құлықсыз екені де белгілі. Демек бақылаушылардың сайлау заңын меңгеруі мен өздерінің құқықтарын біліп қоюы жеткіліксіз, оларға «мінез» керек.

Сабит Рыспаев, саясаткер, блогер:

Меніңше мұсылман елдердің ішінде демократиясы дұрыстау бір ел болса ол Түркия. Салыстырмалы түрде әрине. Бірақ түріктер осыған сайлауды әділ өткізу арқылы келген сияқты. Сайлау оларда той секілді. Барлығы белсенді. Партияларынын дауыс ұрлауларына жол бермейді.

Бізде осыған келу керек секілдіміз. Көп нәрсе айтамыз, бірақ іске жоқпыз. Сайлау әділ болмаса бір мандатты депутаттармен ақ «Аманат» секілді ресурсы бар партиялар 80-90% адамдарын өткізіп жіберуі мүмкін. Сайлаудағы дауыс ұрлау да қорадан мал ұрлаған секілді ұрлық. Халық арасында сайлау маңызды емес санау маңызды дегендей жаңсақ пікір қалыптасқан. Сол нәрсені бұзуға сіз болып, біз болып бірлесіп жұмыс атқарайық.

Эдуард Полетаев, политолог:

Сайлаудағы қоғамдық бақылау, бірінші кезекте, сайлау процесінің ақпарттық ашықтығын, сондай-ақ байқаушылар институтының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Дауыс беру кезіндегі азаматтық бақылау әлемнің көптеген елдерінде кең тараған үрдіс. Бұл сайлау процесінің ашықтығын көрсететін дәлелденген құрал.

2022 жылғы президенттік сайлауда байқаушылық жасаған, тәжірибелі тәуелсіз бақылаушылардың «BAQYLA» қоғамдық қозғалысы ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарды кезектен тыс сайлауда өз жұмысын жалғастырмақ.

Бақылаушылар заңда белгіленген қоғамдық бақылаудың әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып, 2-3 мыңнан астам сайлау учаскелеріндегі дауысты санаудың транспаренттілігінің жай-күйін қадағалайтын болады.

Соңғы жылдары Қазақстанда сайлаудағы бақылау процесіне қызығушылықтың артуы байқалады. «BAQYLA» қозғалысы тәжірибесі жоқ болса да, сайлау процесінің толыққанды қатысушысы болғысы келетін кез келген азаматтың сайлау заңнамасын егжей-тегжейлі біліп, бақылаушы функциясын жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасайды.

Бақылаушыларды тарту үшін ақпараттық арналар мен әлеуметтік желілер пайдаланылатын болады. Бақылаушылар сайлау процесін бақылау теориясы мен практикасы бойынша арнайы ұйымдастырылған курстарда оқиды. Осы және өзге де шаралар қоғамдағы сайлау белсенділігін арттыруға, азаматтардың саяси білігін жандандыруға ықпал ететін болады

 

Qazaq.today

Теңге 0,5%-ға нығайды

Қаңтар айында теңгенің долларға қатысты бағамы 460,52 теңгеге дейін 0,5%-ға нығайды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов айтты, деп хабарлайды Qazaq.today ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Бұл ретте Ұлттық Банк валюталық интервенциялар жүргізбеген.

«Биылғы қаңтар айында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 453 млн долларға валюталық түсімді сатуы және Ұлттық қордан республикалық бюджетке 228 млн доллар трансфертті қамтамасыз ету үшін валюта сатуы теңгеге айтарлықтай қолдау көрсетті», — деді Б. Шолпанқұлов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Спикердің айтуынша, қысқа мерзімді перспективада теңге динамикасы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы жағдайға байланысты болады.

«Ұлттық Банк дисбаланстардың жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстанады», — деді Ұлттық банк өкілі.

 

Qazaq.today

«Түркиядағы қазақстандық студенттерді қабылдауға дайынбыз»

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Түркияда оқып жатқан студенттерді қазақстандық университеттер қабылдауға дайын екенін айтты, деп хабарлайды Qazaq.today ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«Қазір Сыртқы істер министрлігімен өте тығыз байланыстамыз. Біз шетелде оқып жүрген, оның ішінде Түркияда оқып жүрген өзіміздің азаматтарымызды, қандастарымызды қабылдауға дайынбыз. Ол үшін қабылдау ережелерін өзгерттік. Бұрын тек қана сессияның арасында немесе жазғы демалыстар кезінде ғана ауысатын болса, қазіргідей қиын жағдайда біздің университеттер қабылдауға дайын», — деді ол Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

 

Qazaq.today

Кәрім Мәсімовке операция жасалды

Ұлттық қауіпсіздік қызметінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімов операция жасатты деген ақпарат шықты. Бұл туралы Orda_kz телеграм арнасы хабарлады.  

Malim.kz-тің жазуынша, ол Астана қалалық сотында процесс  барысында құлаған. Дереу жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген.

«Көптеген халықаралық ұйымдар және БҰҰ -ның негізсіз қамау жөніндегі жұмыс тобы «тез арада босату үшін шұғыл шаралар қабылдауға» шақырғанымен,  Мәсімов бір жылдан бері түрмеде отыр.  Ол 30 Қаңтарда операция жасауға мәжбүр болды», — деп хабарлады Кәрім Мәсімовтің PR қызметі.

6 ақпанда Мәсімов тергеу изоляторына қайтарылды.

Айта кетейік,  6 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов қамауға алынған болатын. Қылмыстық кодексте мемлекетке опасыздық жасау әрекеті үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

 

Qazaq.today