Category Archives: Саясат

Қазақстан мектептерінде қауіпсіздік күшейтіледі

Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі бойынша кеңес өткізді. Оған министрлердің және барлық өңір әкімдерінің орынбасарлары қатысты, деп хабарлайды Qazaq.today ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жағдай туралы, 2022 жылы білім беру нысандарын терроризмге қарсы қорғау нұсқаулығы туралы, білім беру ұйымдарында пайдалану үшін шектелген тыйым салынған заттардың тізімін бекіту жөнінде баяндады. Мысалы, Алматы, Қостанай, Түркістан, Ұлытау, Жетісу, Абай облыстарында бейнебақылау жүйесінің талапқа сай келмеуі анықталды.

Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Түркістан облыстарының ірі қалаларында мамандандырылған күзет қызметімен келісімшарт жасалмаған. Барлық оқу орындары қауіпсіздіктің кешенді жүйесімен қамтамасыз етілуі тексеріледі.

Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және балалар құқығын қамтамасыз ету, оның ішінде Қауіпсіздік жүйесін ұйымдастыру жөніндегі кешенді жоспардың жобасын әзірлеуде. Оған 20-ға жуық мемлекеттік орган мен өңірлер жұмылдырылған. Негізгі мәселе қауіпсіздік саласындағы қызметтерді сатып алу үшін жергілікті әкімдіктерден қаржыландырудың аздығы.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ішкі істер органдарының жұмысы және лауазымды тұлғалардың күзет қызметі мен жауапкершілігіне қойылатын талаптарды күшейту жөніндегі шаралар туралы хабарлады. Петропавл қаласындағы №4 орта мектепте болған оқиғаға қатысты тексеру барысында нысанда турникет пен мамандандырылған күзеттің жоқтығы анықталғанын атап өтті. 15 мектеппен бейнебақылау жүйелерін жедел басқару орталықтарына қосу туралы шарттар жасалған. Оның ішінде №4 орта мектебінің шарты 2022 жылдың 12 желтоқсанында аяқталғаны анықталды. Қаражат бөлінгенімен, мектептер келісімшарттар жасамаған. Қазіргі уақытта лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қарастырылуда.

Вице-премьер Алтай Көлгінов оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігін атап өтті.

«Білім беру ұйымдарында техникалық жарақтандыру және лицензияланған күзет мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың жұмысында айтарлықтай кемшіліктер мен олқылықтар бар. Мұның барлығын келесі оқу жылының басына дейін түзету қажет. Білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданбаған жағдайда қатаң жауапкершілікке тартатын боламыз», — деді Алтай Көлгінов.

Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға оқу жылы басталғанға дейін білім беру ұйымдарын дабыл түймелерімен, турникеттермен, лицензияланған күзетпен жарақтандыру және ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылған бейнебақылау жүйелерін орнату жұмыстарын аяқтау тапсырылды. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балаларды қорғау жөніндегі кешенді жоспардың жобасына психологиялық қызметтердің, олардың кадрлық құрамының және тағы басқасының қызметін күшейту мәселелерін енгізуі керек. ҚР ІІМ ҚР ТЖМ-мен бірлесіп білім беру ұйымдарында қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша мониторинг жүргізуге тиіс.

 

Qazaq.today

4 пайыздық автонесие бағдарламасына қосымша қаржы бөлінбейді

Үкімет жеңілдетілген несиемен көлік алу бағдарламасына енді қаражат салмайды. Бұл туралы Сенаттағы парламенттік тыңдаудан кейін журналистердің сұрағына жауап бере отырып Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр мәлім етті, деп хабарлайды Qazaq.today Azattyq Ruhy-на сілтеме беріп. 

Айта кетейік, осыған дейін Үкімет бұл бағдарлама үшін бюджеттен 88 млрд теңге, утилизациялық алымнан жиналған қаражаттан 100 млрд теңге ақша алып салған еді.

«Осылайша, бағдарламаның айналымында 188 млрд теңге жатыр. Бағдарламаға деген сұраныс, әрине, жоғары, бірақ оған салған осы 188 млрд теңге жеткілікті. Алдағы уақытта біз бұл бағдарламаға ақша құймаймыз. Өйткені, үкіметтің атқаратын басқа да маңызды міндеттері бар. Бағдарлама орындалды деп санаймын», — деді Скляр.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 6 ақпанда осы бағларламаға өтініш беру ашылған болатын. Бірақ өкініштісі, бағдарлама басталмай жатып, сынға ұшырады. Өйткен, жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасына өтінім беру небәрі 18 секундта аяқталып, көп азамат өтініш беріп үлгермегенін айтады.

 

Qazaq.today

Азық-түлік бағасы шарықтап барады

Қазақстанда азық-түлік бағасы күннен-күнге өсіп барады, деп хабарлайды Qazaq.today Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағалар 0,3%-ға, жылдық мәнде 23,6%-ға көтерілді.

“Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне 19 атау кіреді. Баға өзгерісі туралы көрсеткіштер апта сайын жаңарып отырады. Бағаның өзгеруі туралы ақпарат барлық облыс орталығынан, республикалық маңызы бар қалалардан және астанадан жиналады. Ол үшін елдімекеннің әртүрлі бөліктерінде орналасқан тауарлардың кең ассортименті бар әртүрлі типтегі сауда объектілері (гипермаркеттер, супермаркеттер, дүкендер, коммуналдық базарлар, әлеуметтік дүкендер мен павильондар) таңдалады”, – делінген хабарламада.

ҚР бойынша әлеуметтік маңызы бар кейбір тауарлардың орташа бағасы /2023 жылғы 14 ақпан/:

Сүт 2,5% – 353 тг/л

Қант – 459 тг/кг

Сәбіз – 152 тг/кг.

Ұлттық банктің мәліметінше, 2023 жылғы қаңтарда елдегі жылдық инфляция 20,7%-ды (2022 жылғы желтоқсанда – 20,3%) құрады. Өңірлер бойынша 19 облыста инфляция үдеп, тек 1 облыста ғана (Қарағанды ​​облысы) бәсеңдеген.

 

Qazaq.today

Алматы әкімдігі ғимаратын жөндеуге қанша кетеді?

Қаңтарда өртенген Алматы әкімдігі ғимаратын жөндеуге 7,1 млрд теңге бөлінеді. Қаражат көзі — Үкімет резерві. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ашық талқыға шығарған Үкімет қаулысында жазылған, хабарлайды Qazaq.today Ulysmedia-ға сілтеме жасап.

«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне 2023 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген ҚР Үкіметінің шұғыл шығындарға арналған резервінен Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратын қайта жөндеуге трансферттер түрінде аудару үшін 7 010 773 250 теңге сомасында қаражат бөлінсін», — делінген қаулыда.

 

Qazaq.today

Әкімдердің қызмет мерзімін шектеу: Смайылов жауап берді

Премьер-министр Әлихан Смайылов депутаттардың (қазір Мәжіліс таратылды) облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің жұмысына 5 жыл мерзім белгілеу туралы ұсынысына жауап берді, — деп хабарлайды Qazaq.today Tengrinews.kz — ке сілтеме жасап. 

Үкімет басшысының айтуынша, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың әкімдерін мәслихат депутаттарының келісімі бойынша, Президент тағайындайды. Президент өз қалауы бойынша әкімдерді қызметінен босатуға құқылы.

«Ұқсас нормалар «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заңда және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңдарда бекітілген. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, әкімдерді тағайындау және қызметтен босату Мемлекет басшысының құзыреті», — деп жауап берді Смайылов.

Еске салайық, қаңтарда Мәжіліс депутаттары облыстар мен қалалар әкімдерінің қызмет ету мерзімінде саяси партияларға мүше болуына тыйым салуды және облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің өкілетін бір 5 жыл мерзіммен шектеуді ұсынған болатын.

 

Qazaq.today