Category Archives: Саясат

Қазақстанда қос азаматтықпен жүрген 138 адам елден шығарылды

Қазақстанда қос азаматтық алған 138 адам елден шығарылды. Бұл туралы ІІМ өкілі Шұғыла Тұрлыбек дәстүрлі брифинг барысында айтты, деп хабарлайды Qazaq.today Azattyq Ruhy-на сілтеме беріп.

«Жыл сайын 20 мыңға жуық тілек білдіруші ел азаматтығын алу мәселесі бойынша жүгінеді. Тәуелсіздік жылдары бір миллионнан астам адам Қазақстан азаматтығын алды, ал өткен жылы – 22 мың адам, оның ішінде ҚР Президентінің Жарлығымен – 1375, жеңілдетілген тәртіппен 20 мыңнан астам адам азаматтыққа қол жеткізді. Оның ішінде 17,5 мыңнан астамы қандас (17 676), Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Ресей арасындағы азаматтыққа қабылдаудың жеңілдетілген тәртібі туралы келісім бойынша – 1287, тұрмысқа шыққан әйелдің азаматтығы туралы Конвенция бойынша 1777 адам бар», — деді Шұғыла Тұрлыбек.

Ол атағандай, Қазақстан қос азаматтықты мойындамайды, сондықтан мұндай деректерді  анықтау бойынша жұмыс ерекше бақылауда тұр.

«Заңнамада еліміздің азаматтығынан айырылған адам ҚР азаматының паспортын немесе жеке куәлігін пайдаланғаны үшін, сондай-ақ заңнамада белгіленген хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Қос азаматтығы бар фактіні жасырғаны үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу не ҚР шегінен шығару көзделген. Мәселен, өткен жылы қос азаматтығы үшін 841 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, соттардың шешімдерімен 138 адам елден шығарылды, қалғандарына айыппұл салынды», — деді ол.

Өкілдің айтуынша, соңғы бес жылда азаматтық туралы заңнаманы бұзған 3 515 адам жауапқа тартылды, оның 3 мыңнан астамына айыппұл салынды, 473-і елден шығарылды. Барлығының қазақстандық азаматтығы жойылды.

«Биыл қос азаматтық фактілерінің алдын алу үшін екінші азаматтығын жасырғандарға жауапкершілікті қатаңдату үшін заңнамалық актілерге түзетулер енгізу жоспарланып отыр», — деді ол.

 

Qazaq.today

Түркиядағы зілзаладан көз жұмғандар саны — 41 020 адам

Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 41 020-ға жетті, деп хабарлайды Qazaq.today Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап. 

Бұл туралы елдің  Төтенше жағдайларды жою басқармасы (AFAD) мәлім етті.

Елде құтқару жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта зардап шеккен өңірлерде 19 мыңнан астам құтқарушы жұмыс істеп жатыр. Апат аймағында 216 мыңнан астам шатыр тігілген.

Бүгінгі таңда мамандар жер сілкінісінен зардап шеккен 11 провинциядағы 925 мың ғимаратты тексерді. Түрік билігі хабарлағандай, 118 мыңға жуық ғимарат құлаған, қатты зақымданған немесе дереу сүрілуі тиіс нысандар санатына жатады.

«Бір жыл ішінде бұл провинцияларда Түркия тарихындағы ең ірі тұрғын үй құрылысы жүргізіледі», — деді Түркияның экология және қала құрылысы министрі Мұрат Курум.

Еске салайық, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш провинциясында 7,7 және 7,6 балдық жер сілкінісі болды. Жүздеген жер сілкінісімен жалғасқан зілзала елдің 10 провинциясы мен көршілес мемлекеттерде сезілді, оның ішінде Сирия ең көп зардап шеккен.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Түркияның жойқын зілзаладан зардап шеккен аудандарында қаза тапқандарды жерлеуге орын табылмай жатыр. Мәйіттердің көптігі сонша, имамдар бір уақытта ондаған құрбандар үшін жаппай жерлеу рәсімін өткізуге мәжбүр. Ал көрші ауылдар мен Ыстамбұлдан қаза тапқандарды жерлеу үшін табыттар әкелініп жатыр.

Полиция мен еріктілер туыстарына қайтыс болғандарды анықтауға және жерлеуге көмектесуде. Сонымен қатар белгісіз құрбандардан ДНҚ үлгілерін жинайды, өйткені оларды кейінірек туыстары таба алмай қалуы мүмкін.

 

Qazaq.today

Биылғы қаңтарда бюджеттен 274,1 млрд теңге зейнетақы төленді

2023 жылғы қаңтарда республикалық бюджеттен 274,1 млрд теңге сомасында зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы – 84,2 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы – 189,9 млрд теңге, деп хабарлайды Qazaq.today ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 292 мың адам.

«2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 659 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 82 878 теңге, базалық зейнетақы – 37 781 теңге.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске саламыз. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады», — деп түсіндірді ведомство.

Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 %-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 %-ға артады. Ал егер өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 80 %-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде, яғни 100% белгіленеді.

«Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.

Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады», — делінген министрлік хабарламасында.

 

Qazaq.today

Атамбаев: «Жапаровтың ізгі ниетін жоғары бағалаймын»

Алмазбек Атамбаев Қырғызстанның экс-президенттерімен кездесуі жайлы айтты, — деп хабарлайды Qazaq.today Tengrinews.kz –ке сілтеме жасап.

Атамбаевтың айтуынша, бұл оқиға ол үшін күтпеген жағдай болған, өйткені ол тек қазіргі мемлекет басшысы Садыр Жапаровты көремін деп ойлаған.

«Иә, экстердің (бұрынғы президенттер — еск.) кездесуі болды. Иә, мен онда тап болдым. Олай дейтінімнің себебі, бұл кездесуге экс-президенттер қатысатыны туралы маған хабарланбады. Мені президент Садыр Жапаров және Қамшыбек Ташиевпен кездесуге, еркін адамдардай тең дәрежеде сөйлесіп, ескі реніштерді ұмытуға шақырғаны айтылды.

Жақсылығы есімде, сондықтан бас тарта алмадым және тіпті Испания елшісімен виза туралы алдын ала жоспарланған кездесуден бас тарттым. Өздеріңіз білетіндей, премьер-министр Педро Санчес мені емделуге шақырған болатын, ол үшін оған көп рақмет», — деді ол.

Атамбаев елдің қазіргі президенті өзінің бұрынғы әріптестерін бірлікке шақырғанын, олардың әрқайсының қолдаушылары көп екенін растады.

«Мен де елдің тыныштығы мен бірлігін жақтаймын. Бұл туралы айттым және де президент Жапаровтың ізгі ниетін жоғары бағалаймын. Бірақ кездесу соңында «ағылшынша» ешкіммен қоштаспай кетуге тура келген жағдай туындады. Алдағы уақытта қажеттілік туындаса, әрине, егжей-тегжейлі айтып беремін.

Елімізде бейбітшілік пен бірлік орнату және Бакиевтердің Қырғызстанға оралуы екі үлкен айырмашылық. Біріктіру мүлдем басқа нәтиже береді. Тым көп қан төгілді, көбін ұмытуға болмайды және ұмытылмайды. Әрине, кінәлілер жауапқа тартылуы керек. Бірінші, қаза болғандардың туыстары кешірім жасауы керек. Президент Садыр Жапаров мені түсініп, дұрыс шешім қабылдайды деп сенемін», — деп түйіндеді ол.

Еске салайық, бұған дейін Қырғызстанның қазіргі президенті Садыр Жапаров барлық экс-президенттерді бір үстел басына жинаған болатын. Кездесуге Атамбаевтан бөлек, Асқар Ақаев, Құрманбек Бакиев, Роза Отынбаева және Сооронбай Жээнбеков қатысты.

 

Qazaq.today

Қазақстандық құтқарушылардың екінші легі елге оралды

Түркияның Нурдагы қаласындағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға жұмылдырылған қазақстандық құтқарушылардың екінші эшелоны елге аман-есен оралды, деп хабарлайды Qazaq.today ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

ҚР ТЖМ құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері бар борт Астана әуежайына қонды. Оларды қазақстандықтар, туыстары, достары мен әріптестері күтіп алды. ТЖ министрі Юрий Ильин мен Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уфук Экиджи (Ufuk Ekici) да құтқарушылардың алдынан шығып, олардың әрқайсысына атқарған қиын жұмысы үшін алғыстарын білдірді. Сондай-ақ олардың іс-әрекеттерін кәсіби, ержүрек және нәтижелі деп бағалады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 7 ақпанда құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдары, оның ішінде Қазақстан ТЖМ техникасы, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері және кинологиялық есептоптар алғашқылардың бірі болып екі эшелонмен жолға шығып, ең күрделі қираған объектілерде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге кіріскен болатын. Қазақстандық құтқарушылар тобын ТЖ бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев басқарды.

Естеріңізге сала кетейік, Түркияның үш өңірінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу басталғаннан бері Қазақстан ТЖМ құтқарушыларының күштері 7 адамды құтқарды. Қаза тапқан 88 адамның, оның ішінде 10 баланың денесі шығарылды.

 

Qazaq.today