Category Archives: Саясат

Министр: «Журналистерге шабуыл жасауға тапсырыс бергендер ұсталуы керек»

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі елімізде кейінгі кезде БАҚ өкілдеріне шабуыл жасалуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaq.today ҚазАқпарат-қа сілтеме беріп. 

«Жалпы, ақпараттық шабуылдың көбейгенін баршамыз білеміз. Осыған байланысты Мемлекет басшысы арнайы тапсырма берді. Президент орындаушылар мен тапсырыс берушілерді анықтау керектігін айтты. Өз кезегінде Ішкі істер министрлігі жедел іздестіру жұмысын жүргізді. Кеше 18 күдіктінің ұсталғаны айтылды. Істің мән-жайын Ішкі істер министрлігі баяндайды деп ойлаймын. Өйткені, ақпараттық шабуылды орындаушылар ғана емес, тапсырыс берушілер де ұсталуы керек», — деді Дархан Қыдырәлі Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Оның айтуынша, аталған мәселе министрліктің бақылауында.

«Жалпы, ақпараттық шабуылдың үдегені рас. Оның себебі тергеу амалдарынан кейін анықталады деп ойлаймын», — дейді ол.

Айта кетсек, күні кеше Ішкі істер министрлігі журналистер мен блогерлерге қатысты қылмыс жасады деген күдікпен 18 адамның ұсталғанын хабарлаған еді.

 

Qazaq.today

Мемлекеттік қызметкерлер әлеуметтік желіні қалай пайдалануы керек?

Бүгін Алматыда мемлекеттік қызметкерлерге әлеуметтік желілерде жеке парақшаларын қалай жүргізу керек екені айтылды, деп хабарлайды Qazaq.today Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингке ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Ильдар Үйсімбаев қатысты. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік желілерде парақша ашуға рұқсат етілген, бірақ белгілі бір шектеулер бар.

«Әлеуметтік желілердегі парақшалардың мазмұнына қатысты азаматтарды арандатпауға және мемлекеттік органдарға деген сенімге нұқсан келтірмеуі тиіс тұстар бар. Мемлекеттік қызметшілерге қымбат көліктердің, сәнді ғимараттардың, мейрамханалардың және т.б. фонында ойын-сауық орындарында түскен фотосуреттерін жариялауға тыйым салынады. Мемлекеттік қызметші жұмыс уақытынан тыс кезде де жалпы қабылданған моральдық қағидаларды ұстануы керек», — деп түсіндірді спикер.

Аталған шектеулерден басқа, мемлекеттік қызметшілер Әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін ақпаратты, тыйым салынған заттарды қолдану арқылы әдепсіз мінез-құлықты көрсететін фотосуреттерді жарияламауы және нақты діни ұстанымдарын көрсетпеуі тиіс.

 

Qazaq.today

Түркияда зілзаладан апатқа ұшыраған 11 провинцияда 200 мыңға жуық үй салынады

6 ақпандағы жойқын жер сілкіністерінен зардап шеккен Түркия провинцияларын қалпына келтіру процесі наурыз айында басталады. Бұл туралы Президент Режеп Тайып Ердоған Нұрдағы қаласына барғанда айтты, деп хабарлайды Qazaq.today Анадолы агенттігіне сілтеме беріп. 

Президенттің айтуынша, бір жыл ішінде он бір провинцияда 200 мыңға дейін үй салынбақ. Апатқа ұшыраған ауылдарда тағы 70 мың үй салынады.

Ердоғанның сөзінше, соңғы апталарда Газиантеп провинциясынан елдің басқа бөліктеріне 87 мың тұрғын эвакуацияланған.

Түркия президенті Газиантептің апатқа ұшыраған аудандарын қалпына келтіру процесі провинцияның тарихи ерекшеліктері мен этникалық картасы ескерілетінін атап өтті.

 

Qazaq.today

Газ жеткізу ісіндегі салғырттық: Смайылов шенеуніктерді сынға алды

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов халыққа газ жеткізу ісін созбаққа салған шенеуніктерді сынға алды, деп хабарлайды Qazaq.today Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап. 

«2019 жылы салынған «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының бойында тиісті инфрақұрылым тартылып, қажетті іске қосу кешендері орнатылды. Бұл ретте, Энергетика министрлігінің негізгі міндеті – газды өндіру, қайта өңдеу және өңірге дейін жеткізу. Ал, әкімдіктердің міндеті – осы газды тұтынушыларға дейін жеткізу, қосылу рәсімін қолжетімді, қарапайым және түсінікті ету. Сонымен қатар, Астана қаласы, Қарағанды және Ақмола облыстарының тұрғындарын көптен күткен газға қосу қарқыны өте төмен деңгейде қалып отыр. Бұл өңірлердің тұрғындары газ тарату желілері жоқ, рұқсат құжаттарын алу қиын және газға қосылу қымбат деп шағымданады. Бұл осы өңірлерге ғана емес, сонымен қатар газбен қамтылған басқа өңірлерге де қатысты», — деді премьер-министр.

Смайыловтың дерегінше, Алматы облысының Биғаш ауылында тұрғындарға газ өткізуге 10 жыл бойы уәде беріліп келеді. Түркістан облысының Төле би ауданындағы Алшалы ауылының тұрғындары да бірнеше жылдан бері көгілдір отын күтіп жүр. Батыс Қазақстан облысының Зеленое ауылында газ 2014 жылы өткізілген. Бірақ, осы күнге дейін әкімшілік ғимараттар ғана қосылған.

«Қалаларда да халықты газбен қамтамасыз етуде проблемалар бар. Астана әлі де «көк түтінге көміліп», ауаның ластану деңгейі бойынша әлемдік рейтингтерде көш бастап тұр. Алматыда 2-ші Жылу электр орталығында жаңа бу-газ қондырғысын салу мерзімі кейінге шегерілуде. Өңір әкімдері мен «Қазақгаз» компаниясына осы мәселелерді ерекше бақылауға алу керек. Халықпен етене жұмыс істеп, барлық мәселені шешу қажет», — деді Әлихан Смайылов.

 

Qazaq.today

Былтыр Қазақстанда рейдерлікке қатысты 19 қылмыстық іс тергелді

Былтыр елімізде рейдерлікке қатысты 19 қылмыстық іс тергелген. Бұл туралы Бас прокуратурада өткен Рейдерлікке қарсы іс-қимыл және кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау мәселелері бойынша ведомствоаралық жедел кеңесте белгілі болды, деп хабарлайды Qazaq.today Azattyq Ruhy-на сілтема жасап. 

Мемлекет басшысы 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Бизнестің, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтірудің кез келген әрекеттері мемлекетке қарсы қылмыс ретінде қаралуы тиіс» деп атап өтті.

Осыған байланысты кеңесте қылмыстық процесте бизнесті қорғау құқық қорғау және арнайы органдар жұмысының негізгі бағыттарының бірі болуға тиіс екендігі атап өтілді. Дәл осы салада кәсіпкерлер ең қатал қысымға тап болады.

Рейдерлік ел экономикасының қалыптасуы мен дамуына теріс әсер етеді, кәсіпкерлік негіздерін бұзады, еліміздің инвестициялық тартымдылығын төмендетеді.

«2022 жылы құқық қорғау органдары рейдерлік фактілер туралы 19 қылмыстық істі тергеді (2021ж. – 11). Тергеу нәтижелері бойынша сотқа 2 іс жіберілді (4). Елде осы санаттағы қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөніндегі заңнаманы жетілдіру бойынша шаралар жоспарлы түрде қабылдануда. 2011 жылдың қаңтарында рейдерлік үшін қылмыстық жауапкершілік алғаш рет енгізілді (бизнесті және мүлікті заңсыз басып алуға қарсы іс-қимыл туралы заңмен). 2021 жылдың шілдесінде Қылмыстық кодекстің 249-бабы осы қылмысты жасаудың жаңа тәсілдерімен толықтырылды. Осы бап бойынша жауапкершілік күшейтілді. Құрамы ауыр қылмыстар санатына жатады. Құқық қорғау, бақылау және өзге де органдардың ресурстары мен өкілеттіктерін пайдалана отырып не сот тәртібімен басып алу орын алған кезде «сыртқы, күштік» рейдерліктің жаңа құрамы енгізілді», — делінген ведомство хабарламасында.

Кеңес шешімімен қылмыстық қудалау органдарының басшылары мен облыс прокурорларына адал кәсіпкерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдай отырып, рейдерлік фактілерді анықтау және жолын кесу жөніндегі жұмысты жандандыру ұсынылды.

Ведомствоаралық жедел кеңестің нәтижелері бойынша бірқатар ұсыныстар, оның ішінде заңнамалық сипаттағы ұсыныстар әзірленді.

 

Qazaq.today