Category Archives: Жаңалықтар

Ақтауда балалар ойнап жүрген спорт алаңында қақпа құлап түсті

Фото. видеодан скрин

Ақтауда төтенше жағдай тіркелді. Қаладағы 28А-1 мекенжайында орналасқан спорт алаңында темір қақпа кенеттен құлап, балалардың өміріне қауіп төндірді.

Оқиға кезінде бірнеше бала алаңда ойнап жүрген. Абырой болғанда, зардап шеккендер туралы ақпарат әзірге түскен жоқ. Куәгерлердің айтуынша, спорттық қақпаның тіреу бөлігі ескі әрі бос тұрған. Соған қарамастан, аулада балалар күн сайын футбол ойнайды. Тұрғындар мұндай жағдай бірнеше рет қайталануы мүмкін деп алаңдап отыр.

«Біз бұл мәселе туралы бірнеше рет ескерткенбіз. Бірақ ешқандай шара қолданылмады. Егер бала астында қалып қойғанда не болар еді?» — дейді тұрғындардың бірі.

Қазір оқиға орнына коммуналдық қызмет өкілдері мен әкімдік мамандары келіп, қақпаны уақытша алып тастады. Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті болған оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Тұрғындар енді қаладағы барлық спорт және ойын алаңдарын жаппай тексеруді талап етуде.

Атыраудағы агроколледжде жаппай төбелес: студенттер бірін-бірі аямады

Фото: видеодан скрин

Атырау қаласындағы аграрлық-техникалық колледж студенттері арасында ірі төбелес шықты. Оқиға колледж жатақханасының алдында болған.

Куәгерлердің айтуынша, екі топ бір-біріне темір таяқ және басқа да заттармен шабуыл жасаған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада жастардың ашуға беріліп, бір-біріне соққы жасап жатқаны анық көрінеді. Бірнеше студент дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген.

Полиция оқиғаға қатысқан жастарды анықтап, тергеу амалдарын бастап кетті. Білім басқармасы бұл жағдайға байланысты арнайы комиссия құрғанын хабарлады. Колледж басшылығы тәртіп бұзған студенттерге қатаң шара қолданылатынын мәлімдеді. Қазір оқиғаның себептері мен нақты қатысушылар саны анықталып жатыр. Тұрғындар жастар арасындағы тәртіптің әлсіреуіне алаңдаушылық білдіруде.

Шымкентте қайтыс болған адамның денесін алу үшін пара сұраған

Фото: Видеодан алынған кадр

Шымкентте морг қызметкерінің мәйітті беру үшін 35 мың теңге сұраған, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

Марқұмның туыстары бұл жағдайды видеоға түсіріп, құқық қорғау органдарына жүгінген. Соңғы жылдары мұндай жағдайлар елдің әр өңірінде тіркеліп келеді.

Бұл — саланың жүйелі түрде бақылаудан тыс қалғанының айғағы. Денсаулық сақтау мекемелеріндегі жемқорлық адам өмірінің соңғы сәтін де табыс көзіне айналдырғандай әсер қалдырады. Қоғам сенімі жоғалған жерде өлімнің өзі саудаға түсіп жатыр.

Шучинскідегі балалар ауруханасында бір айдан бері ыстық су мен жылу жоқ

Фото: Видеодан алынған кадр

Шучинск қаласындағы балалар ауруханасының (ЖШС «Авиценна-Бурабай») науқастары палаталарда ыстық судың болмауына және суыққа шағымдануда, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Пациенттердің айтуынша, мұндай жағдай бір айдан астам уақыттан бері жалғасып келеді.

«Біз кеше баламен ауруханаға түстік — бөлімде мүлде су жоқ. Ыстық суды термопоттан алуға тура келеді, ол шай ішуге арналған. Сосын оны суық сумен араластырамыз. Батареялар да мұздай. Персонал бұл мәселе бұрыннан бар екенін, бірақ ешкім жөндеу жұмыстарын жүргізбегенін айтты», — дейді науқастардың бірі.

Ақтөбеде мектеп оқушысы қаза тапты

Фото: Pixabay

Ақтөбеде 8-сынып оқушысы әкесінің көлігімен рұқсатсыз мініп шығып, жол апатына ұшырады. Оқиға «Бауырластар» тұрғын ауданында болған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Полицияның дерегінше, жасөспірім көлікті басқара алмай, жол апатына себеп болған. Ол алған жарақаттарының салдарынан ауруханада көз жұмды.

Бұл – соңғы екі айдағы дәл осы ауданда болған екінші осындай қайғылы жағдай. Бұған дейін, 2 қыркүйекке қараған түні Әлімхан Ермек көшесінде 16 жастағы жасөспірім Mitsubishi Carisma көлігін ата-анасының рұқсатынсыз айдап шығып, апатқа ұшыраған. Ол да алған жарақатынан көз жұмған еді.

Осыған байланысты Ақтөбе облысының полиция департаменті ата-аналарға балалардың мінез-құлқын және олардың көлік құралдарына қол жеткізуін қатаң бақылауға алуды ескертті.

Полиция деректері бойынша, биыл өңірде 1 632 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 2 мыңнан астам адам жарақат алып, 99 адам қаза тапқан, олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар.

Қазір облыс аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр (27-31 қазан аралығы). Оның мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, әсіресе балалар, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер арасындағы жол апаттарының алдын алу.