«Ақ жол» партиясының құрылтайшысы Әлихан Бәйменов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарихта кім болып қалатыны туралы айтты.
Ол Қасқа жол бағдарламсына берген сұхбатында Назарбаевтың еңбегін елемеуге болмайтынын мәлімдеді.
«1991-1995 жылдары ол кісінің көшбасшылығы маңызды болды. Тәуелсіздік алғаннан бір жыл бұрын Мәскеуде өткен КСРО халық депутаттарының съезі кезінде ол тек Қазақстан емес, КСРО-ға кіретін басқа елдерге танымал болды. Содан ол бедел жинады, оның ішінде ресей халқының алдында да. Сол жылдары Назарбаев Ресеймен қарым-қатынас орнатып, біздің ішкі шикізат саласына ірі алпауыт мемлекеттердің кіруі арқылы ішкі тұрақтылықтың мүддесіне де жұмыс жасады. Үшіншіден, ол көрші елдермен шекараны бекіте алды. 1997 жылы астананы Алматыдан Астанаға ауыстыруы – Назарбаевтың еңбегі» деді Әлихан Бәйменов.
Қоғам қайраткерінің айтуынша, 1995 жылдан бастап тұңғыш президент пендешілікке бой алдырған.
«1995 жылдан бастап ол кісіде тежегіш күштер болмай, пендешілікке бой алдыра бастады.
Кезінде қытайлықтар Мао Цзэдунның еңбегін үштен екі, үштен бір деп бағалаған. Сол секілді бастапқы кезеңдегі ол кісінің еңбегін ешкім жоққа шығара алмас. Ол әділетсіздік болар.
Ал бірақ одан кейін пенделік қызықтарының алдында өзін-өзі тежей алмауы сол кісінің бұрынғы еңбектерінің біразын шайып кетті» деп қорытындылады қоғам қайраткері.
Қоғам қайраткері Әлихан Байменов Qasqa Jol жобасына сұхбат беріп, қаңтар оқиғасына қатысты тергеулер туралы пікір білдірді.
Әлихан Байменовтің айтуынша, ең алдымен бейбіт халыққа оқ атқандарды тергеу керек.
– Қазір көшеге шыққан халықты тергеп жатыр. Ал оқ атқан мергендер кімдер, бейбіт халық қандай оқтан қаза тапты? Қандай оқ, қандай мақсатпен атылды? Осыны зерттеп, кінәлілерді жауапкершілікке тарту керек. Екінші жағынан, құқық қорғау жүйесіндегі үлкен реформада полицияны тәрбиелеу жұмысына көп мән беруіміз керек, – деді қоғам қайраткері.
Сұхбат барысында Байменов өзіне халифат құруға ұсыныс жасағандар болғанын айтты.
– 2005 жылы сайлау алдында маған үш-төрт адам келді. Сіздің әкеңіз имам болғанын білеміз, халифат құруға қалай қарайсыз деді. Мен қарсымын дедім. Моральдық тұрғыдан алғанда дін басшысына қойылатын талап мемлекет басшысына қойылатын талаптан жоғары екенін айттым. Біз Иранды, басқаны көріп отырмыз. Егер 100 адамды жинап біздің мүфтият өкілдерімен қатар қойсаң, адамдарды тартып әкетуі мүмкін, – деді ол.
Швейцариялық Credit Suisse банкінің деректері таралуы кезінде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев әулетінің осы банктегі қаражаты туралы белгілі болды.
Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаевтың Credit Suisse-те 2008-2012 жылдар аралығында есепшоттары болған. Осы уақыт ішінде олардың есепшоттарына шамамен 5 миллиард доллар болды.
Қазақстанның экс-президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның 2008-2012 жылдар аралығында жалпы сомасы 150 миллион доллар болатын алты шоты болған.
Жалпы алғанда, Credit Suisse банкінің Назарбаев әулеті 5 миллиард 150 миллион доллар сомасы бар болған.
Қазақстанның қазіргі президентінің отбасы әлдеқайда аз – Тимур Тоқаев пен оның анасы Надежданың Credit Suisse банкінде 1998-2011 жылдар аралығында 5 миллион доллары бар шоттары болған. Президенттің қарындасы Қарлыға Избастиннің есепшоттарында 7 миллион доллар болған.
«Credit Suisse құпиялары» – швейцариялық ең ірі Credit Suisse банкінің есепшоттары туралы мәліметтің сыртқа шығып кетуіне байланысты құрылған трансшекаралық журналистік зерттеу жобасы.
Бұл деректерді аноним дереккөз немістің Süddeutsche Zeitung газетіне жеткізген, олар мұны OCCRP және басқа елдердегі 46 серіктес медиаға таратты. Бес құрлықтағы журналистер банк файлдарын зерттеп, инсайдерлермен, тергеу органы қызметкерлерімен сөйлесіп, алынған қорытынды нәтижелерді сот жазбасы мен қаржылық есептер арқылы тексеріп шықты. Сыртқа шығып кеткен ақпаратта 1940 жылдан бастап, 2010 жылдардың орта тұсына дейін ашылған 18 мың есепшот туралы деректер бар. Бұл есепшоттардағы жалпы қаржы көлемі жүз миллиард доллардан астам.