Category Archives: Басты тақырып

«Ауыздарына құм құйылды. Қорқақ. Жауапкершіліктен қашады»: Депутат киіктің проблемасын шеше алмай отырған комитеттің басшыларын сынға алды

Батыс Қазақстан облысындағы ет комбинаты әбден тозған. Кеңес кезінде салынған алып комбинат батыс өңірді ғана емес, Ресейдің бірнеше облысын да етпен қамтамасыз етіп тұрған. Тәулігіне бір мың бас малды сойып, сақтауға мүмкіндігі бар ет комбинаты бүгінде ешбір санитарлық талапқа сай емес. Белгілі болғандай министрлік пен әкімдік тоз-тозы шыққан ет комбинатына киік етін сақтап, өңдемек болыпты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Жаңақала ауданындағы ет комбинатында мамандар кеңес дәуірінде де киік сойып, етін сақтаған. Одақ ыдырағанда комбинат жекенің меншігіне өткен. Қараусыз қалған құрылғылар ескіріп, қабырғасы кісі шошырлық қорқынышты күйге жеткен. Мекеме директорының айтуынша саны көбейген ақбөкеннің 80 мыңын ату туралы жоспар құрылғанда етін өзі жетекшілік ететін комбинатқа тасымақ болған.

«Бір мұздатқышта 527 қойдың еті жатыр. Бір ауысымда 900 басқа дейін қой сойып жатырмыз. Үлкені бар, кішісі бар. Егер киіктерді ату туралы рұқсат берілсе, күніне түрлі салмақтағы 1,5 мың басқа дейін сойып үлгереміз. Киіктердің етін сақтайтын үш мұздатқыш бар, бір мезетте 5,5-6 мыңға дейін сақтай аламыз. Киікті сойып, етін ораған соң, осы мұздатқышта 7-8 сағат салқындатылып сақталады. Одан кейін етті консерві жасайтын, өзге де ет сататын дүкендерге жіберілетін еді. Бұл комбинатта кезінде киік сойылған. БҚО ең үлкен ет комбинатының бірі болған. Бізге киік сойып, оны сақтау проблема емес. Тәжірибеміз бар. Қазір күніне 400-500 бас қойды сойып жатырмыз. Ұсақ малдан бөлек ірі қараны да сойып жатырмыз», — деді ет комбинатының директоры Мерлан Кенжеғалиев.

Кәсіпкердің сөзінше батыс өлкеде мал да, киік те көп, тек уақытылы сойып үлгерсең болғаны, етке сұраныс өте жоғары. Кәсіпкер комбинатта киік етін сақтауға келіскен.

«80 мың киікті ату туралы ұсыныс шыққанда осында тасып, сою туралы ұсыныс болды. Облыстан адамдар келіп көрді. Біз киікті сойып, етін мұздатқышта сақтай аламыз. Бірақ бір киікті сойып, етін мүшелеп, сақтап берудің құны нақтыланбады. Үкімет киікті соясың деп нақты менімен келісімшарт жасасса, қосымша жұмысшы алып, тәулік бойы жұмыс істер едік. Үлкен ет комбинатын тоқтатып, шағын қасапхана салғанбыз. Тәулігіне сойылып жатқан 400-500 қой мен 100-ден астам ірі қараны сол қасапханада соямыз. Киіктің терісі нарықта қанша тұратынын да білмейміз. Тері өңдейтін он шақты зауытқа хабарластық, ешқайсысы жауап айта алмайды. Киік терісінің құнын ешкім анықтай алмай отыр. Киіктің терісі жұмсақ, жұқа, сапасы өте жоғары болғандықтан сұраныс жоғары болған еді, кезінде. Қазір киіктің терісі тұрмақ қойдың терісін мемлекет кәдеге жаратпайды, жарамсыз. Тек сиырдың терісін тұздап, жинап өткіземіз. Мемлекет жолын тапса барлығын іске асыруға болар еді. Тіптен шетелдіктер де алуға дайын. Тек заңды рұқсат берілсе болғаны, пайдаға асыруға болады», — деді Мерлан Сәулетұлы.

Алайда облыстық мәслихаттың депутаты кәсіпкердің де, министрлік пен әкімдіктегілердің де ұсынысын қолдамайды. Оның сөзінше ақбөкендерді қараусыз қалған ет комбинатында сою тағы да шикі жұмыстың бірі боп саналады. Айтуынша комбинатты түгелдей жаңалап барып қасапханаға айналдырмаса, мыңдаған тонна ет ысырап болады.

«Бұл ет комбинатын арнайы аралап көрдік. Сапасы сын көтермейді. Көп қаржыны талап етеді. Облыс әкіміне де арнайы хат жолдап, ұсыныстар айттым. Ешқандай жауап жоқ. Киіктің етін заманға сай, жаңа ет комбинатында өңдеу керек. Ақбөкендерді атпай, тормен ұстаған дұрыс. Билік киіктің де, шаруа қожалықтарының да проблемасын ұмытып кетті. Шөп қурап, жайылым тарылып, өзен-көлшіктер тартылғалы қожалықтардың да жағдайы қиындай түсті. Тамыз айы да бітті, ертең күз келіп, суық түскенде саны көп киіктерді қырып аламыз. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев, оның орынбасары Дамир Тұрғамбаев, Асқар Әбдірахаманов – осы салаға жауапты адамдар. Бұлардың бәріне хабарласудан, айтудан жалықтық. Ешқайсысы нақты ештеңе айта алмайды. Өздері не істерін білмейді, жауапкершіліктен қашып отыр. Ұйықтап қалды. Ауыздарына құм құйылды. Билік те, министрлік те киіктің проблемасын ұмытып кетті. Қыста, көктемде киіктің қырылып қалу қаупі жоғары. Жайылым жоқ, киікті басқа өңірге айдау туралы да ұсынысты айта алмайды. Шаруа қожалықтарына үміт беретіндей бір ұсыныс, не бір пікір жоқ. Бізге бәрібір дегендей отыр», — деді Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Серік Жарылғапов.

Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, ақбөкендердің тағдырына қатысты қазір ешқандай шешім қабылданбаған. Арнайы зерттеу жүргізілген соң ғана шешім қабылданады. Бірақ ол зерттеу жұмыстарының қашан басталатыны да белгісіз.

«370 млн»: Алматыда лауазымды қызметкерлер мемлекеттің қаржысын жымқырған

Алматы қалалық спорт басқармасының лауазымды қызметкерлері 370 миллион теңгеге жуық қаржыны жымқырды деген күдікке ілінді. Сыбайлас жемқорлықққа қарсы агенттіктің хабарлауынша, басқарманың қызметкерлері қомақты қаражатты аудару үшін жеке кәсіпкерді пайдаланған.

«Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы қаласы Спорт басқармасының бұрынғы басшысы және оның қарамағындағы қызметкерлер ЖШС директорымен алдын ала сөз байласып, спорт жабдықтарын жалға алуға, мемлекеттік сатып алу шеңберінде сертификаттар мен кубоктар сатып алуға жалған шарттар ресімдеу және қаражатты ЖШС директорының туыстарының банктік шоттарына негізсіз аудару арқылы 369 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды», — делінген хабарламада.

Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.

«Қайрат Сатыбалды жан досым, оны жақсы көремін» — Бекболат Тілеухан (ВИДЕО)

Экс-депутат Бекболат Тілеухан Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлымен қарым-қатынасы жайлы айтты.

«Қайрат менің жан досым, оны мен жақсы көрем. Алла тағала мына сынақтан құтқарсын деп тілеп, дұғама алам. Маған көпшілік Қайрат қамалғалы ләм мим демедің дейді. Мысалы әкесі Нұрсұлтан Әбішұлының өзі ештеңе демеді. Тергеу ісіне араласуға болмайды», — дейді ол.

Айтуынша, жұмыссыз қалған уақытында өзін Ұлттық спортқа алып келген адам Қайрат Сабылдыұлы екен.

Еске салайық, 13 наурызда лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталды.

Қайрат Сатыбалдыұлының мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қ.Сатыбалдыұлына қатысты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

17 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына, оның бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

16 наурызда Г.Сатыбалды ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабы бойынша ұсталып, Нұр-Сұлтан қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Әйелдер 52,5 жастан бастап зейнетке шыға алады»: Тамара Дүйсенова мәлімдеме жасады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова елімізде әйелдердің зейнет жасын төмендету мәселесінің қаралып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Зейнетке шығу жасын қысқарту бойынша мен бұған дейін де бірнеше рет сұхбат бердім. 58 жасқа түсіруді талап етіп жатқан қоғам белсенділерімен кездестім. Қазіргі қолданыстағы заң бойынша әйелдер зейнетақы жарнасы болса 52,5 жастан, ал егер 5 баласы болса 53 жасынан зейнетке шығуы мүмкін, — деді Тамара Дүйсенова «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында болған «Жедел желі» бағдарламасының эфирінде.

Сондай-ақ, министр зейнетке ерте шығуды талап етушілерге жағдайды тағы да түсіндірді.

Егер 58 жастан зейнетке шығамын деушілер болса, білесіздер, қазіргі таңда ынтымақтастырылған жүйеден төленетін зейнетақы көлемі азайып келеді. Себебі еңбек өтіліңіз аз. Егер еш жерде жұмыс істемеген азамат болса, оның зейнетақысы 24 мың теңге болады. Сондықтан қазір бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Яғни әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендетіп, ең аз зейнетақы алғанымыз жөн бе? Әлде оның көлемін арттыру маңызды ма?, — дейді ведомство басшысы.

Мәсімовпен бірге: Тұрғымбаев “Қаңтар оқиғасы” бойынша соттала ма?

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Ерлан Тұрғымбаев Президенттің кеңесшісі лауазымынан босатылды. Ал бүгін сенімді ақпарат көзі «Тұрғымбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғау мәселесі шешілгенін» мәлімдеді, деп хабарлайды Nege.kz. 

Полиция генерал-лейтенанты Е.Тұрғымбаев кеңесшіліктен кетерден төрт күн бұрын ғана «Нурсултанский соловей» телеграм-каналы бүй деп жазған:

«ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы К.Мәсімовке қатысты жүргізілген тергеудің нәтижесі бойынша ІІМ-нің бұрынғы басшысы Ерлан Тұрғымбаевқа «Қаңтар бүлігіне» қатысты айып тағу мәселесі шешіліп жатыр».

Сондай-ақ, телеграм-канал бүлік болған күндері Мәсімовтің Тұрғымбаевты әрекетсіздікке итермелегенін, «Алматыға шабуыл жасаған 20 мың террорист» туралы президентке Тұрғымбаевтың айтқанын, оны Мәсімовтің растағанын жазған.

Бұдан бөлек, Мәсімов пен Тұрғымбаев Елордаға шабуыл жасалуы мүмкін екенін жеткізіп, мемлекет басшысын Ақордадан кетіп қалуға үгіттеген-міс.

Мемлекет басшысы Қаңтар бүлігіне қатысты кезекті бір сұхбатында өзін «кейбір азаматтардың самолетпен немесе вертолетпен Ақордадан кетіп қалуға үгіттегенін» айтқаны рас.

Бірақ бұлардың арасында Тұрғымбаев болды ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз.