Category Archives: Басты тақырып

Қостанайдағы қару-жарақ дүкенінде болған жарылыстың видеосы тарады

Қостанайдағы қару-жарақ дүкенінің жарылған сәті видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. «Оружейная палата» аңшылық дүкенінде болған жарылыс сәті сол маңнан өтіп бара жатқан көліктің бейнетіркегішіне түсіп қалған. Еске салсақ, 3 қыркүйекте сағат 11:20-да қаладағы Н.Назарбаев даңғылы, 115 мекенжайында бір қабатты «Оружейная палата» аңшылық дүкенінің ғимаратынан шыққан өрттің соңы жарылысқа ұласқан болатын. Өрт жақын маңдағы ТЖО ғимаратының шатыры мен асханаға тараған.

 

Жарылыс салдарынан дүкеннің 4 қызметкері қаза тауып, түрлі дәрежеде күйік шалған 3 қызметкері ауруханаға жеткізілді.

Қазіргі кезде аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 204-бабының 2-бөлігі, 292-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Дархан Сатыбалды Қайрат Сатыбалдының туысы ма?

Түркістан облысының жаңа әкімінің соңғы қызметі Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Елшісі қызметі болды. Zakon.kz аймақтың жаңа басшысының немен танымал екенін еске түсірді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Дархан Сатыбалды Түркістан облысының жаңа әкімі болып тағайындалды.

Дархан Сатыбалдының Фейсбук пен Инстаграмда парақшалары бар екені белгілі, бірақ ол әлеуметтік желіні белсенді қолданушы емес.

Өмірбаяны

Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды 1974 жылы 26 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. Үйленген, үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр.

Астанада ЕҚЫҰ-ның VII саммитін дайындауға және өткізуге белсене қатысқаны үшін «Астананың 10 жылдығы» мерекелік медалімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталған.

Білім

1996 жылы Сатыбалды С.Сейфуллин атындағы Ақмола ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 2003 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетінде екінші жоғары білімді алды. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек қызметі

2010-2011 жылдар аралығында Дархан Сатыбалды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы болып жұмыс істеді. 2011 жылғы тамызда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің әлеуметтік-экономикалық бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалды.

2013 жылы Дархан Сатыбалды Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласының әкімі болып келді.

Мемлекет басшысы Дархан Сатыбалдының Шымкент қаласының әкімі қызметіне қала мен оның тұрғындары үшін ең жауапты кезеңде келгенін атап өтті. Президенттің болжамы бойынша, Шымкент Алматы мен Қазақстанның астанасынан кейінгі миллионнан астам үшінші қала болуы керек.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Шымкентті дамыту мәселесі еліміздегі осы дәрежедегі ең жас шенеуніктердің бірі әкім Дархан Сатыбалдыға жүктелді, деп атап өтті өз сөзінде.

Сатыбалды бұл қызметте 2015 жылдың тамыз айына дейін жұмыс істеген. Осыдан кейін Шымкент қаласы басшысының креслосына Ғабидолла Әбдірахымов отырса, Дархан Амангелдіұлы оның орынбасары болды. 2018 жылдың қазан айына дейін Сатыбалды қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды, одан кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды.

2019 жылдың 18 наурызында Дархан Амангелдіұлы Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды.

Ағымдағы жылдың 11 қаңтарында Қазақстанның Өзбекстандағы дипломаты ретінде Дархан Сатыбалды брифингте қаңтардағы тәртіпсіздіктердің хронологиясына қатысты пікір білдірді.

«Болған оқиғалар сан қырлы болды. Таза экономикалық талаптармен басталған шерулерді лаңкестік топтар елдің конституциялық құрылымына нұқсан келтіру үшін пайдаланды»,- деді Дархан Сатыбалды.

Сатыбалды сонымен қатар Қазақстан-Өзбекстан шекарасының жабылуына қатысты расталмаған ақпаратты жоққа шығарып, қаңтар оқиғасы күндері бақылау-өткізу бекеттері қалыпты жұмыс істеп тұрғанын айтты.

Сондай-ақ, 2022 жылғы тамыз айының басында Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Елшісі қызметін атқара отырып, Дархан Сатыбалды екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуына орай «Достыққа 30 жыл» атты мақаласында екі ел арасындағы қарым-қатынасқа баға берді. Дипломаттың айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын шекараны достық шекарасы деп атауға болады, өйткені республикалар ешқашан «еңсерілмейтін қайшылықтарға» тап болған емес.

Дархан Сатыбалды 2019 жылдан бастап 2022 жылдың 31 тамызында Түркістан облысының әкімі болып тағайындалғанға дейін Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі қызметін атқарған.

Тағайындаудан кейін қоғамда облысқа жаңадан келген басшы қамауға алынған Қайрат Сатыбалдының туысы ма деген дау туды. Даулы мәселенің анық-қанығын білу үшін Zakon.kz редакциясы Түркістан облысының әкімдігіне жүгінді.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қ.Сатыбалдының туысы емес, делінген ресми сауалға жауапта.

1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында Түркістан облысының жаңа әкімі отбасы туралы айтты.

«Мен өзім көп балалы отбасынанмын, алты ұлымыз бар, бесіншісімін, інім бар. Мемлекеттік қызметте жалғыз менмін, қалғандары бизнесмендер», — деді Дархан Сатыбалды.

«Атуға рұқсат ала алмаймыз»: БҚО-да қасқыр саны үш есеге көбейіп, малшылар қып-қызыл шығынға батты

Батыс Қазақстан облысының шаруалары қасқырдың көптігінен қыруар шығынға ұшырап келеді. Түз тағысы қорадағы қойды да, жайылымдағы жылқыны да үйірімен қырып кететін болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy — қа сілтеме жасаған Qazaq.today ақпараттық агенттігі. Ал қаптаған қасқырды молынан аулаға аумақтық инспекция рұқсат бермей отыр.

Батыс Қазақстан облысында шаруа қожалықтары көп. Үстірттен бастап Нарынның құмына дейінгі аралықта қожалықтар мыңғырған мал өсіреді. Табынды сиыр мен үйір-үйір жылқы баққан қожалықтардың саны он мыңнан асады. Бөрілер төрт түлікті түнде ғана емес, күндіз де жарып кете беретін болған.

Қасқырдан көп шығын көрген шаруаның бірі — Исатай Сәрсенғалиев. Мыңға жуық етті сиыр, екі мыңдай жылқысы бар Сәрсенғалиевтың қысы-жазы бітпейтін проблемасы — қасқыр қуу.

«Қасқыр өте көп. Жұмысшылармен жабылып жүріп малды қарасақ та қасқыр қоймай жатыр. Күн сайын малға шабады. Аулатпайды да, аттырмайды. Қанша жерден күзетсек те құлындарды қоймайды, жеп кете береді. Қыста мал Нарынның құмына барады, бірақ жылқыдан жылқы қоймай жей берген соң, қалған 400 басты ауылдың маңына әкеліп алдық. Қасқыр қуу үшін қыста «снегоход», жазда параплан, әртүрлі маркалы мылтықтар сатып алдық. Түнде алыстағы аңды дәл көретін мылтықты да алдырттық. Сонда да қасқырдың малға шабуын тоқтата алмай келеміз», — деді шаруа қожалығының төрағасы Исатай Сейсенғалиев.

Сейсенғалиев та, оның өзі сияқты әріптестері де қасқырға жегізген малдың санынан жаңылған. Айтуынша, айғыр үйір жылқыдан бір құлынды аман алып қала алмаған адамдар да бар. Өрістегі тай мен жабағыны қойып, түз тағысы қораның қасындағы малды да жайратып, жарып кететін болған. Шаруалар күз келгелі де қасқырдың шабуылы күшейе түскенін айтады. Өйткені, бөрі бауырын көтерген бөлтірігіне аң қуғанды үйрететін кез.

«Ит-құстан қатты шығын көрдік. Мал төлдеген уақытта қасқырда қатты шапты. Төлдің 30-35% қасқыр жеп кетті. Оны тоқтауға ары күрестік, бері күрестік, шамамыз жетпеді. Менің шаруашылығым құмның ішінде орналасқан. Ит-құс биыл малға тыным бермеді. Қасқыр ататын адамдарды да іздедім, аңшылар да қорқады. Өйткені анйаламыздың бәрі киік. Киікті қорушы, қорғаушылар көп, инспекторлардан ығады. Қасқыр атуға рұқсат алғым келген. Ақжайық ауданы Алмалы ауылдық округінінің әкімдігіне де бардым, инспекцияға да арыздандым. Ақыры рұқсат ала алмадық. Қасқыр аулауға лицензияны портал арқылы алу керек екен. Ол жақтан да құжат ала алмадық. Ары шаптым, бері шапқыладым, ештеңе бітіре алмадым. Қазір міне, қып қызыл шығынмен отырмыз, бұның арты не боларын білмеймін», — деді «Камал» шаруа қожалығының иесі Ербол Жарылғасов.

Биыл тек Бөкей ордасы ауданы бойынша 54 адам 111 қасқыр атуға рұқсат алған. Бірақ одан түз тағысының саны азаймаған. Ауылдық округтердегі аңшылар ала жаздай аң қуғанда небәрі 20 қасқырды ғана атып алған. Түз тағысы азыққа зәру емес. Кең дала киікке толы болса да тек малға шабатын көрінеді.

«Қасқырды атуға берілетін рұқсаттың саны шектеулі. Тапсырысты портал арқылы беру керек. Бірақ қожалықтарда интернет жоқ, ауылдың өзінде өте баяу істейді. Порталға тапсырыс беріп жүргенде уақыты бітіп кетеді де, рұқсатты хобби үшін ататын қалалықтар, сырттағы адамдар алып кетеді. Ал олар малға шабатын ауылдың айналасындағы қасқырларды аңдымайды. Ермек үшін анда-санда аңға шығып тұрады. Көрші қожалықта жуырда ғана отыз бас малын қасқыр жеп кетті. Құмның арасынан, бұтаның ішінен бөрі мүлдем алдырмайды. Түнде отарды күзетіп, малға келгендерін аңдимыз», — деді Жәнібек ауданының тұрғыны.

Облыстағы аң-құсқа қарайтын аумақтық инспекцияның ақпаратынша қасқырдың саны соңғы жылы бірден үш есеге көбейген. Түз тағысын түгендеген инспекторлар былтыр БҚО-да 640 бас қасқыр бар деп есептесе, биологиялық негіз бойынша олардың 64-ін атуға рұқсат берген. Батыстағы бөрінің саны биыл екі мыңға бірақ жеткен. Биологиялық негізге сәйкес тек 196 бас қасқырды атуға рұқсат беріліпті. Облыс көлемінде ауланған қасқырдың саны да, оған жеп болған малды да билік түгендемеген.

Алматы облысында ерлі-зайыпты жетім балаларды ұрып-соғып, жұмысқа жеккен

Алматы облысында ерлі-зайыпты асырап алған балаларды аяусыз ұрып-соққан. Қатыгездік танытқан тұрғындардың әрекеті әлеуметтік желіге тарап кетті. Оқиға Алматы облысының Іле ауданында болған, деп хабарлайды Qazaq.today тілшісі.Әйелі мен күйеуі балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушілерін кезектесе ұрып-соғып, жұмыс істеуге мәжбүрлеген.

«Заман не болып кетті? Балалар үйінің тәрбиеленушілерін кім көрінгенге беретін болған ба? Осы балалардың мемлекеттің асыраушысына ақша төленеді. Оларды ешкім тексермейді де! Өйткені жоғары жақпен байланысы бар ма екен? Мына балаларды ұрып-соғып, жұмысқа жегіп жатыр», — дейді Тelegram-арнасындағы видео авторы.

Жазбада балалар 18 жасқа толғанда асыраушыға жәрдемақы төлеуді тоқтататыны, ал ол өз кезегінде оларды үйінен қуып жіберетіні айтылған. Кейін қамқоршылар балалар үйінен тағы 3-4 баланы алып кетеді-міс. Автор балалардан қай отбасында тұрғысы келетінін ешкімнің сұрап жатпайтынын айтады.

Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі 27 тамызда Іле ауданының қорғаншылық және қамқоршылық органдарына отбасылық үлгідегі балалар үйінің тәрбиеленушілерін жиі соққыға жығу фактісіне қатысты ақпарат түскенін хабарлады.

«Хабарлама түскен бетте ювеналды полиция қызметкерлері аудан әкімдігінің мамандарымен бірлесіп, тиісті тексеру жұмыстарын ұйымдастырды. Тәрбиеленушілер уақытша «Солнышко» балалар үйіне ауыстырылды», — деп түсіндірді тәртіп сақшылары.

Аталған дереке қатысты материалдар сотқа жолданды. Ерлі-зайыптының балаларды қамқорлыққа алуы немесе ондай құқықтан айыру туралы шешімді арнайы құрылған комиссия қабылдайды.  https://www.instagram.com/p/Ch6Kz24qYVJ/

 

 

 

 

ҰҚК Мәсімовке қатысты тергеу ісін аяқтады

ҰҚК бұрынғы басшысы К.Қ. Мәсімовке, А.Т. Садықұловқа, Д.Е. Ерғожинге, М.С. Өсіповке және лауазымды адамдар Д.М. Акиповке, Н.К. Бекмұратқа, А.А. қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Бұл туралы Qazaq.today комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

  • Мәсімовтің және Садықұловтың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі (мемлекетке опасыздық жасау), 179-бабы 3-бөлігі (билікті күшпен басып алу) және 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану)
  • Ерғожин ҚК 179-бабы 3-бөлігі (билікті күшпен басып алу) және 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану);
  • Өсіпов ҚК 362-бабы 3-бөлігі бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану);
  • Акипов және Бекмұрат ҚК 362-бабы 1-бөлігі бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) сараланды.

Қазіргі уақытта күдіктілерді іс материалдарымен таныстыру жүргізіліп жатыр.

Іс материалдарымен танысу кезеңіне қамауда ұстау мерзімі Мәсімов пен Садықұловқа ү.ж. 6 қазанға дейін, Ерғожинге ү.ж. 13 қазанға және Өсіповке ү.ж. 22 қазанға дейін ұзартылды.

Айта кетсек, 6 қаңтарда ҚР ҰҚК мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады (ҚР ҚК 175 – бабы, 1-бөлігі). Осыған байланысты Кәрім Мәсімов пен басқа да адамдар ұсталып, УҰИ-ға қамалды.

Сәуір айының соңында Павлодар облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ҚР ҰҚК-ның бұрынғы төрағасының немере ағасы Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімовке қатысты сотқа дейінгі тергеуді қолға алғаны белгілі болды. Оған артынша іздеу жарияланып, шекара қызметі қолға түсірген болатын.