Category Archives: Басты тақырып

«Сириядағы соғыста қаза тапқан»: Атыраудағы «Ұлттық қыздар мектебіне» қатысты тексеріс басталды

Атырауда сәләфи исламистер бүлдіршін қыздардың құқын таптап, бет-жүзін тұмшалау мақсатында «Ұлттық қыздар мектебі» дейтін сәләфилік бағыттағы жаңа мектеп ашқан. Блогер, қоғам белсендісі Нұргүл Мұқышева «Адырна» порталына осылай деп мәлімдеген.

«Аталмыш діни мектепке Атырау өңірінің тұрғыны Жолмұханова Жұмазия басшылыққа тағайындалған. Ең сорақысы мектеп директоры Жолмұханова Жұмазияның туған інісі Жолмұханов Қанкерейдің қызы Жұлдыз Қанкерейқызы мен күйеу баласы Мұратбеков Абзал 2015 жылы Сирияға қарулы соғысқа аттанып, 2019-жылы екеуі де қаза тапқан. Ал «ұлтттық қыздар мектебі» деген қазақи терминді бетперде қылған сәләфилік оқу орнының құрылтайшылары кімдер екенін білсеңіздер, төбе шаштарыңыз тік тұрады.

Атап айтқанда бұлар нағыз сәләфилік идеологияны кеңінен насихаттап жүрген Есбосын Асан Балғабайұлы мен түркіменстандық Розыев Мұрат Довлетович дейтін исламистер екен.

Айтпақшы Есбосын Асан Балғабайұлы ҚР Қылмыстық кодексінің 194-шы «Бопсалау» бабымен сотталып, адвокаттық лицензиясынан айырылыпты. Бәріміз білетіндей сәләфилер Қазақстандағы мектептердің зайырлы форматта сабақ берулеріне түбегейлі қарсы.

Себебі олар мектептегі киім үлгісіне бағынбай, арабтардың дәстүрлі киімі хиджабпен сабаққа кіргізулерін қалайды. Ал бұл әрекет Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы және білім беру жүйесі зайырлы қағидаттар негізінде оқытылады.

Сәйкесінше оқушылардың киім үлгісі зайырлы сипатта болуы шарт. Сәләфилердің негізгі мақсаты деструктивті діни идеологияны мектеп қабырғасында еркін жүргізуге мүмкіндік алу. Сонымен қатар, осындай жеке мектептерде сәләфилердің ұл-қыздарынан басқа, мешіт намазхандарының балаларына да жат экстремистік, яғни теріс идеологиямен ықпал ету, яғни қатарларын көбейту қаупі бар және бұндай діни орта әртүрлі жанжалдың тууына кеңінен жол ашады», — деп жазды блогер.

Қоғам белсендісі министр А.Айтмағамбетовтен Әділет министрлігінде тіркелген «сәләфилік қыздар мектебіне» лицензия берілмеуі мен тез арада жабылуына ықпал етуді сұраған.

«Жоғарыда аталған жекеменшік ұйымға өкілетті орган лизенция бермегенін хабарлаймыз. Қазір көрсетілген ақпарат бойынша тексеріс басталды. Тексеріс қорытындысы бойынша қажетті шара қабылданады. Қазақстан зайырлы меклекет, барлық ұйым, оның ішінде жекеменшік ұйымдар да қолданыстағы заң талаптарын сақтауға міндетті», — делінген Атырау облыстық білім басқармасының хабарламасында.

Ресейлік депутаттар Путинді сатқындық жасады деп айыптауды талап етті

Санкт-Петербургтегі «Смольнинское» муниципалдық құрылымының (МО) кеңесі Мемлекеттік Думаның депутаттарын Ресей президенті Владимир Путинді Украинаға қарсы соғыс бастағаны үшін сатқындық жасады деп айыптауға шақыру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы 8 қыркүйекте «Смольнинское» муниципалитетінің депутаты Дмитрий Палюга мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

«Шешімді жиналған депутаттардың көпшілігі қолдады», — деп жазды Палюга.

Бірақ қанша адам жақтап дауыс бергенін айтпады. Сондай-ақ, ол Мемлекеттік Дума депутаттарына жолдау жоспарланған шешім мен үндеу мәтіндерін жариялады.

Үндеуде соғыста «еңбекке жарамды жас азаматтар өліп, мүгедек болып жатқаны», Ресей экономикасының басқыншылықтарынан зардап шегіп жатқаны, Путиннің әрекетінің нәтижесінде Швеция мен Финляндияға қосылу арқылы НАТО блогының кеңейіп жатқаны баса айтылған. Соғыс мақсаттарының бірі Украинаны демилитаризациялау болды. Біірақ 24 ақпаннан бері Киев 38 миллиард долларға жаңа қару алды, делінген үндеуде.

«Президент Путиннің өзін-өзі қорғауға кірісу туралы шешімі Ресей мен оның азаматтарының қауіпсіздігіне зиян деп санаймыз. Осыған байланысты Мемлекеттік Думаның депутаты ретінде сізден айып тағылу туралы ұсыныс енгізуіңізді сұраймыз.», — делінген құжатта.

Наурыздың басында Смольнинское муниципалитетінің депутаттары Путинге соғысты тоқтатып, отставкаға кетуге шақырған үндеу жолдаған.

«Шығын 6,6 миллиард»: Гүлмира Сатыбалды адам ұрлап, өзгенің мүлкін күшпен тартып алған

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Гүлмира Сатыбалдыға қатысты бірнеше себеп бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Гүлмира Сатыбалдыға, оның бақылауындағы «Ария-Жаңа Астана» ЖШС компаниясының басшылығына және мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына қатысты объектілерді салуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша тергеуді жалғастырып жатыр», — делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, бірнеше объектілер бойынша іс жүзінде орындалмаған құрылыс-монтаждау жұмыстарына ақы төлеу нәтижесінде мемлекетке жалпы сомасы 3,9 милиард теңгеге аса ірі мөлшерде залал келтірілген.

«Тергеу сатысында қабылданған шаралар арқылы мемлекетке келтірілген залал толық өтелді. Сонымен қатар, Г. Сатыбалды мен оның сенімді тұлғаларына қатысты бірқатар кәсіпорынның қатысу үлестері мен активтерін заңсыз иелену, адамды ұрлау және бас бостандығынан заңсыз айыру фактілері бойынша тергеу жүргізіліп жатыр», — делінген хабарламада.

Жәбірленушілерге келтірілген залалдың алдын ала сомасы 6,6 милиард теңгеден асады.

Күдікті адамдар күзетпен ұсталып, тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

«Президент мырза, қасыңыздағы шенеуніктерді желкелеп қуып шығыңыз!» – Марғұлан Сейсембай

Белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембай Тоқаев жолдауына қатысты өз пікірін білдіріп, одан айналасындағы шенеуніктерден тезірек құтылуын сұрады.

«Тоқаевтың жолдауынан бері бірнеше күн өтті. Қоғамда әсіресе президент сайлауы мен жеті жылдық мерзімге қатысты қызу талқылау жүріп жатыр. Кезектен тыс президент сайлауын өткізу қажеттілігіне негізгі аргумент ретінде реформалар алдында президент мандатын жаңадан бастау немесе қайтадан растау қажеттілігі айтылады. Біріншіден, Тоқаевқа өзінің кеңесші сымақтарын тыңдамау керек еді. Тоқаевтың айналасындағы барлық шенеуніктер кеңестік инженерлер сияқты. Олар не жасаса да, түбінде бәрібір Калашников автоматы шығады. Қазір де солай, олар кезектен тыс президент сайлауы және конституцияны біржақты өзгерте салу арқылы өкілеттігін ұзартудан басқа артық ештеңе ойлап таппады. Не ексең, соны орасың деген осы. Екіншіден, дұрыс реформалар жасау үшін жаңа мандат қажет емес. Дұрыс реформа жасасаң, саған деген халықтың сенімі артып, мандатың автоматты түрде нығая түседі. Сондықтан бұл жай ғана өз өкілеттігін ұзартудың сылтауы. Ал бұл Тоқаевқа деген сенімді төмендетеді. Құрметті кеңесшілер, сіздер артық қылам деп тыртық қылдыңыздар. Президент мырза, мұндай саяси кеңесші сымақтарыңызды желкелеп қуып шығыңыз», — дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер Тоқаевтан күтетін нақты әрекеттерге тоқталды.

«Қалай істеген дұрыс болар еді? 1. Тоқаев «қолшоқпар» парламент арқылы барлық қажетті заңдарды қабылдайды. «Партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Орталық сайлау комиссиясы туралы», «Тәуелсіз БАҚ туралы», «Митингтер мен шерулер туралы» және тағы басқа. 2. Содан соң, Тоқаев парламент сайлауы өтетіні жөнінде хабарлап, сайлауды келесі жылдың күзіне қояды. 3. Конституцияға сәйкес 2024 жылы өзі президент сайлауына қатысады. Егер ол дәл осылай істегенде, мен оның жеңіске жететініне 100% сенімдімін. Бірақ бірнәрсе дұрыс болмады. Қазіргі жағдай маған мүлде ұнап тұрған жоқ», — деді Марғұлан Сейсембай.

Білім саласындағы реформа: Қызылордада сағатқа таласқан мұғалімдер бір-бірімен жанжалдасып жүр

Қызылордалық мұғалімдердің Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовке өкпесі қара қазандай. Әсіресе, орыс тілінен сабақ беретін педагогтар сағаттың азайғанын айтып шағымданып отыр. Олар министрдің реформасы алдын ала ескертілген жоқ, оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанда ғана айтылды дейді. Соның салдарынан сағаты қысқарған мұғалімдер қазір бір-бірімен жанжалдасып жүрген көрінеді. Azattyq Ruhy мәселенің мән-жайын анықтап білді. Қызылорда қаласындағы №176 мектептің мұғалімі Майра Сүлейменова орыс тілі пәнінен сабақ береді. Оқушыларды бөліп оқытпаса білім беру деңгейінің сапасы төмендеп кетеді, ал мұндайға жол бермеу үшін реформа алдын ала хабарланып, барлық тәуекелдер зерделенуі керек еді дейді ол.

«Оқу жылы басталардан екі апта бұрын ғана сағатымыздың қысқаратынын ескертті. Шулай бастағанда ешкімді жұмыстан шығармаймыз деді. Бірақ толық «ставка» емес, 10, 12 сағатпен қалған мұғалімдер көп. Өзімнің 12 сағатым бар. Енді қазір ұзақ жыл бірге жұмыс істеген мұғалімдер сағатқа таласып, бір-бірімен жауласып жатыр. Оларды да түсінуге болады, бірінің несиесі болса, екіншісі баласының оқуына ақша төлейді. Бұрынғы жалақыны есептеп жоспар құрған. Енді жағдай аяқ астынан өзгерді.

Мектепте «правком» бар, ай сайын әр мұғалімнен 4 мың теңгедей ұстап қалады. Бірақ олар мұғалімдердің құқығын қорғамады. Сонда біз оларға не үшін ақша төлеп келеміз? Әкімдік басын ала қашып, қысқарту туралы бұйрық министрліктен жеткенін жариялады. Моральдық тұрғыдан мұғалімдерді әбден қинады бұлар», — деді қызылордалық ұстаз Майра Сүлейменова.

№176 мектепте 1300 оқушы бар. Орыс тілі пәнінен 14 мұғалім сабақ беріп келген. Пәндік жұмыс сағатының қысқаруы білім сапасына да тікелей кері әсерін тигізеді деп санайды отыз жылдық тәжірибесі бар мұғалімдер. Өйткені сыныптағы 24-40 оқушы аралығына дейін отыратын балаларға мұғалімдер білім үйретіп үлгермейді.

«Осы мектепте ауысқаныма 6 жыл болды. Жұмыс уақытым қысқарып, 10 сағатпен қалдым. Қызым студент, жолдасымның айлығы да мардымсыз. Мойнымда несием бар. Жарымаған жалақымен қарыздарымды қалай төлейтінімді білмеймін», — деді орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Инна Хен.

Пәндік сағаттары қысқартылған ұстаздар ел көлемінде бірнеше рет жиын өткізіп, арызды министрлікке қарша боратқан. Қанша қарсылық танытса да министрлік шығарған шешімнен бас тарпаған еді. Жуырдағы жолдауында Президент: Қоғамда қазақ және орыс тілін мектепте оқыту мәселесі жөнінде пікірталас болып жатыр. Нақты айтайын: біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды тәрбиелеуіміз қажет. Себебі, бұл ұрпақтың мүддесі үшін керек. Оқу-ағарту министрлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауға тиіс. Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде», — деген еді. Ұстаздар болса Оқу-ағарту министрлігінің әрекеті Президенттің айтқанына қарама-қайшы дейді.

«Мектепте 132 мұғалім бармыз. Әртүрлі пәннен сағаттың қысқаруы мұғалімдерді депрессияға түсірді. Төмендегілер министрілікке кейбір мектеп мұғалімдері 40 сағатпен жүреді деп теріс мәлімет берген. Қалалық жерде ешқашан мұғалімде ондай көп сағат болған емес. Қазір енді біздің мектеп қана емес, осы Қызылорда өңіріндегі барлық мектепте айқай-шу, сағатқа талас», — дейді Майра Сүлейменова.

Сағаты қысқарған пәндер бойынша қанша мың мұғалімнің айлығы азайғаны әлі анық емес. Президент жолдауда тіл тақырыбын қозғаған соң министрлік сағат санының қайтадан көбейетінін мәлімдеген, бірақ істі нақтыламады. Минстрлік өкілдері күрмеуі көп сұраққа кейінірек жауап беретінін мәлімдеді. Ал оқу жылы басталмай жатып келеңсіз жағдайда қалған мұғалімдер кімге барып мұңын айтарын білмей жүр.