Category Archives: Аймақ

Теміртауда болған жарылыстан бір адам қаза тапты

Фото: Видеодан алынған

Теміртаудағы жарылыстан кейін қирап қалған дүкен ғимаратының астынан бір адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Таңғы 09:49 кезінде құтқарушылар үйінді астынан әйелдің денесін сыртқа шығарды.

Жедел жәрдем бригадасы өлім фактісін растады.

Еске сала кетейік, бүгін таңертең Теміртауда қос қабатты дүкен ғимаратында газ жарылған болатын. Дүкен опырылып, өртенген.

Премьер-министр Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды

Фото: Үкімет 

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, бірқатар негізгі өндірістік кәсіпорынды аралады, сондай-ақ өнеркәсіп секторының өзекті мәселелерімен танысты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

«Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағын аралау барысында Олжас Бектенов «Steel Manufacturing» патрон зауытының жұмысымен танысты. Қазақстандық патрон зауыты – қорғаныс-өнеркәсіп кешеніндегі жоғары технологиялық бірден-бір кәсіпорын. Мұнда қауіпсіздік мәселесіне және өндірісті автоматтандыруға басымдық берілген, өндірістік процестің барлығы адамның қатысуынсыз, автоматты түрде жүзеге асырылады.

Премьер-Министр зауыт өндірістік қуатын толығымен пайдаланып жұмыс істеуі керек екенін, сол себепті оны салалық ведомстволардың жоспарға сай тапсырыстарымен жүктеу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Олжас Бектенов «Қарағанды – Балқаш – Алматы» автожолын реконструкциялау барысы туралы баяндамаларды тыңдады. Бүгінгі таңда жаңа асфальт бойынша жол қозғалысы қамтамасыз етілген, айналма жолдар тек жол өтпелері салынып жатқан учаскелерде ғана қалып отыр.

Үкімет басшысы барлық жұмысты жыл соңына дейін аяқтау қажеттігін атап өтті. Одан кейін Олжас Бектенов Qarmet металлургиялық комбинатының өндірістік цехтарына барды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мемлекет оны әрі қарай дамытуға қажетті қолдау көрсетуде. Мұнда Премьер-Министр металлургтермен әңгімелесті, оның барысында кәсіби мамандық мәртебесін арттыру, жалақыны ұлғайту, жас мамандарды даярлау үшін жаңа оқу орындарын құру, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселе көтерілді.

Үкімет басшысы көтерілген мәселелердің барлығы және Qarmet-тің алдағы жұмысы мемлекеттің бақылауында болатынына сендірді.

«Жаңа инвестор өндірісті жаңғыртуға және қауіпсіздік деңгейін арттыруға ауқымды инвестициялар салу бойынша міндеттемелер қабылдады. Бұл бос сөз емес, мұның бәрі қағазға қатталған және мемлекеттің бақылауында болады. Президент барлық тиісті тапсырманы берді. Комбинаттың тынысы кеңейіп, жаңа өмірге жол ашатынына сенімдіміз. Бұл – отандық өнеркәсіптің мақтанышы. Біз өз тарапымыздан бақылап, жан-жақты қолдау көрсететін боламыз», — деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Премьер-Министр салалық ведомстволар басшыларының, жаңа инвестордың, әкімдік өкілдерінің және кәсіпорын қызметкерлерінің қатысуымен Qarmet-тің өзекті мәселелерін шешу және одан әрі дамыту жөнінде кеңес өткізді. Saran индустриялық аймағын аралау кезінде Үкімет басшысы 2021 жылы іске қосылған автобус шығаратын «Qaztehna» зауытының жұмысымен танысты. Бүгінгі таңда кәсіпорында шағын торапты құрастыру, дәнекерлеу және бояу цехтары жұмыс істейді. 2023 жылы мұнда 1 700-ге жуық автобус шығарылды. Зауыттың өнімі Қазақстанның ішкі нарығына, сондай-ақ ЕАЭО елдеріне жіберіледі. Содан кейін Олжас Бектенов автомобиль шиналарын шығаратын «KamaTyresKZ» кәсіпорнына барды. Жобаға 214 млрд теңгеден астам инвестиция салынды. Жобалық қуаты жылына 3,5 млн жеңіл, жеңіл жүк және жүк шинасын құрайды. Қазіргі уақытта мұнда жабдықтарды монтаждау және іске қосу, ретке келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

БҚО-да шенеунік 57 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Фото: ИА «NewTimes.kz»

Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК бұрынғы директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Тергеу деректері бойынша, күдікті 2021-2022 жылдары алдау арқылы жалпы сомасы 57 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған. Бұл қаражатты БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы «Artsport» бағдарламасы бойынша жан басына қаржыландыру шарты шеңберінде балаларды оқыту бойынша көрсетілетін қызметтерге «Ақжайық ФК» ЖШС-не бөлген.

Соттың санкциясымен ол қамауға алынды. Қазіргі уақытта қалған адамдардың қылмысқа қатысы тексерілуде және жымқырудың қосымша эпизодтарын анықтау жұмыстары жалғасуда.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Шымкентте 100 жастағы ұстаз сабақ береді

Фото: Видеодан алынған кадр

Шымкентте 100 жастағы әже әлі күнге дейін сабақ береді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі 24.kz сайтына сілтеме жасап. 

Валентина Ивановна бүкіл саналы ғұмырында неміс тілі пәнін оқытқан. Жасының ұлғайғанына қарамастан қазір де шәкірт тәрбиелеуді жалғастырып келеді. Үйде немерелеріне шет тілін үйренуге көмектеседі.

Аударма ісі, оқу, жаттығу жасаумен де айналысады. Ғасыр жасаған ардақты ана ұзақ өмір сүрудің құпиясымен бөлісті. Валентина Ивановна үшін мына ескі фотоальбомда құнды естеліктер сақталған. Ол мүндағы фотолардағы әр жылдары сабақ берген шәкірттерінің бәрін танып, түсін түстеп отыр. Тіпті қай баланың бұзық, қайсысының жақсы оқығанына дейін біледі. Қазір бұл суреттегі оқушылардың өзі немере сүйіп, апа-атаға айналған.

«Бұл өте жақсы сынып болатын. Шәкірттерімнің барлығы әртүрлі салада еңбек етеді. Мен жұмыс істеген гимназияда қызмет істейтін мұғалімдердің тең жартысы – менің оқушыларым. Алды зейнетке шығып кетті», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Валентина Розум. 

Валентина Ивановна жай ғана ұстаз емес, ол шымкенттіктер үшін тірі аңыз десе де болады. Білікті ұстаз 80 жасқа дейін мектепте жұмыс істеп, ағылшын және неміс тілдерінен сабақ берді. Қазір 100-ге келген зейнеткер немере-шөберелеріне бағыт беріп, білгенін үйретіп отыр.

100 жастағы ұстаз айналасын тек білімімен емес, сонымен қатар өзін үнемі дамытып отыру үлгісімен де шабыттандырады. Кітап оқып, аударма жасайды. Тіпті гимнастикамен айналысуға уақыт табады. «Жастың ұлғаюы әдемі қартаюға кедергі емес», — дейді қарт ұстаз. Оның салауатты өмір салтын ұстануы мен өмір сүрудегі белсенділігі айналасындағыларды жігерлендіріп, күш-қуат сыйлайды.

«Ол кісі – өте көңілді адам. Бірақ өте талапшыл. Өз саласының үздігі. Кәсіби біліктілігі мен ізденімпаздығына таңғалмасқа болмайды. Білім берген шәкірттері де өте дарынды, жан-жақты болды. Сабақта балаларға өте әділ болды. Ынтасы бар, оқимын деген балалардың белін буып, көмегін аяған жоқ», — деді №20 мектеп-гимназиясының мұғалімі Валентина Заплатина. 

Валентина Ивановна жақында 100 жылдық мерейтойын отбасымен бірге және сүйікті шәкірттерінің ортасында атап өтті. Қарт әже өзінің бір ғасыр бұрын берілген туу туралы куәлігін көрсетіп, «музей жәдігері» деп әзілдегенді жақсы көреді. Ал ұзақ жасауының сырын денсаулығын күтіп, салауатты өмір салтын ұстануымен байланыстырады. Адам өзін күткенде ғана кәріліктің рақатын көретінін айтады.

Атырауда 20 күн сабаққа бармаған оқушының анасына айыппұл салынды

Атырауда 3-сынып оқушысы 20 күн бойы сабаққа бармаған. Ұлының дәлелсіз сабақтан қалғаны үшін анасына айыппұл салынды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі. 

Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабының 1-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды. Сотта анықталғандай, құқық бұзушы Ж.-ның ұлы, 3-сынып оқушысы дәлелсіз себептермен 20 күн бойы сабаққа қатыспаған. Оқушының анасы Ж. кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, оған білім беру, сондай-ақ күтім жасау және күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттерiн орындамаған, — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Сот отырысында құқық бұзушы Ж. өзінің кінәсін мойындап, әрекетіне өкінетінін білдірген. Сот қаулысымен кәмелетке толмаған баланың анасы кінәлі деп танылды.

Сот құқық бұзушының жеке басын, отбасылық және материалдық жағдайын, құқық бұзушылықтың сипатын ескере отырып, оған 24 150 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл тағайындады, — деп жазылған хабарламада.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.