Category Archives: Алматы қаласы

Алматыда дін саласындағы шығармашылық байқау жеңімпаздары анықталды

Алматыда дін саласындағы өзекті мәселелерді насихаттауға арналған шығармашылық байқау жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

29 қазанда Алматы қаласында дін саласының өзекті мәселелерін ақпараттық кеңістікте кеңінен насихаттауға бағытталған шығармашылық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Байқау Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен 2025 жылғы 17 ақпан мен 7 қазан аралығында өткізілді.
Жалпы 227 материал қабылданып, қатысушылар арасында журналистер, блогерлер, сарапшылар және әлеуметтік желі белсенділері болды.

Байқаудың негізгі мақсаты – қоғамның діни сауаттылығын арттыру, зайырлылық қағидаттарын нығайту, сондай-ақ деструктивті идеологиялар, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында сапалы ақпараттық контентті қолдау.

Байқау барысында түскен барлық материалдар 5 мүшеден құралған қазылар алқасы тарапынан мұқият сарапталды және әділ бағаланды.
Жюри мүшелері әрбір жұмыстың мазмұнын, өзектілігін және қоғамдық әсерін ескеріп, мүмкіндігінше объективті шешім қабылдады.

Байқаудың нәтижесінде интернет кеңістікте діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу тақырыбында пайдалы, сапалы материалдардың саны артты.

Әлеуметтік желілерде рухани құндылықтарды, толеранттылық пен өзара түсіністікті дәріптейтін контент көбейді.

ЖЕҢІМПАЗДАР

  • Қазақ тіліндегі үздік интернет-мақала – Абдрахманов Сұлтан.
    Материал: «Теріс діни ағымдар: жастықты арбайтын тұзақ»
  • Орыс тіліндегі үздік интернет-мақала – Дастан Елдес.
    Материал: «Идеология в контексте противодействия радикализму»
  • Instagram желісіндегі үздік бейнеролик – Мырас Біржан.
    Материал: «Діни фанатизм мен терроризм салдары»
  • TikTok желісіндегі үздік бейнеролик – Рахимбек Ерсұлтан Нұрболатұлы. Материал: «Сақ бол, жас ұрпақ!»
  • Әлеуметтік желідегі үздік тақырыптық пост – Болатжан Әл-Фараби Нұрбекұлы. Материал: «Казахстан – светская страна!»
  • Үздік пікір – Кисиков Бекнур Сеитжанович. Материал: «Фанатизм»
  • Үздік мотивациялық сөз және үндеу – Накнавина Ақмаржан Мырзағалиқызы. Материал: «Қоғамдағы конфессияаралық келісім»

Ынталандыру сыйлықтарына ие болған қатысушылар да шығармашылық еңбегі үшін марапатталды. Жалпы жүлде қоры – 3 500 000 теңге.

Бұл байқау – қоғамның рухани иммунитетін күшейтуге, жастардың діни сауаттылығын арттыруға және ақпараттық кеңістіктегі оң үрдістерді қолдауға зор үлес қосты.

Сонымен қатар, ол ақпараттық мәдениетті дамыту мен қоғамдық бірлікті нығайтуға бағытталған тиімді алаңға айналды.

«Рухани келісім – бірлік пен бейбітшіліктің негізі»: Алматыда Республикалық форум өтті

Фото: QazaqToday

Алматыдағы Caspian University базасында Рухани келісім күніне арналған Республикалық форум өтті. Іс-шара мемлекеттік органдардың, дін өкілдерінің, ғалымдар мен азаматтық қоғам мүшелерінің басын қосып, қазіргі заманда рухани құндылықтардың қоғам өміріндегі рөлін талқылауға арналды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Биылғы форумның тақырыбы — «Рухани келісім – Қазақстандағы бірлік пен бейбітшіліктің негізі». Кездесуде қатысушылар цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріндегі рухани тұтастықты сақтау мәселелерін қозғап, адамгершілік бағдардың маңыздылығына тоқталды.

Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, доктор Ахмед Хусейн Мухаммад Ибраһим форум қатысушыларын Рухани келісім күнімен құттықтап, бұл мерекенің қоғамдағы ерекше орнына назар аударды.

«Рухани келісім күні – халқымыздың татулығын, өзара құрмет пен сенімді нығайтатын, дінаралық және конфессияаралық үйлесімділікті дәріптейтін ерекше мереке. Бұл күн бізге бірліктің – ел дамуының бастауы екенін еске салады», — дейді ол.

Ол Қазақстанның әлемдік деңгейде бейбітшілік пен дінаралық диалогты нығайтуда маңызды бастамалар көтеріп келе жатқанын айтты. Соның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін бейбітшілік пен өзара түсіністіктің символына айналған бірегей алаң деп атады.

«Бүгінгі форумның ұраны – Бірлікте – бар береке. Бұл халқымыздың басты ұстанымын айқын бейнелейтін сөз», – деді Ахмед Хусейн.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жанна Бейсентайқызы Асанова форум барысында рухани және адамгершілік құндылықтардың қазіргі әлемдегі рөлін ерекше атап өтті:

«Бүгінде соғыс пен қақтығыстар өршіп тұрған шақта, адамзаттық ынтымақ пен бірліктің құндылығын бұрынғыдан да айқын сезінеміз. Тек парасаттың үніне құлақ асып, рухани негізге оралғанда ғана адамзат шынайы бейбітшілік пен келісімге жете алады».

Сенатордың айтуынша, дін қоғамды бөлетін емес, біріктіретін күшке айналуы тиіс.

«Біз сенім мен діннің қуатын жою емес, жасампаздық құралына айналдыруымыз қажет. Бұл форумның Қазақстанда өтуі – елдің бейбітшілік пен келісім үлгісін паш етеді». Ол форумның тек пікір алмасу емес, діни, мәдени және гуманитарлық әріптестікті нығайтатын маңызды алаң екенін де айтты: «Бұл форум ортақ адамгершілік құндылықтарға негізделген берік серіктестіктер орнатуға бағытталған шынайы үндеу болсын. Алла Тағала біздің бірлігімізді нығайтып, ізгілік жолына бастасын», – деді Жанна Асанова.

Форум қорытындысында қатысушылар рухани келісімнің ел тұрақтылығы мен болашағы үшін аса маңызды екенін атап өтті. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дамыған дәуірде адам баласы рухани тамырынан ажырамауы қажет деген ортақ ой айтылды. Рухани келісім мен адамгершілік құндылықтар – кез келген қоғамның даму өзегі және тұрақтылықтың басты кепілі.

«40 мың тұрғын қатысты»: Алматыда «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асырудың III тоқсаны қорытындыланды

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен қала әкімдігінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы іс-шаралардың орындалуына қатысты жиын өтті. Онда 2025 жылдың III тоқсанында атқарылған істер сараланып, алдағы межелер айқындалды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Шілде-қыркүйек аралығында қалада 367 іс-шара өткізіліп, оған 337 мыңнан астам адам қатысты. 376 тоннадан астам қоқыс жиналды, шамамен 600 гектар аумақ тазартылып, 912 ағаш пен бұта отырғызылды.

Сенбілік ұйымдастыруға баса назар аударылды. Тоқсан ішінде 128 сенбілік өтті, оның ішінде 4 жалпықалалық сенбілікке 40 мыңнан астам тұрғын мен ерікті қатысты. Бұл ауқымды іс-шараға 2 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылып, 20 мың текше метрден астам қоқыс шығарылды.

27 қыркүйекте мектептер мен балабақша ұжымдары, медициналық ұйымдар, бизнес өкілдері және қала тұрғындары қатысқан кең ауқымды жалпықалалық сенбілік өтті. Акцияға 4 мыңға жуық адам мен 143 арнайы техника тартылып, бір күнде 1,6 мың текше метрден астам қоқыс жиналып шығарылды.

Сонымен қатар қыркүйек айында 100 мың бұта отырғызу бойынша жұмыстар басталды. Бүгінде 4 мыңнан астам өсімдік егілді, шамамен 7 мың ойық дайындалды. Отырғызылған көшеттерді «Лукоморье» тәлімбағы жеткізсе, олардың сапасын Бас ботаникалық бақ мақұлдады.

Аудандық көрсеткіштер бойынша үздіктер қатарынан Алатау ауданы озық шықса, Медеу, Наурызбай және Түрксіб аудандары да жоғары нәтижесімен көзге түсті.

Дархан Сатыбалдының айтуынша, «Таза Қазақстан» бүгінде жай ғана экологиялық жоба емес, қала тұрғындарын ортақ іске жұмылдыратын қуатты қозғалысқа айналды. Әкім алдағы уақытта барлық ауданның қатысуымен экологиялық айлық өткізуді ұсынды.

«Қаланың тазалығы біздің мәдениетіміздің, болашаққа деген құрметіміздің айнасы. Ең бастысы, осы қарқынды бәсеңдетпей, тұрғындармен, кәсіпкерлермен, қоғамдық ұйымдармен бірге тізе қосып еңбек ету», – деді Алматы әкімі.

«1400 желаяқ»: Almaty Marathon шетелдік қатысушылар саны жөнінен рекорд жаңартты

Фото: Алматы әкімдігі

Алматыға 60 елден 1 400 жүгіруші маусымның ең ірі жарысына келді. Бұл 14 жыл ішінде марафон тарихындағы шетелдік қатысушылар саны жөнінен рекорд жаңартты, деп хабарлайды Qazaq Today агенттігі.

Айта кетейік, Almaty Marathon Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.

Almaty Marathon 2025 рекордтық түрде 16 149 қатысушыны жинады. Жүгірушілердің көпшілігі жергілікті тұрғындар (14 785), бірақ басқа қалалар мен елдерден келген қатысушылардың үлесі жыл сайын артып келеді. Биыл 1 383 шетелдік (қатысушылардың 8 пайыздан астамы) марафонға арнайы келді. Марафонға қатысқан үздік 3 ел: Ресей (513), Қырғызстан (180) және Қытай (142). Іс-шараға Азия және Тынық мұхит өңірінен (226), Еуропа (166), Солтүстік және Латын Америкасы (40), Африка (3) және Таяу Шығыс (93) аймақтарының азаматтары қатысты.

«Almaty Marathon сияқты іс-шаралар халықаралық сертификаттар, жақсы инфрақұрылым және жергілікті бірегей көрікті жерлер туристерді тартады. 2019-2023 жылдардағы Almaty Marathon сараптамалық зерттеуіне сәйкес, 1000 қатысушы 7,9 млн теңгеге сатылым жасады. Бұл соманың 39%, ақшаны марафонға келген туристер жұмсайды, олардың 79,3%-ы қайта оралуды жоспарлап отыр»,- деді «Бірінші болу батылдық» қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов.

Марафон сонымен қатар экономиканың дамуына серпін береді. Almaty Marathon серіктестерінің салық аударымдары 4 жыл ішінде 318,9 млн теңгеден 873,9 млн теңгеге дейін өсті. Ірі спорттық іс-шара өткізілген жылдары қалада жаңа ШОБ нысандары мен жұмыс орындары ашылды.

Паркинг, қазандық және трансформаторлы қосалқы станция: Dragon City тұрғындарының мәселелері қалай шешіледі

Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісу ауданындағы «Dragon City» тұрғын үй кешенінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар жерасты тұрағын заңсыз қайта сату, қазандықтың жұмысы және жерасты үй-жайында трансформаторлы қосалқы станцияны орналастыру сияқты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Тұрғындар бастапқы жоба бойынша пәтерлер паркингпен бірге сатылғанын айтты. Кейінірек шарттар өзгеріп, көлік орындарының құны 3-тен 10 миллион теңгеге дейін өскен, содан кейін үй-жайлар толығымен коммерцияға айналған. Тұрғындардың пікірінше, бұл бастапқыда ойластырылған сызба болған.

Дархан Сатыбалды жауапты органдарға осындай шешімдердің қалай қабылданғанын, кім рұқсат беріп, құжаттарға кім қол қойғанын анықтауды тапсырды. Ол бұдан былай бұл мәселе өзінің жеке бақылауында болатынын айтты.

«Іс-қимыл алгоритмі Экономикалық тергеу департаментімен, прокуратура, ТЖ және басқа да қызметтермен бірлесіп әзірленетін болады. Қажет болса, трансформаторлық қосалқы станцияны ауыстырамыз. Ең бастысы — кешеннің 2 жарым мыңға жуық тұрғынның қауіпсіздігі мен өміріне төнетін кез келген қатердің алдын алу», — деді әкім.

Қала басшысы жылыту маусымында қазандыққа қызмет көрсетуді ведомстволық бағынысты ұйым өз мойнына алатынын атап өтті. Ол қыста үзіліссіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беретінін, ал келесі жылы нысан бюджет есебінен жаңғыртылатынын айтты.

Әкім трансформаторлы қосалқы станцияны жерасты үй-жайына орналастыруға қатысты алдымен қауіпсіздік шараларын пысықтауды тапсырды.

Тұрғындар абаттандыру мәселелерін де көтерді. Әкімнің тапсырмасы бойынша ауданда жол белгілері, «көрінбейтін полицейлер» және бейнебақылау камерасы орнатылады. Бұдан басқа, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының тетігі арқылы балалар ойын алаңын салу мәселесі де қаралады.