All posts by qazaqtoday

Көкшетауда су құбыры жарылып, тұрғындардың көліктерін су басты

Фото: видеоданс скрин

Көкшетау қаласында Назарбаев даңғылы бойындағы су құбыры жарылып, бірнеше аула мен тұрақ су астында қалды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Таңертең болған апат салдарынан тұрғын үйлермен қатар, тұрақтағы көліктер де суға батып, зардап шекті. Куәгерлердің айтуынша, су көліктердің салоны мен жүксалғышына дейін кіріп, кейбір темір тұлпарлар жарамсыз күйге түскен. Ашынған тұрғындар: «Кім өтемақы төлейді?» — деп наразылық білдіруде.

Маман кеңесі бойынша, көлік иелері сақтандыру компанияларына жүгінуі керек. Егер полисте мұндай жағдайлар қарастырылса, шығынның бір бөлігі өтеледі. Ал сақтандырусыз көліктерді жөндеу иелерінің өз қалтасынан төленеді. Қала тұрғындары жауапты коммуналдық қызметтердің бұл жағдайды назардан тыс қалдырмай, кінәлілерді анықтайтынына үміт артып отыр.

Павлодарда анасы мен баласы өз үйінде өлі күйінде табылды

Фото: Pixabay

Көршілердің айтуынша, пәтерде зейнеткер мен оның 36 жастағы ұлы тұрған. Мәйіттер табылған кезде пәтерден өзіне-өзі қол жұмсау туралы хат табылды. Онда қылмыстың себебі ретінде әкесінің өлімі көрсетілген. Біраз уақыт бұрын ер адамның әкесі қайтыс болған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Павлодар облыстық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

 

«Павлодар қалалық полиция басқармасы қала тұрғынын өлтіру және оның ұлының өз-өзіне қол жұмсауы фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатқанын хабарлаймын», – дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Сафуан Жампейісов.

 

Анықталғандай, күдікті қылмыс жасағаннан кейін өз-өзіне қол жұмсаған.

Жұлдыз Әбдікәрімова кенже ұлының диагнозын айтты

Фото: Видеодан алынған кадр 

Актриса, әнші Қайрат Нұртастың жары Жұлдыз Әбдікәрімова кіші ұлын клиникаға тексертуге алып келгенін көрсетті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

 

«Хан бес жасынан бастап көзілдірік тағады – астегматизм. Алты ай сайын тұрақты түрде тексеріліп тұрамыз. Міне бүгін кезекті рет тексерілуге келіп тұрмыз. Бізге қосымша қан тапсыру керек деді. Қан талдаудың нәтижесі бойынша, қандай дәрумендер ішу керек, оны да бізге айтады», — деді ол.

 

Сондай-ақ актриса бала денсаулығына байланысты ата-аналарға кеңес берді.

 

«Жалпы баланы жарты жыл сайын сheck-up жасатып тұру керек. Мен Ханды міндетті түрде өткізіп тұрамын, өйткені әлі кішкентай, 11 жасқа енді толады, алдын-алған дұрыс деп ойлаймын. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген дұрыс», — деді ол.

 

Айта кетсек, Жұлдыз Әбдікәрімова жақында бесінші сәбиін дүниеге әкелген.

19 жастағы футболшы Диас Төлеу ойын кезінде есінен танып, көз жұмды

Қаралы хабарды Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі таратты.

Қазақстан футбол федерациясы «Хан-Тәңірі» клубының шабуылшысы Диас Төлеудің мезгілсіз дүниеден өткенін қайғырып қабыл алды.

 

«Жастығына қарамастан, футболға деген ынтасы мен таланты арқылы көзге түскен Диастың өмірден ерте кетуі – орны толмас қаза. Бұл ауыр сәтте оның отбасының, жақындарының және командасының қайғысына ортақтасамыз. ҚФФ Диастың ата-анасына, туыстарына және барша жақындарына шын жүректен қайғырып көңіл айтады», – деп жазылған хабарламада.

 

Қайғылы жағдай Бірінші лигадағы «Хан-Тәңірі» мен «Екібастұз» арасындағы ойында орын алды.

Диас Төлеу ойын кезінде кенеттен есінен танып, дәрігерлердің барлық әрекетіне қарамастан, 3 сағаттан соң көз жұмды.

Айта кетейік, Диас Төлеу «Қайрат» клубының түлегі еді. Биылғы маусымда «Хан-Тәңірі» сапында 25 ойын өткізіп, 3 гол соғып, 4 нәтижелі пас берген.

 

«Қара маскадағы» жігіт ауыр дертке шалдыққан бозбалаға пәтер мен еміне қаражат берді ВИДЕО)

Коллаж: Sn.kz

Әлеуметтік желіде 19 жастағы Әлішер есімді жігіттің жан тебірентер видеосы тарады. Ауыр дертке шалдыққан жас жігіт «Маскадағы адамнан» көмек сұрап, өмір үшін күрестегі соңғы үмітін жеткізді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

 

«Дәрігерлер менің жағдайым өте ауыр екенін айтты. Осы қалпымда жүрсем, бірнеше аптадан не бірнеше айдан кейін өмірім үзілуі мүмкін деді. “Маскадағы адам”, өтінемін, маған көмектесіңізші», — дейді ол бейнежазбада.

 

Әлішердің жанайқайына бей-жай қарамаған «Маскадағы адам» ауруханаға арнайы барып, күтпеген сый жасады.

Жігіттің айтуынша, ол төрт жылдан бері бауырдың қатерлі ісігімен (карцинома) күресіп келеді. Қазір аурудың үшінші сатысында, бауырында тромб пайда болған. Әкесінен айырылған соң отбасы жалдамалы пәтерде тұрып жатыр.

 

«Дәл қазір бауырымды ауыстыру керек. Беларусь елінде операция жасатуға мүмкіндік бар, бірақ оған 80 миллион теңге қажет. Сол қаражатты жинап жатырмыз», — дейді Әлішер.

 

«Маскадағы адам» жас жігіттен ең үлкен арманы не екенін сұрағанда, ол ауыр күрсініп:

 

«Тек жазылып кетсем деймін. Кейде өзімнен сұраймын — осы уақытқа дейін босқа шыдадым ба?» — дейді Әлішер.

 

Осы сәтте бейтаныс мейірімді жан Әлішерге үлкен сый дайындағанын жеткізді.

 

«Бүгіннен бастап Алла сізге жаңа өмір сыйласа екен деп тілеймін. Мына конверттің ішінде еміңізге қажет толық қаражат бар. Ал мына кілт — өз пәтеріңіздің кілті. Бұл жаңа өмірдің бастамасы болсын», — деді ол.

 

Күтпеген сыйлыққа сенер-сенбесін білмей, көзіне жас алған Әлішер қайырымды азаматқа шексіз алғысын білдірді.