Қазақстан Дубайда өтіп жатқан GITEX GLOBAL 2025 ірі әлемдік технологиялық көрмесіне цифрлық шешімдері мен стартаптардың басын біріктірген ұлттық павильонын ұсынды. Бастаманы ҚР сауда және интеграция министрлігі QazTrade-мен бірлесіп жүзеге асыруда. Павильонда жасанды интеллект саласындағы әзірлемелерді көрсететін 20 компания бар, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Қатысушылар арасында жасанды интеллектті қолдана инсультті анықтау үшін дәрігерлерге көмектесетін Cerebra.ai және үшін, өнеркәсіп қауіпсіздігі саласында бейне-аналитика жүйесін дамытуға бағытталған BEST vision Technologie, қазақстандық білім беру сервистерін ілгерілететін BilimApp, аэроғарыштық технологиялармен жұмыс істейтін Ghalam және ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін цифрлық шешімдер жасайтын Alaqan жобалары бар. Бұл компаниялардың барлығы әлемдік нарыққа шығуға ықпал ететін QazTrade «Экспорттық акселерация» бағдарламасына қатысушылар.
Қазақстандық IT-командалар БАӘ, Сауд Арабиясы және Катардан келген инвесторлармен және технологиялық компаниялармен кездесулер өткізіп жатыр. Мемлекеттік сервистер мен корпоративтік платформаларға отандық шешімдерді енгізу талқылануда.
Көрме аясында қазақстандық TrustMe компаниясы Дубайдағы Sogdians Venture Studio компаниясымен келісімге қол қойды. Олар қазір БАӘ мен Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка (MENA) нарығындағы TrustMe ресми өкілдері болып табылады.
Сонымен қатар, Blackstone AI компаниясы Family Eight Holdings Limited (БАӘ) компаниясымен Меморандумға қол қойды. Тараптар жасанды интеллект технологияларын интеграциялау, жаңа өнімдерді бірлесіп әзірлеу және шетелдік нарыққа шығуды кеңейту саласындағы ынтымақтастық туралы уағдаласты.
«GITEX мемлекеттік делегациялар мен технологиялық корпорацияларды қоса алғанда, 170-тен астам елдің қатысушыларын біріктіреді. Көрмеге қатысу қазақстандық IT-компанияларды халықаралық нарықтарға ілгерілету үшін стратегиялық қадам болып отыр. Қазақстан шикізатты ғана емес, зияткерлік өнімдерді де экспорттайтын ел ретіндегі орнын нығайтуда. 2024 жылы Қазақстанның IT-қызметтерінің экспорты 20,3% — ға ұлғайып, 881 млн долларға жетті», – деп атап өтті Qaztrade басқарушы директоры Айнұр Әмірбекова.
Қазақстанның GITEX-ке қатысуы мемлекет Басшысының 2025 жылғы Жолдауында белгіленген басымдықтарды көрсетеді, онда ол «жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар елдің экономикалық өсуі мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің жаңа драйвері болуға тиіс» деп атап өтті.
“Шаншар” әзіл-ысқақ театрының актрисасы Күннұр Қалмырзаева ене мен келіннің бір шаңырақта тұруы қате екенін айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Бұл туралы ол “Қайықта” бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
”Келін мен ененің бір шаңырақ астында тұрғаны қате деп есептелінеді. Өзімнің жасым 50-ге келіп қалды. Құрбы, құрдастарым қыз ұзатып, келін түсіріп жатыр. Соларға “неге ұстайсың” деймін. Қазір қыздың да, ұлдың да көзі ашық, көкірегі ояу. Ол күнде интернетті, тик токты көреді. Барлығы керемет өмір сүріп жатыр. Сенің келінің ғана керемет өмір сүрмей жатыр, өйткені сен ене болып отырсың. Оны жұмсайсың, өзің қалаған нәрсені жасатқың келеді. Ал ол өзінің қалаған нәрсесімен өмір сүргісі келеді. Сенің бетіңе келіп баж дегісі келмейді. Себебі, балаңды жақсы көріп отыр. Сол себепті мен “жібер, өмір сүрсін, көрсін. Сен еңкейіп, өз өміріңді өзің жасай алмай отырған жоқсың ғой. 80,90-ға келгенде балаңның өзі жаны ашып келер. Ұстамаңдар” деймін. Менің қазіргі ойым келін мен баланы ұстамаңыздар. Өйткені, бұрын күн көре алмағандықтан бәрі бір әулетте өмір сүрген. Ал қазір күнкөріс мүлдем басқаша”, — деді актриса.
Ақтаудағы 17-шағынаудандағы №54 үйдің алдында Subaru Forester көлігі өртенді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Куәгерлер түсірген видеода бірнеше жас жігіттің жарылыстан қауіптене отырып, өртті өрт сөндіргіштермен сөндіруге тырысқаны көрінеді.
Маңғыстау облыстық ТЖД мәліметінше, 2002 жылғы көліктің мотор бөлігі жанған. Өрт сөндірушілер жеткенше тілсіз жау толық сөндірілген. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлесті. Олар Мажарстан астанасы Будапештте кездесу өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы BBC-ге сілтеме жасап.
Басылымның жазуынша, телефон арқылы сөйлесу туралы алдын ала хабарланбаған және бұл Трамптың Украина басшысы Владимир Зеленскиймен Вашингтонда кездесуі қарсаңында болған.
Әңгіме екі сағаттан астам уақытқа созылды. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың сөзінше, телефон арқылы әңгімелесуге Мәскеу бастама білдірген. Путин Трампты Израиль мен Газа арасындағы қақтығысты реттеп, Таяу Шығыста бейбітшілікті орнатқанымен құттықтаған.
«Біз Украинадағы соғыс аяқталған соң, Ресей мен АҚШ арасындағы сауда-саттық қалай болатынын ұзақ талқыладық», – деп жазды Трамп TruthSocial желісінде.
Ақ үйдегі баспасөз брифингінде АҚШ президенті ресейлік әріптесімен кездесуі алдағы екі аптаның ішінде өтуі мүмкін екенін жоққа шығармады.
«Біз Будапештте кездесеміз деп келістік. Онда Украина мен Ресей арасындағы бұл соғысты тоқтата аламыз ба, сол туралы сөйлесеміз», – деді Ақ үй басшысы.
Оның айтуынша, екі елдің жоғары деңгейдегі делегациялары келесі аптада кездеседі. АҚШ атынан делегацияны Мемлекеттік хатшы Марко Рубио бастап барады, ал Ресей делегациясының құрамы мен кездесу орны әлі нақтыланған жоқ. Содан кейін ғана президенттердің жеке кездесуі өтпек.
Трамп әңгімелесуді өте тиімді деп бағалап, оның қорытындысы бойынша айтарлықтай жетістікке қол жеткізілгенін айтты.
Танымал ММА жауынгері Қуат Хамитов Namys Fighting YouTube арнасына берген сұхбатында Қазақстан футболының қазіргі жағдайына және ұлттық құраманың болашағына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы 1bol.kz cілтеме жасап.
Спортшының айтуынша, қазақстандық футболда жүйелі дағдарыс бар, ал елде «жас буын өсіп келеді» деген әңгіме – бос үміт қана.
«Қайтадан жеңілді. Кеше маған біреулер айтып жатыр: «Қуат, сен қателесесің, жастар өсіп келеді, бәрі алда». Қайдағы жастар? Олар Андорра ма, Лихтенштейн бе, аты-жөнін де білмеймін, сондай елдерден жеңілді. Ал ол командалар алты жыл бойы жеңіске жетпеген! Кеше біздің «Қайраттық» жастарды тас-талқан етті. Сонда мен қай жерден қателестім? Барлығы жеңіліп жатыр әрі бұл енді ғана басталды», — деді ол.
Файтер футболшылардың өзін шетелдік жұлдыздармен салыстыруын сынға алды:
«Олар өздерін Еуропаның мықты елдерімен, Чемпиондар лигасында ойнайтын клубтармен салыстырғанды ұнатады. Бірақ айырмашылық мынада: олар өз халқын тонамайды. Мен Роналдуның Португалия халқының миллиардтарын ұрлап, кейін «Спортинг», «Реал» немесе «Аль-Иттихад» клубтарында ойнағанын естіген емеспін. Ондай нәрсе болмайды», — деді Хамитов.
Айта кетсек, соңғы уақытта қазақстандық жастар құрамаларының нәтижесі көңіл көншітпейді: U-21 құрамасы жолдастық кездесуде Өзбекстаннан 0:1 есебімен ұтылса, U-20 құрамасы да сол қарсыласына 1:3 есебімен есе жіберген. Бұған дейін U-21 командасы Еуро-2027 іріктеу кезеңінде Андорраға 0:1 есебімен жеңілген болатын.