All posts by qazaqtoday

Мұғалімдерге сыйлық алу үшін ақша жинауға тыйым салынды

Елордадағы барлық мектепте соңғы қоңырау 25 мамырда дәстүрлі форматта салтанатты түрде өткізіледі. Іс-шараларды өткізуге аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, төлем жасау арқылы әртістерді, жеке студияларды тартуға тыйым салынады.

Елордадағы барлық мектепте соңғы қоңырау 25 мамырда дәстүрлі форматта салтанатты түрде өткізіледі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев онлайн брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Басқарма басшысы соңғы қоңырау іс-шараларына мектептің педагогикалық ұжымы, түлектер мен олардың ата-аналары, педагогикалық еңбек ардагерлері, қамқоршылық кеңес мүшелері, патронаттық ұйымдар, мүдделі мемлекеттік органдар және басқалар қатыса алатынын атап өтті.

Іс-шараларды өткізуге аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, төлем жасау арқылы әртістерді, жеке студияларды тартуға тыйым салынады. Мерекелік үстелдерді ұйымдастыру, жалға берілетін автомобильдерді тарта отырып, қала бойынша көшпелі экскурсияларды өткізу, мектеп әкімшілігі мен педагогтерге сыйлықтарға ақшалай қаражат жинауға жол берілмейді, — деді Қасымхан Сенғазыев.

Жаңаөзенде “Өзенмұнайгаз” мердігер мекемесінің жұмысшылары 10 күннен бері ереуілдеп жатыр

Жаңаөзенде “Өзенмұнайгаз” компаниясына қызмет көрсететін «ТрубРемЦентр» мекемесінің жұмысшылары ереуілдеп жатқанына он күн болды. Олар еңбек қауіпсіздігін сақтауды, жалақыны көтеруді, өздерін қудаламауды, заңсыз жұмыстан шығарғандарды жұмысқа алуды талап етеді.

«ТрубРемЦентр» ЖШС жұмысшылары Жаңаөзендегі мекеме ғимараты алдына екі киіз үй тіккен. Олар жұмыс беруші талапқа назар аудару орнына жұмысшыларды жұмысқа шығармай, еңбекақасының жартысын ғана төлеп, мекеме құрал-жабдықтарын модернизацияламақ болғанын айтады.

— Бүгін он күн болды. 13 мамырдан бері киіз үйде отырмыз. “Өмірге қауіпті құрал жабдықпен жұмыс істемейміз” деген талапты ереуіл деп танып сотқа да берді. Не биліктен, не жұмыс беруші тараптан ешкім келмеді. 112 адам жүрміз. Бізді қорқытып, қысым көрсетіп жұмыстан шығартын басшының жұмыстан кетуін, құрал- жабдықты жаңалауын, жалақыны көтеруді талап етіп әр жұмысшы жеке арыз жазды. Ол бас прокуратураға да, еңбек министрлігіне де, жергілікті орындарға да жіберілді, — дейді осы мекеменің кәсіподақ жеткшісі Бақытжан Меретаманов.

Оның сөзінше, жұмысшылар алдымен 24 наурызда ұжымдық арыз жазып, талаптарын хатпен жолдаған. Татуласу, арбитраж комиссиялар жиыны да өткен.

— 50% жалақы төлеп “мекеме жұмысын тоқтатып, құрал-жабдықтарды жаңартамыз” деген бұйрық шығарды. Бірақ іс жүзінде ештеңе жасалып жатқан жоқ. Бізге былтыр “Өзенмұнайгаз” жұмыс ауқымын берсе жалақы көтереміз” деген, ол уәде де жайына қалды, -дейді ол.

Азаттық тілшісі “ТрубРемЦентр” ЖШС директоры Нұрлан Ищановқа хабарласқан еді. Ол жиналыста отырғанын, кейін хабарласатынын айтқанымен қайта жауап бермеді.

“ТрубРемЦентр” ЖШС “Өзенмұнайгаздың” ұңғымаларын жуу, тазалаумен айналысады. Онда 150 адам еңбек етеді.

“Маңғыстаумұнайгаз” компаниясының үңғымаларын жөндеумен айналысатын тағы бір компания “Оңтүстік Шығыс сервистік тобы” мұнайшылары да жалақы талабын қойғандары үшін қудаланып жатқандарын айтады. Олар Маңғыстау облысы әкімдігіне барып өздерін қудаламуды, жалақыларын азайтпауды сұрап жатыр.

Бұған дейін “Өзенмұнайгазға” қызмет көрсететін “Кезби” мекемесі мұнайшылары да ай бойы жұмысты тоқтатып, жалақыны көтеруді талап еткен. “Кезбидің” 26 жұмысшысы Нұр- Сұлтанға келіп еңбек министрлігі мен “Қазмұнайгаз” алдына бір апта түнеген соң, жалақыларын 20 пайызға көтеріп, еңбек келісім-шартын алуға, “Өзенмұнайгаздағы” босаған жұмыс орындарына жұмысқа алу тәрізді кей талаптарына қол жеткізген. “Кезби” мекемесі мұнайшылары 18 мамырда ереуілде тоқтатып, жұмысқа шыққан.

 

Дереккөз

Киев соты Ресей әскерінің сержанты Шишимаринді өмір бойына бас бостандығынан айырды

Киев соты Ресей әскерінің сержанты Вадим Шишимаринді қарусыз адамды қасақана өлтіріп, заң мен соғыс дәстүрін бұзғаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Азаттық басылымы жазды.

Бұған дейін Украина прокуратурасы да Мәскеу облысының Кантемировск танк дивизиясының 21 жастағы бөлім командирін өмір бойына түрмеге қамауды сұраған.

Тергеу мәліметіне қарағанда, биыл 28 ақпанда Ресей сержанты 62 жастағы бейбіт адам Александр Шелиповты басынан атып өлтірген. Бұл оқиға Сумск облысының Чупаховка кентінде болған.

Соттың соңғы отырысында Шишимарин кінәсін мойындап, жасаған әрекеттерін айтып беруге келіскен.

Азаттық радиосының Украин редакциясының жазуына қарағанда Вадим Шишимарин «қарусыз адамды неге аттың» деген судьялар сұрағына «өлтіргісі келмегенін, өзінен аулақ кетіру үшін ғана атқанын» айтқан. «Прапорщик Макеев атып таста деп бұйрық берді. Мен бас тарттым. Тағы бір әскери қызметкер атып таста деп өктем дауыспен бұйырды, әйтпесе «бізді сатып кетесің» деді. Содан соң аттым»,деп жауап берген.

Өлген адамның сотта сөйлеген жесірі Екатерина Шелипова да кінәлі сержантты өмір бойына бостандығынан айыруды сұраған, бірақ «Азовстальді» қорғаған Украина жауынгерлеріне айырбастасы қарсы болмайтынын» айтқан.

«Сержантқа Украина бекіткен адвокат сөзінше, Ресей шенеуніктері немесе Ресей Қорғаныс министрлігінің ешбір өкілі Шишимаринмен сөйлесуге тырыспаған» дейді Би-би-си.

Вадим Шишимарин ісібиыл 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіргелі Ресей жауынгерлерінің қылмысына байланысты алғаш болған сот процесі.

«Жер мен оның қойнауы халыққа тиесілі»: Олжас Сүлейменов жаңа партия құратынын айтты

Олжас Сүлейменов Алматы қаласында баспасөз мәслихатын өткізіп, жаңа партия құратынын мәлімдеді. Партия «Қазақстан халық конгресі» деп аталады.

Олжас Сүлейменов баспасөз өкілдерімен кездесу барысында жер және оның қойнауы халыққа тиесілі болуы керек екенін айтты. Сонымен қатар әрбір қазақстандыққа ұлттық ресурстардан кепілдендірілген табыс түсуі қажет.

«30 жыл бұрын халық конгресі айтқан сөзді, яғни жер және оның қойнауы халыққа тиесілі болуы керек екенін кеше Қасым-Жомарт Тоқаев қайталады», – дейді Олжас Сүлейменов.

Сондай-ақ ақын партия құратыны туралы хабарландыруға қол қойып, тиісті органға жолдағанын айтады.

Қызылағаш ауылынан азаматтық белсендінің мәйіті табылды

22 мамыр кешкісін Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылында жеке тұрғын үйдің ауласынан оқ тиген 35 жастағы ер адамның мәйіті табылды.

Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер ауылдасын өлтірді деген күдікпен 43 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Алдын ала анықталғандай, күдікті жәбірленушіні 16 калибрлі шолақ мылтықпен атып өлтірген.

Аталған жайтқа қатысты ҚР Қылмыстық кодекснінiң 99-бабы бойынша (Адам өлтіру) тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, қаруы тәркіленген.

Куәгерлердің айтуынша, олар кішкентай балалардың көзінше оқ атқан. Ratel.kz сайтының хабарлауынша, оқиға салдарынан кішкентай балалардың бірі жарақат алғанға ұқсайды.

Марқұм мен ұсталған күдікті соңғы жылдары азаматтық белсенді ретінде танылып, ауыл тұрғындарының мәселелерін айтып, жергілікті шаруаларға жайылымдық жер бөлуді талап етіп жүрген.