All posts by editor1

Президент мерзімді әскери қызметке шақыру туралы Жарлыққа қол қойды

Мемлекет басшысы «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2024 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2024 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы

«Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілер 2024 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі қатарынан запасқа шығарылсын.

2. Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі ер азаматтар 2024 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметке шақырылсын.

3. Жергілікті атқарушы органдар тиісті жергілікті әскери басқару органдары арқылы 2024 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды жүргізуді ұйымдастырсын және қамтамасыз етсін.

4. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі мерзімді әскери қызметті өткеру үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне әскерге шақырылған Қазақстан Республикасының азаматтарын жөнелтуді және мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімдерін өткерген әскери қызметшілерді шығаруды қаржылай және материалдық қамтамасыз етуді ұйымдастырсын.

5. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының

Президенті Қ.Тоқаев

Астана, Ақорда, 2024 жылғы 1 ақпан

№ 443

Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін ұрған күдікті ұсталды

Фото: Әлеуметтік желіден 
28 қаңтарда жедел жәрдем жүргізушісін ұрды деген күдікпен Нұрболат Дәкебаев қолға түсті. 5 күн тығылып жүрген қашқын қамауға алынды. Жедел жәрдем жүргізушісін ұрған күдікті бүгін ұсталған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпараттық агенттігі.

Ол Қарағанды облысындағы Бас прокуратураның үйлестіруімен құрықталған.

«Қазіргі уақытта Дәкебаев уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол айыптаған қылмыс бойынша ең қатаң жаза – үш жылға дейін бас бостандығынан айыру», — деп хабарлады Бас прокуратура.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қарағандыда ер адам жедел жәрдем жүргізушісін ұрып-соққан. Оқиға жазылып қалған видео әлеуметтік желіде тараған.

Қазіргі уақытта Дакебаев уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Легионерлер қазынаға қол салады, бірақ гол салмайды – Қазыбек Иса

Фото: akzhol.kz

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса футболдағы легионерлер мен оларға бөлінетін қаражат туралы мәселені көтерді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, біздің елде жылына футбол клубтарына 133 млрд теңге бөлінген. Оның 111 млрд-ы облыстық бюджеттен бөлінген.

 «Қазақтың қазынасына қол салады, бірақ гол салмайды. Қаражат қайда кетіп жатыр? Оның барлығы легионерлерді байытуға жұмсалып жатыр. Премьер-лигадағы 374 футболистердің 150-і легионер болды. Әлемдік чемпионатқа дайындалған кезде бокс, күрес,ауыр атлетиканың үшеуін қосқандағы қаражат футболға бөлінеді. Оның 80%-ы легионерлерге жұмсалады. Осы 30 жылда салғанымыз жалғыз стадион екен. Өзбекстан футболға екі есе аз қаржы бөле отыра 10 стадион салған», — деді ол.

 

Смағұл Елубай: Елтаңбаны насихаттаудың жаңа формасын ойлап табу керек

Фото: qazdauiri.kz

Қазақстанның Халық жазушысы Смағұл Елубай «Жаңа Адамдар» жастар қозғалысының Елтаңба туралы жүргізген сауалнамасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Қаламгердің пайымдауынша, көпшілікке мемлекеттік рәміздерді танытудың жаңаша форматын ойлап табу керек.

 «Астана мен Алматыда  500 адам Елтаңбаны танымапты дегенді естідім. Бірақ, ол сауалнамаға қатысқан адамдар кімдер? Мәселе сонда ғой. Олардың ата-анасы кім, қандай ұстаздың алдын көрді? Көркем әдебиет оқи ма, көкірек көзі ояу ма деген сауал туындайды. Рәміздегі атрибутты түсінбейміз депті кейбірі. Олай болса түсіндірейік.

Біздің Мемлекеттік елтаңбаның геральдикалық басты элементі – шаңырақ. Ол үлкен ұғымды білдіретін элемент. «Шаңырағың биік болсын», «шаңырағың шайқалмасын» деген жақсы сөз бар халқымызда. Шаңырақ – біздің Отанымыздың, ортақ үйіміздің символы. Шаңырақтан күн сәулесіндей тараған уықтары бар. Аңыздағы қанатты тұлпарлар бейнесі қандай? Елтаңбада тұтас дала мәдениеті көрініс тапқан. Сауалнамаға қатысқандардың 70 пайызы осыны түсінбесе демек, насихаты жоқ», — деді жазушы. 

Ол Елтаңба Әнұран мен Тудың көлеңкесінде қалып отыр деп санайды.

 «Бізде көбінесе Мемлекеттік Әнұран мен Туды насихаттап, дәріптейміз де Елтаңбаны ұмыт қалдырамыз. Теледидардан, радиодан Әнұранды жиі тыңдаймыз. Желбіреп тұрған көк Туды да күн сайын көреміз. Елтаңба естен шығып жатады. Сауалнамаға қатысқандардың танымай жатуының себебі де осында жатуы мүмкін.

Мүмкін Әнұран шырқалған кезде Елтаңбаны да қоса көрсету керек шығар?! Әйтеуір, жаңаша бір формасын табу керек. Жастар қозғалысы қоғамдық ойды қозғаған екен, енді осының жаңа формасын да іздеп тапсын, көрсетсін. Талқылайық, бағасын берейік. Ал, бірақ насихаттың жаңа түрін ойлап табу, соған байланысты жұмыс істеу мемлекеттік саясатымыздың негізі болуы тиіс. Мәдениет және ақпарат министрлігі осы жұмысты ұйымдастырып, қолға алғаны жөн деп білемін », – деді жазушы Смағұл Елубай.

Елімізде жаңа кәсіби мереке пайда болды

Қазақстанда жаңа кәсіби мереке пайда болды — бүгін, 1 ақпанда республика Азаматтық авиация қызметкерлері күнін атап өтеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті бұған дейін берген мәлімет бойынша, жаңа мереке туралы ұсынысты Қазақстанның азаматтық авиациясы соғыс және еңбек ардагерлерінің бірлескен кеңесі енгізген.

Азаматтық авиация комитеті бұл мерекені айқындау бойынша барлық тиісті жұмысты атқарды, ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл бастаманы қолдады. Кәсіби мереке азаматтық авиация саласындағы іс-шараларға ерекше мән береді және мемлекеттің жас авиаторларының патриоттық рухын дамытуға ынталандыру болады, – деді комитет өкілдері.