All posts by editor1

«Бұл күннің маңызы бөлек»: Балаева Ұлттық басылым күнімен құттықтады

Фото: Qazaqstan.tv

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева  Ұлттық басылым күнімен құттықтады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

«Барша әріптестерімді Ұлттық басылым күнімен құттықтаймын! Қазақ баспасөзінің тағылымға толы тарихында бұл күннің маңызы бөлек. Себебі дәл осы күні Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялыларының есімімен ұштасып жатқан «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Сондықтан, өткен жылы Үкімет қаулысымен 2 ақпан – Ұлттық басылым күні болып бекітілуінің өзіндік символдық мәні бар деп білеміз. Ұлт мүддесін қорғауда ұлттық-саяси мінберге айналған «Қазақ» газеті болашаққа деген ұлы мұрат жолында барша халықтың басын біріктірді. Ұлттық бірлік пен ынтымақтың ерен үлгісін көрсетіп, қазақ қоғамынның рухани кемелденуіне айрықша ықпал етті. Мемлекет басшысы «Отандық баспасөз еліміздің тұтастығы мен татулығын нығайту жолында елеулі рөл атқарады» деп атап өткеніндей, баспасөз қашан да ұлттың үні, мемлекеттігіміздің тұғыры іспетті», — деп жазды министр.

Мәдениет және ақпарат министрлігі мерзімді басылымдарға ұдайы қолдау көрсетіп келеді.

«1991 жылы елімізде тек 10 республикалық газет пен журнал жарық көріп, 21 теле және радиоарна эфирге шықса, 2024 жылғы қаңтардағы есеп бойынша Қазақстанда 5 804 БАҚ тіркелген, оның 3 985 – і мерзімді баспасөз басылымы, 212-і телеарна, 90-ы радио, 1 222-і ақпараттық агенттіктер және желілік басылымдар.
Газет-журналдарға жазылу ісі де оңтайландырылып, «Қазпошта» және Kaspi Bank қосымшалары арқылы онлайн-жазылу жұмыстары жүйеленді», — деді ол.

Өткен жылы аймақтардағы мерзімді басылымдарының жұмыс деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылған өңірлік БАҚ форумы биыл да жалғасын табады.

«Әлемде болып жатқан жаңа трендтерге қарамастан, мерзімді басылымдардың жөні бөлек, маңызы ерекше. Сол себепті, ұлттық медианы дамыту, бәсекеге қабілетті бұқаралық ақпарат құралдарын қалыптастыру, журналистердің мәртебесін арттыру – негізгі мақсаттарымыздың бірі. Алдағы уақытта осы бағытта бәріміз бірлесе жұмыс істей береміз деп ойлаймын. Сондықтан осы салаға қатысы бар барша қызметкерлерді Ұлттық баспасөз күнімен тағы да құттықтаймын! Сіздерге шығармашылық табыс пен сарқылмас шабыт тілеймін!», — деп жазды Аида Балаева Фейсбуктегі парақшасында.

Қазақстан UFC-де Дағыстанның орнын басып келеді

Фото: sports.kz

Аралас жекпе-жек туралы жазатын LudisChartaMMA ресурсы UFC тізімінде қазақстандық боксшылар санының көбейгенін атап өтті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Спорт шолушысы жеңіл салмақтағы дивизионға Бекзат Алмахановтың тіркелуіне байланысты жаңалыққа осындай пікір білдірді.

«Бірінші толқын Дағыстан болды. Қазір көптеген қазақстандық боксшылардың UFC-ге жолдама алып жатқанын көріп жүрміз. Осы жолы Азат Мақсұмды UFC Vegas 85 турнирінен көреміз. Шавкат Рахмонов 2024 жылы «алтынға» таласады», — деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.

Бішкектің жылу орталығында жарылыс болды

Фото: 24.kg

Бүгін түнде Бішкектегі жылу орталықтарының бірінде апат болды, деп хабарлайды 24.kg.

Алдын ала мәлімет бойынша, қазандықтардың бірі жарылған. Жарылыс себебі әзірге белгісіз.

Көптеген қала тұрғындары бүгін таңертең ыстық су тапшылығына тап болды, сонымен қатар батареялардың температурасы айтарлықтай төмендеген.

Энергетика министрлігі Бішкектегі жылу орталығында болған апатты растады.

Ведомствоның мәліметінше, бүгін түнде шамамен сағат 3.00-де ЖЭО аумағында жарылыс дыбысы естілген. Қаладағы кейбір тұрғын үйлерге уақытша ыстық су мен жылу берілмейді.

Бүгін – Мұхтар Мағауиннің туған күні

Фото: Vestisemey.kz

84 жыл бұрын (1940) ғалым-әдебиеттанушы, Қазақстанның халық жазушысы, аудармашы, қазақ фальклорын зерттеуші, филология ғылымдарының кандидаты Мұхтар Мағауин дүниеге келді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Оның әдебиет зерттеушілігі, тарихшылдығы, көсемсөзшілігі бірімен бірі кірігіп жатқан бірлікте, ажыратуға келмейтін тұтастықта көрініс табады.

Қандай тақырыпқа қалам тартса да негізгі түйіні қазақ тағдыры, ұлттық болмысы, бабалар өнегесі, ұрпақ болашағы, тіл мен діл жайындағы ойларға барып тіреледі.

Тумысынан қабілетті, талапты бала Мұхтар жасынан кітапқұмар, білімге құштар болып өседі. Барлық пәнді жақсы оқумен қатар, әдебиетке деген ынтасы ерте оянған Мұхтар мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, қазақ әдебиетінің мол қырынан сусындап, әлем әдебиетінің үздік үлгілерімен танысып үлгереді.

Кіндік қаны тамып, ержеткен жері Ұлы Абай туып, өмір кешкен өлке болғандықтан, қалыптасқан дәстүр бойынша Абай өлеңдерін ерте бастан жаттап өскені өз алдына, күні кешеге дейін атын айтуға, шығармаларын шығаруға, оқуға тыйым салынған Шәкәрім туралы ескі көз қариялар айтқан әңгімелерден біліп, оның өлеңдеріне қанық болады.

Мұхтар Мұқанұлы Мағауин — 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы оның аспирантурасын бітірген.

Еңбек жолын 1965 жылы бастайды. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-1971 жылдары «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкері болды. Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізді.

1965-1986 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасында, «Жалын» альманағында бас редактордың орынбасары, Әдебиет және өнер институтында, ҚазПИ-да аға ғылым қызметкер, доцент, «Жазушы» баспасында бас редактор қызметтерін атқарған. 1988 жылдан «Жұлдыз» журналының бас редакторы. «Кешқұрым» атты тұңғыш әңгімесі «Жұлдыз» журналында жарияланды.

Қазақ халқының көрші мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынасы тарихи-көркемдік тұрғыдан тұңғыш рет суреттелген «Аласапыран» тарихи дилогиясы 1981-1983 жылы жарық көрді. Романда қазақ ордасын Тәуекел хан басқарған тұстағы (16-17 ғғ.) қоғамдық-әлеуметтік жағдай көрініс тапқан.

Жазушы шығармаларында 20 ғасырдағы ауыл, қала тұрмысы, түрлі әлеуметтік топ өкілдерінің тағдыры психология-философия тереңдікпен көркем бейнеленген. «Қобыз сарыны»(1968) монографиясында хандық дәуірде өмір сүрген ақын-жыраулар шығармаларын (15-18 ғ-лар) жүйелі түрде талдады.

«Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай, заман-ай, заман-ай» атты ақын-жыраулар шығармаларының антологиясын құрастырып, жарыққа шығарды. Ал, «Ғасырлар бедері», «Қазақ тарихының әліппесі» зерттеу еңбектері қазақ тарихының 500 жылдық кезеңін қамтиды.

Мағауин шығармалары баспасөз бетінде алғаш рет 1959 жылы көрінді. 60-жылдары негізінен әдебиет зерттеушісі ретінде танылды. «Қобыз сарыны» атты ғылыми монографиясы жарық көрген (1968). Бұдан соңғы кезеңде көркем прозаға көбірек ден қойды. «Көкмұнар» (роман, 1972), «Бір атаның балалары», «Көк мұнар» (повестер мен әңгімелер), «Аласапыран» (тарихи роман-дилогия, 1980-1982), «Шақан Шері» (роман), «Мен» (ғұмырбаяндық роман-хамса), «Құмырсқа-қырғын» (әңгімелер), «Ұлтсыздану ұраны» (мақалалар) және тағы басқа кітаптары жарық көрген.

2002 жылы он үш томдық шығармалар жинағы басылып шықты. Көптеген шығармалары орыс тіліне аударылған, шетел тілдерінде басылған. Шығармаларында қайталану жоқ, әсіресе соңғы жылдары бұрынғы дүниелеріне мүлдем ұқсамайтын, құрылымы жағынан өзгеше шығармалары «Қыпшақ аруы», «Құмырсқа қырғын».

Чехия Республикасынан жарық көрген «Жармақ» — қазақтың екі ғасырлық тарихы мен бүгінгі психологиялық тартыстар жүйесіне құрылған романы жазушыны мүлдем басқа қырынан көрсетеді.

«Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазақстанның Халық жазушысы, Түркияның Халықаралық «Түркі дүниесіне қызмет» сыйлығының сахибы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық басылым күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық басылым күнімен құттықтады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Естеріңізге сала кетсек, дәл осы күні еліміздің баспасөз саласының бастауында тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді.

«Баршаңызды Ұлттық басылым күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Сонау 1913 жылы, дәл осы күні еліміздің баспасөз саласының бастауында тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Халқымыздың біртуар перзенттері – Алаш арыстары шығарған бұл басылым сындарлы сәттерде ұлтты ұйыстыруға айрықша ықпал етті.

Сөз бостандығына адалдығынан айнымаған басылымдар әрдайым шынайы ақпараттың және сапалы сараптаманың қайнар көзі болып қала береді. Газет-журналдар замана тынысын дөп басып, мемлекет пен қоғамдағы қордаланған мәселелерді көтереді, түрлі көзқарастағы ой-пікірлерді жарыққа шығарады. Сондай-ақ жалпы адамзатқа ортақ ізгі құндылықтарды дәріптейді.

Баспасөз қызметкерлері кәсіби біліктіліктің, отаншылдық пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Біздің басылымдарымыз халықтың бірлігін нығайтуға атсалысып, Әділетті Қазақстанды құру ісіне елеулі үлес қоса береді деп сенемін.

Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және шығармашылық шабыт тілеймін!», — делінген құттықтау хабарламасында.