All posts by editor1

Тарихи жеңіс: Қазақстан алғаш рет су спортынан алтын жүлде алды

Фото: Qazaqstan.tv

Қазақстан алғаш рет су спортынан алтын жүлде алды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Катар астанасы Дохада өтіп жатқан Әлем чемпионатында су спорты түрлерінен аралас жұптық бәсекеде өнер көрсеткен Эдуард Ким мен Наргиз Болатова Әлем чемпионы атанды.

Күміс медальді Қытай құрамасы, қоланы Мексика командасы жеңіп алған.

Бұл — Қазақстанның су спорты түрлерінен алғашқы алтын медалі.

Жетісу облысында білім бөлімінің есепшісі бюджет қаражатын жымқырған

Фото: gov.kz

Жетісу облысының прокуратурасы бюджет қаражатын жымқыру фактілерін тексеріп жатыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

«Жетісу облысы Кербұлақ ауданының білім бөлімінің есепшісі мұғалімдерге жалақы мен демалыс ақысын жоғарылатып заңсыз төлеп, сондай-ақ мүлдем жұмыс істемейтін адамдарға 34 миллион теңге жалақы төлеп, бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді», — делінген хабарламада.

Екінші бір жағдайда Сарқан ауданының әкімдігі туристік орындардағы орнатылмаған санитарлық-гигиеналық тораптар үшін 29 миллион теңгеден астам ақша төлеген.

Осы фактілер бойынша Жетісу облысы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (ерекше ірі көлемдегі жымқыру ) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

«Бұл баптың санкциясында белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», — делінген Жетісу облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Атырау облысында көлік өртеніп, екі адам қаза тапты

Фото: Атырау облыстық ПД баспасөз қызметі

Атырау облысында жол-көлік апаты салдарынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Облыстық Полиция департаментінен хабарлағандай, қайғылы оқиға 4 ақпанда сағат 15:30 шамасында республикалық маңызы бар Ақтөбе – Атырау – Астрахань тасжолының 873 шақырымында болған.

«Volvo маркалы жүк көлігінің 1958 жылы туған жүргізушісі қарсы бағытта келе жатқан Mitsubishi Outlander автокөлігіне соқтығысқан. Соның салдарынан Mitsubishi Outlander автокөлігі өртке оранып, 1964 жылғы жүргізушісі мен 1965 жылғы жолаушысы оқиға орнында қаза тапты», — делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта тиісті іс-құжаттар жинақталып, тергеу ісі басталды.

«Аударылып қал»: АMANAT партиясының мүшесі такси жүргізушісіне шабуыл жасады

Фото: Әлеуметтік желіден

Алматы облысында AMANAT партиясының мүшесі такси жүргізушісіне шабуыл жасап, машинасын тепті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік желілерде және интернет-порталдарда Алматы облысының Талғар қаласында орын алған такси жүргізушісі мен жолаушы арасындағы жанжалдың бейнежазбасы белсенді таратылуда.

«Кейбір дереккөздер жанжалға қатысушылардың бірін, яғни жолаушыны Гүлдала ауылындағы мешіттің имамы деп көрсеткен. Алайда, Алматы облысының Дін істері басқармасы видеодағы жолаушы имам болып табылмайтыны және облыс аумағында діни қызметпен айналыспайтыны туралы хабарлайды», — деді облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Әкімдіктің хабарлауынша, ашулы азамат Талғар аудандық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, партия қатарында болып шықты.

 

Тоқаев судьялардың тәуелсіздігін күшейту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды

Фото: Ақорда 

Президент Жоғары сот кеңесінің төрағасы Денис Шиппті қабылдады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысына Жоғары сот кеңесінің 2023 жылы атқарған қызметінің қорытындысы, еліміздегі судьялар корпусының қазіргі жай-күйі және алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде баяндалды.

Денис Шипптің айтуынша, Кеңес былтыр Мемлекет басшысы жүктеген бірқатар міндетті жүзеге асырған. Атап айтқанда, Жоғары сот кеңесін институционалдық тұрғыда күшейту және судья болуға үміткерлерді дайындау, біліктілігін көтеру, олардың шекті жасын ұзарту, өкілеттіктерін уақытша тоқтату немесе мүлде тоқтату мәселелерін аталған органның құзыретіне беру жұмыстары атқарылған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Кеңестің судьяларды іріктеу тәртібін жетілдіру, ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз ету жұмыстары туралы мәлімет берілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жаңадан тағайындалған судьялардың қатарын көбейту үрдісі сақталып отыр. Былтыр судья лауазымына алғаш рет ұсынылған азаматтардың саны сот жүйесінен кеткендерге қарағанда 32 адамға артық болды. Гендерлік тұрғыдан әйел судьялардың саны ер адамдармен салыстырғанда 172 адамға көп. Судьялардың орташа жас мөлшері – 46 жас, ал еңбек өтілі – 13 жыл.

Іріктеу барысында ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету үшін конкурс рәсімдерін онлайн-трансляция жасау және оның қорытындысы туралы егжей-тегжейлі түсініктеме беру тәжірибесі алғаш рет енгізілді. Сонымен қатар өткен жылы Парламент Сенатының қарауына енгізу үшін Мемлекет басшысына Жоғарғы Сот судьяларының лауазымына үміткерлер тізімі бірінші рет балама негізде ұсынылды.

Бұдан бөлек, аудандық сот төрағаларын сайлау тәртібіне жаңа элементтердің енгізілуіне байланысты Президентке судья лауазымы үшін кадрлық резерв жасақтау институтының рөлі күшейтілгені жөнінде ақпарат берілді.

Қазіргі таңда шешім шығару барысында судьялардың заңды өрескел бұзғаны үшін күші жойылған әрбір сот актісін Сот жюриінің тексеру механизмін заң жүзінде енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев судьялардың тәуелсіздігін күшейтуге және оларды сапалы түрде іріктеуге бағытталған реформаларды тиімді жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.