All posts by editor1

«1 номердің 1 тәулікке құны 280 мыңнан басталады»: Реал-Мадрид футболшылары тұрақтаған қонақ үй белгілі болды

Фото: видео скриншот

Журналист Гүлмира Әбіқай Реал-Мадрид футболшылары тұрақтаған қонақ үй туралы айтты. Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды,  деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

”Сонымен, көптен күткен аты аңызға айналған команда толық құраммен Алматыға келді. “Реал Мадридтің” нағыз табынушылары ұшақтың Мадридтен ұшып шыққан сәтінен бастап “аңдыған”. Кешікпей дер мезетте ұшты, жарты жолда келе жатыр, 1 сағаттан соң қонады деп әуе рейсін 10 сағат бақылаған көпшілік жүлдызды команданы алғашқы болып қарсы алуға таласты. Ұшақ қонғаннан отельге жеткенше футбол фанаттары сүйікті командамен толық бірге болды.

Футбол жұлдыздары Алматыдағы “Inter Continental” қонақ үйін таңдады. Борттан түскен толық құрам отельді түгел жалға алды. Мұнда алдағы 3 тәулік бойы бөтен адам кіріп-шықпайды. Интер континенталь 11 қабатты халықаралық стандарттағы қонақ үй. Мұндағы 1 номердің 1 тәулікке құны 280 мыңнан басталып, 1,5млн теңгеге жетеді.

Әлемдік аты аңызға айналған команданың Қазақстанға келуін бүкіл әлем жарыса жазуда.
Ал, енді Реал Мадридтің қанша фанаты болсаңыз да өз Қайратымызға жақтасуды ұмытып кетпеңіз”, — деп жазды журналист.

Рүстем Жүгінісовке қатысты сот үкімі шықты

Фото: видеодан алынған кадр

Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот әнші Рүстем Жүгінісовке 79 мың теңге айыппұл салды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Сотта әншінің айтқан екі пікірі қаралған.

2023 жылғы 31 желтоқсанда Жүгінісов TikTok-та «Жаңа жылды тойлау керек пе?» деген сұрақ қойып, «пайғамбар да, ата-бабаларымыз да бұл мейрамды тойламағанын» айтқан.

Екіншісі — Ақтөбедегі мешіт оқиғасы. Әнші әлеуметтік желіде тараған видеоны талқылап, онда ер адам «бір реттік неке» ұсынған қызды айыптап, әйелдердің мешітке тек әкесі не бауырының еріп баруымен келуін жөн көретінін айтқан болатын.

Сараптама мұндай пікірлер қоғамда діни алауыздық туғызуы мүмкін деген баға берген.

Осыған байланысты Астанадағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот әнші Рүстем Жүгінісовті Әкімшілік кодекстің 453-бабына сәйкес кінәлі деп танып, оған 78 640 теңге айыппұл салды.

«Жылап қайтқан күндерім де болды»: Гүлзира Айдарбекова жан сырын ақтарды (ВИДЕО)

Фото: stan.kz

Танымал продюсер, әнші Қайрат Нұртас­тың анасы Гүлзира Айдарбекова жүрекжарды жазбасын жариялады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Ол ұлының табысына жету жолында бастан кешкен қиындықтарын еске алды.

«Баяғыда әр қаланың көшелерін аралап, плакаттарымды үлкен сөмкеге салып алып, түннің бір уағында скотчпен, клеймен жабыстырып жүретінмін. Аязда қолым тоңып, жылап қайтқан күндерім де болды. Бірақ ешкімнен көмек сұраған жоқпын. Қайратты аяп қоймасын деп білдірмедім. Миымда тек ұлымның арманын орындау деген ой ғана болды», – дейді Айдарбекова.

Продюсер бүгінде еңбегінің жемісін көріп отырғанын айтып, Аллаға шүкірлік етті.

«Мейлі біреу мақтаншақ десін, бірақ менің қуанышымды жасыра алмаймын. Әрбір жетістігінде анасының еңбегі бар. Алла қабыл етіпті. Кім не десе де, тарихта қаларына сенімдімін», – деді ол.

Сондай-ақ Гүлзира ханым өткен күндерді еске алып, ата-анасы туралы да сыр шертті:

«Әкем ерте өмірден өтті. Анам жалғыз өзі сегіз баланы жеткізді. Алғаш жоғарғы оқу орнына түсе алмай ауылға барғанда, анам басымды тізесіне қойып: „Еңсеңді түсірме, Алла бақ берсін“ – деді. Сол сөзі құлағымнан кетпейді. Әр қуаныш сәтімде дәл сол дұға естіледі», – деп жазды ол.

Айдарбекова жазбасын көпшілікке ақ тілекпен аяқтады:
«Баршаңызға да Алладан бақ тілеймін».

Қанат Шарлапаев тағы бір беделді қызметінен айырылды

Фото: Cенат

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры директорлар кеңесінің құрамы өзгергенін хабарлады, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы. 

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ директорлар кеңесінің құрамы өзгергенін хабарлайды. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның (KASE тикері – SKKZ) жалғыз акционерінің 2025 жылғы 25 қыркүйектегі шешімімен Шарлапаев Қанат қоғамның директорлар кеңесінің құрамынан шықты», — деп хабарланған ресми ақпаратта.

Қоянқұста біреудің итін атып өлтірді: қаңғыбас иттерді қырып жүргендерге халық ашулы

Фото: Видеодан алынған кадр

Қоянқұс ауылында тұрғындардың көзінше қарулы адамдар көше аралап, иттерді қырып жүргені видеоға түсіп қалды. Олар тіпті бір үйдің ауласындағы итке көздеп, оқ атқан. Қақпаға оқ тиген сәтте ит шыңғырып, ауладан сыртқа атып шыққан. Бұл ауыл адамдарының ашуын туғызды. Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнында «Газель» жүк көлігі тұрған, ал кабинадан қару мен аң құсы табылған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Видео WhatsApp чатына тараған соң ауылға учаскелік полицей мен иттерді аулау қызметінің өкілі жеткен. Бірақ олар заңсыз әрекетке тоқтау салудың орнына, куәгерге қысым көрсетіп, видеоны өшіруді талап еткен. «Мұны жариялауға құқығың жоқ» деп қоқан-лоқы жасаған.

Әлеуметтік желіде пікір екіге жарылды. Бір бөлігі: «Қаңғыбас ит балаларды талағанда үнсіз қаласыңдар, ал енді шу шығарып отырсыңдар» десе, енді бірі: «Бұл – қылмыс, біреудің итін атқандар заң алдында жауап беруі тиіс» деп ашуланды. Ал кей тұрғындар керісінше «балаларды қорғап жүр» деп қарулы адамдарды қолдап шықты.

Қоғамның басым бөлігі мұны қатаң айыптап, жануарларды атқандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр. Халықты одан сайын ашуландырғаны – биліктің видеоны жасыруға тырысқаны.